Accessibility links

Ақырзаман туралы ресми мәлімдемелер айтыла бастады


Ресейлік ауа райын болжағыш спутник арқылы түсірілген Жер суреті
Ресейлік ауа райын болжағыш спутник арқылы түсірілген Жер суреті

Желтоқсанның 21-і жақындаған сайын ақырзаман болатыны туралы әр түрлі әңгімелер өрши түсті. Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде де ақырзаман тақырыбы жиі айтыла бастады.

Facebook әлеуметтік желісіндегі қолданушылардың әзілге сүйеген жазбаларын сол қалпында мысал ретінде беріп отырмыз.

Жұлдыз Әбділдә: «Елдің бәрі ақырзаманға дайындалып жатыр екен» деген сөз желдей есіп, оның бір ұшқыны қаңғалақтап жүріп, біздің үйге де жетті. «Ең болмаса свеча алып қояйық» дейді мама. «Мама, ақырзаман келсе, свечаны қайтпексіз?» деп жатырмын)))».

Заира Сабитова: «Осы менен басқасының бәрі ақырзаманға дайындалып алған сияқты, шпроттары мен майшамдарымен қоса) Аузым аңқиып жұртта қалам ба деген күдік туды».

Эльвира Ерғалина: «Ақырзаман бола ма, болмай ма, не боп шешілді? Жаңа етік ала берейін бе, әлде ақырзаман боп, киілмей қала ма текке?:))».

«АҚЫРЗАМАНҒА ДАЙЫНДЫҚ»

Қараша айының соңында жергілікті ақпарат құралдары елде ұн, тұз, сіріңке сияқты негізгі азық-түлік түрлеріне сұраныс күрт өскенін хабарлап, кейбір Қазақстан тұрғындарының «ақырзаманға дайындала» бастағанын жазған еді.

Ресейде де осыған ұқсас оқиғалар болған. «РИА Новости» агенттігінің хабарлауынша, Томск қаласындағы сауда орындарында құты, арақ, қарақұмық, май шам, сіріңке, блокнот, қарындаш, медициналық қобдиша, т.б. заттары бар арнайы жиынтық (бағасы - 850 рубль) сатыла бастаған.

Желтоқсан айының басында Украинаның төтенше жағдай министрлігі де ақырзаман туралы сұрап хабарласқан азаматтар қатары көбейгенін мәлімдеген.

«РЕСМИ БОЛЖАМДАР»

Ақырзаман тақырыбын саясаткерлер де айналып өте алмады.

Қызылағаш тұрғыны Қазбек Сепсуев пен төтенше жағдай министрі Владимир Божко. 24 желтоқсан 2010 жыл
Қызылағаш тұрғыны Қазбек Сепсуев пен төтенше жағдай министрі Владимир Божко. 24 желтоқсан 2010 жыл
Қарашаның 7-сі күні журналистердің сұрақтарына жауап берген Ресей премьер министрі Дмитрий Медведев жұртты «ақырзаманға сенбеуге» шақырып, «жаңа жылға дайындалу» керек екенін айтты.

Желтоқсанның 11-і күні Қазақстанның төтенше жағдай министрі Владимир Божко ақырзаманның болмайтынына кепілдік беретінін айтып, жұртты сабырға шақырды.

Дәл осы күні Қазақстанның мұсылмандар діни басқармасы ресми сайты арқылы мәлімдеме таратып, "бәрі бір Алланың қолында" екенін айтып, көпті алып-қашпа әңгімелерге сенбеуге шақырған.

АҚЫРЗАМАН ТУРАЛЫ БОЛЖАМНЫҢ ПАЙДА БОЛУЫ

Ақырзаман тақырыбының қозғалуына бірнеше болжам түрткі болып отыр. Солардың ішіндегі ең негізгісі – майя күнтізбесі.

Майя күнтізбесі Мексиканың Табаско штатындағы Тортугеро қаласынан 1958 жылы табылған. Ақырзаман туралы болжамдарға түрткі болған ескерткіштің биіктігі – 190, көлемі – 55, ені – 6 сантиметр. Артефакт - VІІ ғасырдың мұрасы.

Майя күнтізбесі
Майя күнтізбесі
Майялардың күнтізбесіне сәйкес, біздің жыл санауымызға дейінгі 3114 жылы (неліктен дәл осы сәттен басталуының нақты себебі белгісіз) басталған жаңа дәуір 5126 жылы, яғни қазіргі күнтізбемен айтқанда 2012 жылы желтоқсанның 21-і күні аяқталады.

Америкалық зерттеуші Раймонд Хандли өзінің «2012 жылы ақырзаман бола ма?» атты еңбегінде «майялардың күнтізбесі бойынша ақырзаман 2012 жылы 21 желтоқсанда болады» деген тұжырымды ең алғаш американдық антрополог Роберт Шарер жасағанын жазады.

Шарердің тұжырымын бірнеше автор қайталағаннан кейін бұл болжам көпке тарала бастаған. Ал бұл болжамды одан әрі танымал етіп, кітап жазған америкалық антрополог Майкл Коу «Майя мәдениеті мен қолжазбасын жақсы зерттегені үшін» Гватемаланың жоғарғы құрметіне ие болған.

"АҚЫРЗАМАН БОЛА МА?" ӘЛДЕ "ЕСКІ ДӘУІР АЯҚТАЛЫП, ЖАҢАСЫ БАСТАЛА МА?"

