Accessibility links

Батыс дәстүріндегі қарсылық әндер


Маңғыстау облысының көрінісі
Маңғыстау облысының көрінісі
Батыс Қазақстан аймағына тән дәстүрлі әндер саяси қарсылығы аз болса да, әлеуметтік трагедияны сипаттайтын соны теңеулерге толы. Басқа өңірлерде сирек кездесетін әйелдер шығармашылығы да осы өлкеге кең тараған.

Музыка зерттеушісі Ерлан Төлеутай қазақ даласының батыс өңірінде дәстүрлі ән жан-жақты дамыды деп айтуға келмейтінін, өйткені бұл өңірдегі қарсылық күй арқылы жеткізілгенін айтты. «Қазанғаптан бастап Құрманғазы, Диналардың күйлерінің қай-қайсысында да қарсылық сарыны аңғарылып тұрады» деп санайды ол.

Батыс ән дәстүріндегі қарсылық мотивтерін шолып отырғанда аңғарғанымыз – бір-екі әнмен ғана ел есінде қалған ерекше есімдер болған. Оның үстіне ол әндердің көпшілігі автордың атымен аталады екен. Мәселен, «Аманғалидың әні», «Қисаның әні», «Ауқаттың әні», «Әлиманың әні», «Ажардың әні», «Көбеннің әні», «Өтеғалидың әні» деп кете береді.

Музыка зерттеушісі Ерлан Төлеутай. Алматы облысы, 26 мамыр 2012 жыл.
Музыка зерттеушісі Ерлан Төлеутай. Алматы облысы, 26 мамыр 2012 жыл.


Бірақ бұл әндердің қай-қайсысы да Арқа немесе Жетісу дәстүрінде айтылатын қарсылық мәндегі әндерден өзгеше. Әндердің негізгі мазмұны - сүйгенінен айрылып қапыда сан соғып қалған, болмаса әлеуметтік келеңсіздіктерге наразылық іспетті.

«СОҢЫМА НЕГЕ ТҮСТІҢ БӘРІҢ БІРДЕЙ»

Батыс өңіріндегі ән дәстүрін сөз еткенде ең алдымен ауызға түсетіні – Аманғалидың әні.

Музыка зерттеушісі Ілия Жақанов өзінің «Үзілген ән» атты еңбегінде

«Аманғалидың артында:

Мен өзім Аманғали атанамын,
Байлардан таңдап-таңдап ат аламын.
Кешегі көрген түсім душар болса,
Асылы, осы күзде шаталамын, - дейтін өксікті ән қалды. Ұзақ жылдар бойы жұрт Аманғали есімін атаудан жасқанып келді» деп жазады.

Сайыңнан сайғақ құрлы сая таппай ,
Мен бір жан қуғын көрген Арқадағы, - деп өткен Мәдимен тағдырлас Аманғали да өзінің артында қалған жалғыз әнінде:
Ілия Жақанов, қазақ композиторы. Жазушылар Одағы вебсайтынан алынды
Ілия Жақанов, қазақ композиторы. Жазушылар Одағы вебсайтынан алынды

– Қолымда бір қамшым бар сәліңгірдей,
Атандым елге тентек кәдімгідей.
Бір тентек ел ішінде жүрмей ме екен,
Соңыма неге түстің бәрің бірдей, - деп қашқынның күйін кешкен сәтін ән етеді.

– Ақ мылтық алты қарыс ата алмадым,
Қайғы жеп қараңғы үйде жата алмадым.
Үйіне Отарғалидың екі барып,
Айуанды өлтіруге бата алмадым, - деуі Мәдидің «Үшқара» әніндегі:

– Көзімнен аққан жасты тыя алмады,
Асығып саптамамды кие алмадым.
Ит туыс, қанша айтқанмен қиын екен,
Атуға Қақабайды қия алмадым, - деген жолдарымен үндесіп жатыр.

Аз ғұмырының тең жартысы қуғында жүріп, ақыры 1927 жылы ату жазасына кесілген Аманғали артында қалған бала-шағасын әнге қосып:

– Шоқытып шауып шықтым ақ шағылға,
Қалампыр талшын түйдім ақ шалыға.
Біздерге бұл дүниеде бала қайда,
Қиямет қосылармыз мақшарыңда , - деп жүрекке қатқан шеменін әнмен ағытқан.
Аманғалидің әні
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:14 0:00
Жүктеп алу


«ӘМІРХАН ҚОЙДАН КЕЛІП БАЙПАҚ ЖАЙСА»

Батыс ән дәстүріндегі бір ерекшелік – әйел адамдардың атымен сақталған әндердің Арқа мен Жетісуға қарағанда көптігі. Қазақстанның батыс аймағында кең тараған әндердің бірі - «Әмірхан» немесе «Ажардың әні». Академик Ахмет Жұбанов ән тарихы туралы: «Сұлу Ажар кешкітұрым кішкене бөбегін алдына алып, мезгіл-мезгіл көзін айырмай қарап отырып, зарланып, әндетеді» деп жазады «Замана бұлбұлдары » атты еңбегінде.

