Accessibility links

Жүргінші ереже бұзған әкім көлігінің алдына барып өзі құлағанын мәлімдеді


Қостанай облыстық жол полициясы басқармасы жұма күні баспасөз мәслихатын өткізіп, қала әкімінің жүргізушісі адам соқпағанын хабарлады. Екі күннен бері қазақстандық баспасөз беттерінде Қостанай қаласы әкімінің жүргізушісі қызметтік көлікпен адам қағып кеткені жайлы айтылып жатыр. Ал көлік соқты деген Бауыржан Ахметов оны жоққа шығарды.

Интернетте осы оқиғадан түсірілген бейнекөрініс те пайда болғаны белгілі.

Қостанай облыстық «Наша газета» апталығына сілтеме жасап ақпарат таратқан «Қазақстан тудей» агенттігі 22 қыркүйек күні Қостанай қаласының әкімі Жомарт Нұрғалиевтің қызметтік көлігі адам қағып кеткенін жазды. Оқиғадан түсірілген интернеттегі бейнекөріністе мемлекеттік нөмірі P 009 AA болып келетін қара джиптің қарсы жолға шығып кеткені анық түсірілген.

ЖҮРГІНШІ КӨЛІКТІҢ АЛДЫНА КЕЛГЕНДЕ ТАЙЫП ҚҰЛАПТЫ

Журналистермен жүздесуге, «көлік қақты» деп жүрген Қостанай қаласының тұрғыны Бауыржан Ахметов те келіпті. Оның айтуынша, сол күні стадионда болатын футболға асығып, жолдан өтіп бара жатқанда тайып жығылған. Алайда, «машинаға соғылған жоқпын» дейді Бауыржан Азаттық тілшісіне.

– Құлаған кезде ерінімді тістеп алып содан қан кетті. Жолдың арғы бетіндегі дәмханаға барып жуынып-шайынып ары қарай стадионға кеттім, - дейді Бауыржан Ахметов.

Тіпті қандай көліктің алдына барып құлағаны да жадында сақталмаған Бауыржан, осы оқиғаға қатысты билік тарапынан ешқандай қысым көрсетілмегенін айтады.

АМАЛСЫЗДАН ЖОЛ ЕРЕЖЕСІН БҰЗҒАН ЕКЕН

Қостанай қаласы әкімінің қызметтік көлігінің жолдың қарсы бағытына шығып кеткенін облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Елена Кашарина растады. Оның Азаттық тілшісіне мәлімдеуінше, сол күні футболға байланысты жолда көлік кептелісі болған. «Сол себепті әкімнің жүргізушісі жолдың қарсы бетіне шығып кетуге мәжбүр болды», - дейді Елена Карашина.

Баспасөз хатшысының айтуынша, жүргінші көліктің алдына 20-30 сантиметрдей жетпей құлаған.

Ал Қостанай облыстық жол полициясы басқармасы бастығының орынбасары Қайрат Ордабаев, Азаттық радиосына берген сұхбатында «Әкімнің жүргізушісі әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл салынады»,- дейді.

Бірақ ол «Оқиға кезінде қала әкімінің көлікте болған-болмағанынан Ордабаев хабарсызбын», - деп отыр. Ал интернетке тараған әуесқой бейнетаспада әкімге ұқсас адамның көліктен түсіп жолдың шетіне шыққаны түсірілген.

ЖЕТІ АЙДАН АСА УАҚЫТТА ЖИЫРМА ЕКІ МӘРТЕ ЕРЕЖЕ БҰЗДЫ

Шымкент қаласы әкімінің жүргізушісі өткен жылдық 23 қыркүйегі мен биылғы 4 мамыр аралығында жиырма екі рет жол ережесін бұзған. Бұл турасында «Алаш айнасы» газеті (14 шілде, 2010 жылы) жазған болатын. Басылымның хабарлауынша, Шымкент әкімі Арман Жетпісбаевтың (мемлекеттік нөмірі Х 070 ОК) қызметтік көлігі көшедегі бейнекамераға жиырма екі рет іліккен.

Оның екеуінде бағдаршамның қызыл жарығынан өтіп кетсе, қалғандарында жылдамдықты шектен асырып жіберген.

Бұл турасында сұраған Азаттық тілшісінің сауалына жазбаша түрде жауап беретінін айтқан Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаев, жүргізушісін ауыстырмағанын айтты.

АДАМ ӨЛТІРСЕ ДЕ АЛҒАНЫ – ӘКІМШІЛІК ЖАЗА

Үш ай бұрын, Павлодар қаласы әкімінің жүргізушісі қызметтік көлікпен адам соғып өлтірді. Әкім Бақытжан Жоламановтың жүргізушісі Иван Гардер адам соққан кезде көлікті мас күйінде басқарған.

Жол ережесін бұзып адам өлтірген жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қозғалғанымен «екі жақ ымыраға келді» деген сот Иван Гардерді әкімшілік жазаға кесіп, екі жыл көлік жүргізу құқынан айырды.
Құқыққорғаушы Павел Кочетков Евгений Жовтисті
қолдау кезінде "Заң мен сот алдында барлығы бірдей!" деп жазылған плакат алып шықты.
Орал, 12 қазан 2009 жыл.

Бұл жол апатына қала әкімі Бақытжан Жоламановтың да кінәсі бар деп түсінетін павлодарлық құқыққорғаушы Юрий Павленко, «әкім өз еркімен қызметінен кетуі керек» дейді Азаттық тілшісіне.

Естеріңізде болса, өткен жылы танымал құқыққорғаушы Евгений Жовтис пен журналист Тоқнияз Күшіков көлікпен адам қағып, соның салдарынан адам қазасына жол берілген болатын. Екеуі де тізгінде отырғанда сау болған және жәбірленуші жақтар оларға кешірім берген еде. Десе де сот құқыққорғаушыны да журналисті де төрт жылға темір торға қамады.


ӨЗГЕ ДЕ ОҚИҒАЛАР


Өткен айда Қарағандыда жол полициясының автокөлігі қаланың ортасында адам қағып кетсе, 23 қыркүйек күні Қарағанды облысының тағы бір полицейі мінген көлік велосипедпен кетіп бара жатқан 18 жастағы азаматты соғып, жас жігіт сол жерде қайтыс болды.

Апта бұрын Астанада, ішіп алып көлік жүргізгені үшін тоқтатқан жол сақшыларына күш көрсеткен туризм және спорт минитрлігі әкімшілік жұмыс департаментінің директоры Әлішер Пірметовтің үстінен кеше қылмыстық іс қозғалды.
XS
SM
MD
LG