Америкалық зерттеуші Раймонд Хандли «2012 жылы ақырзаман бола ма?» атты еңбегінде майя мәдениетін зерттеп жүрген ғалымдардың тұжырымын келтіріп, осы сұраққа жауап табуға тырысқан.

Хандлидың жазуынша, майялар уақытты жоғарыдан төмен қарай созылған сызық күйінде емес, шеңбер күйінде елестетіп, күнтізбесін шеңбер формасында түзген. Олардың ойынша, күнтізбе бітпейді, тек «кезеңдер мен құдайлар» өзгеріп отырады.

«Майяны зерттеушілер Линда Скель мен Дэвид Фрейдель бірігіп жазған «A Forest of Kings» атты еңбегінде он үшінші бактунның (дәуірдің) аяқталуы ақырзаман болатынын нұсқамайды, бірақ бұл мерзімнен кейін әлем тарихы үлкен өзгерістерге ұшырайтынына меңзейді. Егер майя құжаттарын осы тұрғыдан түсіндіргенде, 2012 жыл - жаңару, адамзаттың жоғалуы емес, дәуірдің жақсаруы болып шығады» деп жазады Хандли.

Ал ғалымдардың келесі бір тобы майя күнтізбесінде «ақырзаман болатыны» жайлы нақты жазылмаса да, соған нұсқайтын белгілер бар деп есептейді.

Хандлидың жазуынша, майя күнтізбесінің ең ескі қолжазбаларының бірі Германияның Дрезден қаласында сақталған.

«Майя сарапшысы профессор Николай Грубе Дрезден кодексін көп жылдардан бері зерттеп келеді және құжаттың ең соңғы бөлімінде ақырзаман болатыны туралы ескертулер бар деген қорытынды жасайды. Оның айтуынша, қара бұлттар, найзағай, шелектеп жаңбыр құюы және планеталардың бұзылуы соған нұсқайды».

Ал зертеуші Раймонд Хандли өзінің кітабында майяға қатысты бөлікті былайша қорытындылаған: «...Олар (майя - ред.) пайғамбар емес, астроном болған, олардың 2012 жылы желтоқсанның 21-і күні ақырзаман болады деген «дәлелдерін» басшылыққа алу қисынсыз».
Майяның ақырзаман болады дегенін басшылыққа алу қисынсыз.


2012 жылы мамыр айында BBC телеарнасы Гватемалада тағы бір жаңа майя күнтізбесі табылғанын, оған сәйкес «адамзаттың әлі кемінде екі мың жыл өмір сүретінін» хабарлады.


НАСАНЫҢ МАЙЯ ТУРАЛЫ МӘЛІМДЕМЕСІ

АҚШ-тың ұлттық ғарыш агенттігі НАСА-ның ресми сайтында майя күнтізбесіне қатысты былай жазылған:

«Ас үйде ілініп тұрған күнтізбеңіз желтоқсанның 31-і болмай алынбайтыны сияқты майя күнтізбесі де 2012 жыл желтоқсанның 21-і болмай алынбайды. Сіздің күнтізбеңіз қаңтардың 1-інен қайта басталса, бұл - сол сияқты майя күнтізбесіндегі ұзақ кезеңнің аяқталып, басқа кезең басталатын күн» делінген сайтта.

КҮН ДАУЫЛДАРЫ ҚАЙТАЛАНУЫ МҮМКІН БЕ?

Ақырзаманның 2012 жылы болатыны туралы әңгімелердің қозғалуына "күн дауылы" туралы деректер де түрткі болып отыр.

Ғалымдардың жазуынша, тарихта ең күшті "күн дауылы" 1859 жылы қыркүйек айында болған. Күн бетінде болған күшті жарылыстардың салдарынан Жерде күшті геомагниттік толқындар өрістеп, Еуропа мен Солтүстік Америкада телеграфтар істен шығып қалған. Аспан бетіндегі шұғыланы әлемнің кез-келген бөлігінен көруге мүмкін болған. Оның әсері қатты болғаны соншалық, алтын іздеушілер түн уақытында таң атты екен деп оянып алып, «таңғы астарын» іше бастаған деп жазды сол кездегі ақпарат құралдары.

Америкалық зерттеуші Раймонд Хандлидың жазуынша, 2010 жылы НАСА ғалымы Масуми Дикпати және оның зерттеу тобы бұл құбылыстың 2012 жылы қайталануы ықтимал екенін, бірақ енді одан да күштірек болуы мүмкін екенін болжаған.

Поляр шұғыласы. Канада. 3 қыркүйек, 2012 жыл
Поляр шұғыласы. Канада. 3 қыркүйек, 2012 жыл
Ал қараша айында НАСА ресми сайтында Күннен аса қатты қауіп жоқ екенін мәлімдеді.

«Күн белсенділігінің тұрақты циклдары бар және ол шамамен 11 жыл сайын шарықтау шегіне жетеді. Күн бетіндегі ондай жарқылдардың салдарынан спутниктік байланыс үзіліп қалуы мүмкін. Бірақ инженерлер күн дауылдарына төтеп бере алатын электронды құрылғыларды қалай жасау керегін ойластырып жатыр. Бірақ нақты 2012 жылмен байланысты қауіпті болжамдар жоқ. Күн белсенділігі жоғары болатын келесі кезең – 2012-2014 жылдар. Онда да бұрынғысынан аса қатты айырмашалығы болмайды, орташа күн циклы болады» делінген сайтта.

НАСА ғалымдары Жер Нибиру немесе Х планетасымен соқтығысуы мүмкін деген болжамдарды да жоққа шығарды.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG