Accessibility links

Астананың түбіндегі ауылда жол жоқ, су тапшы


Қоянды ауылының тұрғындары құдықтан су алып жатыр. Ақмола облысы, 6 тамыз 2013 жыл.
Қоянды ауылының тұрғындары құдықтан су алып жатыр. Ақмола облысы, 6 тамыз 2013 жыл.

Астана қаласының маңындағы Қоянды ауылының тұрғындары ауыз су сапасыз, жол мүлдем жоқ екенін айтады. Әкімдіктен үміт үзген тұрғындар құдық қазып, алты көшеге тас төсеп алған.

Қоянды ауылына 2006 жылы Алматы облысы Ұйғыр ауданынан көшіп келген Тоқтар Мәсімхан жер сатып алып, төрт жыл пәтер жалдап жүріп үй салғанын айтады.

«ЖОЛҒА ӨЗІМІЗ ТАС ТӨККІЗІП АЛДЫҚ»

«Баспанам жайлы болғанымен, ауылдың жолы өте жайсыз» дейді Тоқтар Мәсімхан. Ол кісінің айтуынша, әкімдік тарапынан көмек болмаған соң көршілерімен бірігіп, көшелерін өздері жөндеп алған.

– Жол шамамен 500 метр болатын шығар. Жолдың екі жағындағы отбасылар тұтас 10 мың теңгеден ақша шығардық. Барлығына 150 мың теңгедей кетті. Тас төккізіп, оны жайдырдық. Сөйтіп, осы жолды жақсылап жасап алдық. Қазір Қояндының басқа көшелеріндегі көліктер де осы жолмен жүріп жатыр. Бұл жол бәріне рахат болды. Бәрі жүргесін төгілген тас басылып жатыр, – деді Қазақстанға Қытайдан оралған азамат Тоқтар Мәсімхан.

Ол қыстыгүні көршілер бір-екі мың теңгеден ақша жинап, көлік жалдап, өздері тұрып жатқан көшедегі омбы қарды күрететіндерін де әңгімеледі.

«ҚҰДЫҚТЫҢ СУЫН ІШІП ОТЫРМЫЗ»

Азаттық тілшісімен сөйлескен Қоянды тұрғындары ауыз судан да тапшылық көретіндерін айтты.

​2003 жылы Ресейден Қазақстанға оралған, 2006 жылы Қояндыға көшіп келген Құдамбай Есбердинов – ауласынан құдық қазып, алты метр тереңдіктен шыққан суды ішіп отырған тұрғындардың бірі.

Құдамбай Есбердинов. Ақмола облысы Қоянды ауылы, 6 тамыз 2013 жыл.
Құдамбай Есбердинов. Ақмола облысы Қоянды ауылы, 6 тамыз 2013 жыл.
– Осында келгелі су мүлде жоқ. Тіпті, жоспарда да жоқ. Уәде де бермейді. Мен құдық қазып алдым. Осы суды қайнатып, тамаққа, кір жууға пайдаланамыз. Енді не істейміз, – дейді Құдамбай Есбердинов.

Тұрғындардың айтуынша, құдық қаздырту үшін 100 мың теңге қажет.

Қояндыда ішуге жарамды таза ауыз су бір жерде ғана бар. Бірақ ол су сатылады. Мұны ауыл әкімдігі орналасқан үй жанындағы су шығаратын қондырғы маңында үлкенді-кішілі ыдыс ұстап, кезекте тұрған жұртпен сөйлескенде көрдік. Көлігі бар не шамасы келетін тұрғындар күнделікті ішетін суды осы жерден сатып алып (100 литрі - 10 теңге), тасып ішеді екен.

– Бұл – Қоянды кентіндегі таза су шығаратын жалғыз орын. Жұмыс таңертең 8-де басталып кешкі 9-ға дейін жалғасады. Бұл жерден кент тұрғындары жыл бойы су алып ішеді. Өйткені құдықтың суы ауыз су ретінде пайдалануға жарамайды, – дейді су қондырғысының операторы Сергей Морозов.

Қоянды ауылындағы су сататын орын мен кей үйлердегі құдық суының сапасын мына видеодан көре аласыз:

Қоянды ауылы ауызсуға зәру
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:42 0:00
Жүктеп алу

Оның айтуынша, «су шығаратын орын «Целиноград су арнасы» мемлекеттік коммуналдық мекемесіне қарайды, су сатудан түскен қаржы сол мекемеге өткізіледі».

«ТЕК ҚОЯНДЫҒА ҒАНА ОСЫНША АҚША БӨЛІП ЖАТЫР»

Ауылдағы су мен жол мәселесінің шешілмеу себебін білу үшін Қоянды ауылдық округінің әкімі Қайролла Тәшетовке хабарластық.

Әкімнің айтуынша, «қаржының жоқтығынан көптен бері шешілмей жатқан ол шаруаларға үкімет тарапынан биыл көп көлемде ақша бөлінген».

Қояндының әкімі ауылдағы ауыз су мәселесін шешу үшін 750 миллион теңгенің жобасы жасалғанын айтты.

Тұрғындар төсеген жол. Қоянды ауылы, 6 тамыз 2013 жыл.
Тұрғындар төсеген жол. Қоянды ауылы, 6 тамыз 2013 жыл.
– 2014 жылы осы қаржының 250 миллион теңгесі жұмсалады. Бұл жұмыстар бір аптаның ішінде басталуы тиіс, – деді Қайролла Тәшетов.

Оның сөзінше, Қояндыда электр қуатының жайы да шешілмек: «Бұл шаруаға биыл 1миллиард 500 миллион теңге қарастырылған. Оған қоса 300 миллион теңге электр сымдары мен бағандарын алуға жұмсалмақ».

– Целиноград ауданында 55 ауыл бар. Соның бәріне мұндай ақша бөлініп жатқан жоқ. Тек Қояндыға бөлініп жатыр. Биыл 1 мың 200 орындық жаңа мектеп пен балабақша қолданысқа берілді. Ал ауыл ішіндегі жолдарды «қаржы бөлінгенше батпақта жүрмес үшін мүмкіндіктеріңізге қарай өздеріңіз жөндесеңіздер» деп тұрғындарға өтініш айтқанбыз. Соның арқасында алты көшеге тас төселді, – деді Ақмола облысы Целиноград ауданы Қоянды ауылдық округінің әкімі Қайролла Тәшетов.

Оның сөзіне қарағанда, «Қоянды ауылына кіретін тас жолды жөндеуге 274 миллион теңге бөлінген. Жол жөндеу жұмыстары биыл тамыз айының ортасында басталады. Оған қоса тағы 41 миллион теңге жаңадан салынған балабақшаға қарай жол салу үшін берілген».
XS
SM
MD
LG