– Атым Ажар болғанда, сіңлім Ғайша-ау,
Баса алмаймын аяқты жорға тайша-ау.
Қайнайды зығырданым қай-қайдағы,
Әмірхан қойдан келіп байпақ жайса.
Батыс Қазақстанның дәстүрлі әндерінің белгілі орындаушысы, әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің құрметіне шығарылған ҚазПошта маркасы. 2009 жыл
Батыс Қазақстанның дәстүрлі әндерінің белгілі орындаушысы, әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің құрметіне шығарылған ҚазПошта маркасы. 2009 жыл

Ой-хой, дүние,
қайран күнім-ай
қор болған өмір-ай, - деп басталатын ән мәтінінен әйелдің әлеуметтік теңсіздікке деген ішкі қарсылығының запыран болып төгілгенін аңғарасыз.

– Әмірхан неғып жүрсің қойың жимай,
Мен жүрмін қайын атамның көңілін қимай.
Он аяқ, отыз қасық көжеңді ішіп,
Жатасың кең төсекте кеудең симай, - деп сол дәуірдегі тұрмыстық тауқыметті нақты суреттеген келіншектің мұңды әнінің мазмұны – қалың малға сатылған әйел теңсіздігі мен әділетсіздікке байланысты.

Бірде «Ажардың әні», енді бір де «Әмірхан» болып айтылатын бұл әннің авторы – Ажар.
Ажардың әні
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:32 0:00
Жүктеп алу

Осы өңірге тән әндерді тыңдап отырып, қазақтың ғұрыптық жанрынан (сыңсу) бастау алған жырлардың мол екенін аңғарамыз. Мәселен, «Ақбөбек», «Жадаукөк», «Зұлқияның әні», «Әмірхан».

Жоғарыда сөз болған осы әнмен сарындас, батыс аймағында кең танымал тағы бір ән Білек есімді халық композиторы шығарған «Соқыр қыздың әні».

Жолаушы атың семіз желетұғын,
Көз барма мен байғұста, ой, Алла-ау, көретұғын.
Шамшырақ екі көзден айрылған соң,
Құрбы жоқ шақырсам да, ой, Алла-ау, келетұғын.

Алдында мұңын шағып Білек отыр,
Тәңірден екі көзін тілеп отыр.
Шамшырақ – екі көзден айрылғасын,
Білегің осы күні жүдеп отыр, - деп келетін әннің әуенінен өкпе-реніш пен мұңды анық сезіне аласыз.

Білектің артында қалған осы зарлы жыр мен «Ажардың әнінен» адамның жан дүниесіндегі күйзеліс пен зарлы күйін музыкалық тіл арқылы жеткізудің ұқсас тәсілдері байқалады.
"Соқыр қыздың әні"
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:00 0:00
Жүктеп алу


«ЖАДАУКӨК»

Музыка зерттеушісі Ілия Жақанов «Жадаукөк» – махаббатпен басталып, қайғы-шермен аяқталған, кешегі Ақбөбекпен болған тамаша сәттердің бәрін сағындыра еске салатын, соны мұңайып, қайғырып, шерлі көкірекпен толғайтын өте ауыр ән» деп жазады.

Ақбөбек жерленген қазақтар зираты тегістеліп, орнына cалынған саябақ. Иран. Горган қаласы.
Ақбөбек жерленген қазақтар зираты тегістеліп, орнына cалынған саябақ. Иран. Горган қаласы.
– Қайыңдыдан ән салдым құлаттырып,
Қызыл шарқы ойнадық лақтырып.
Жадаукөк
Қайтейін қалқа, амал жоқ, - деп басталатын ән әуелгі сәттен-ақ әншінің көкірегіндегі зар-запыранын аңғартады.
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:51 0:00
Жүктеп алу
Ілия Жақанов жоғарыда аталған мақаласында Қайып пен Ақбөбектің басындағы ғашық хәлді айшықтау үшін:

– Бейопа, мейірімсіз дүние-жалған,
От болып көкірегімде қайнайды арман.
Анаңнан сізді тапқан айналайын,
Беймезгіл сіз бір аққу ұшқан қолда, - деген Естайдың Қорланынан тірідей айырылғанындағы айтқан сөздерін келтірген.

Ілия Жақанов «Қайып пен Ақбөбектің ақиқатын айтатын кез келді» атты мақаласында: «Қайыптың өлеңдері, әндері Ақбөбекке арналғанымен, онда өзінің қиын тағдыры, өмірі айтылады» дейді.
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:51 0:00
Жүктеп алу
XS
SM
MD
LG