Accessibility links

Сот мұғалім Сағидуллаеваның арызын қанағаттандырды


Жаңатұрмыс ауылы мұғалімі Айман Сағидуллаева (оң жақта) мен оның соттағы қорғаушысы Маржан Аспандиярова (сол жақта). Алматы облысы, Қаскелең қаласы, 5 қыркүйек 2016 жыл.
Жаңатұрмыс ауылы мұғалімі Айман Сағидуллаева (оң жақта) мен оның соттағы қорғаушысы Маржан Аспандиярова (сол жақта). Алматы облысы, Қаскелең қаласы, 5 қыркүйек 2016 жыл.

Қыркүйектің 5-і күні таңертең Алматы облысы Қарасай аудандық сотында судья Айгүл Жаңбырбаева Жаңатұрмыс ауылы мұғалімі Айман Сағидуллаеваның мектеп директорына қарсы берген шағымын қанағаттандырды.

Бүгінгі сот отырысы төрт-бес минут қана болды. Судья Айгүл Жаңбырбаева «Жаңатұрмыс мектебі директоры Нүсіпбекованың мұғалім Айман Сағидуллаеваға ескерту жарияланғаны туралы 19 мамыр 2016 жылғы бұйрығының күші жойылсын» деген шешімін оқып, кетіп қалды.

Мұғалиманың жеңісі
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:11 0:00
Жүктеп алу

Мұнан соң сот үкімін тыңдауға келген азаматтық қоғам өкілдері Айман Сағидуллаеваны және бірін-бірі құттықтап жатты. Азаттық тілшісіне Сағидуллаеваның өзі «Сот шешіміне ризамын, сот әділ өтті деп ойлаймын» деді. Ал өзіне қарсы түскен арыз бойынша сотқа қатысқан мектеп директоры Бекжан Нүсіпбекова «сот шешімі талқылауға жатпайды» деп қысқа жауап беріп, сот залынан жылдам шығып кетті.

Азаттықтың сот залынан түсірген видеосы:

АҚСАҚАЛДАР ЖИЫНЫНАН БАСТАЛҒАН ДАУ

Айман Сағидуллаеваның мектеп директорының өзіне ескерту берген бұйырығына қарсы арызы бойынша сот тамыздың 18-і басталған еді. Айман Сағидуллаеваға «педагогикалық әдеп қағидаларын сақтамағаны үшін» ескерту мамырдың 19-ы күні берілген. Осы күні Жаңатұрмыс ауылы мектебінде ақсақалдар алқасының жиыны өтіп, онда мұғалім Айман Сағидуллаеваның тәртібі қаралған.

Сол жиыннан кейін Алматы облысы Қарасай ауданы Елтай ауылдық округі ақсақалдар алқасы төрағасы Халида Қойшығұлов «Айман деген мұғалім оқытушылардың мектепте газетке жазылуына, мектептің айналасын тазалауына қарсы екен. Мұғалімдерді үгіттеп, ондай жұмыстарға шығартпайды екен. «Соны ортаға алып, жөнге салайық, ақылымызды айтайық, келіңдер» деді. Жап-жас бала екен. Бірнеше рет бізді тыңдамай далаға шығып кетті. Жиналысымыз аяқсыз қалды» деген еді.

Ал мұғалімнің өзі жиыннан соң Азаттық тілшісіне «мұғалімдердің мені қолдайтыны [оларға] іріткі салу болып көрінеді» деген болатын. Ал сотта Сағидуллаева «Ақсақалдар алқасының жиыны негізінде маған ескерту беруі заңсыз. Ақсақалдар алқасы - қоғамдық ұйым, мемлекеттік мекемеге келіп, мұғалімнің мәселесін талқылауға құқығы жоқ» деп мәлімдеген.

Айман Сағидуллаеваның сотында отырған Алматы облысы Қарасай ауданы Жаңатұрмыс ауылы мектебінің директоры Бекжан Нүсіпбекова (сол жақта) мен қоғамдық белсенділер. Алматы облысы, Қаскелең қаласы, 5 қыркүйек 2016 жыл.
Айман Сағидуллаеваның сотында отырған Алматы облысы Қарасай ауданы Жаңатұрмыс ауылы мектебінің директоры Бекжан Нүсіпбекова (сол жақта) мен қоғамдық белсенділер. Алматы облысы, Қаскелең қаласы, 5 қыркүйек 2016 жыл.

Тамыздың 18-і күні басталған соттың бірнеше отырысына Азаттық тілшісі де қатысты. Сотта Айман Сағидуллаеваның құқығын қорғаған, жарыссөзде «бұл істің қарапайым еңбек дауы екеніне» судья назарын аудартуға тырысқан Маржан Аспандиярова мектеп директорының сотты саясиландыруға тырысқанын ескертіп:

- Сағидуллаеваға берілген ескертуде «ақсақалдар алқасы жиынында педагогикалық әдеп қағидаларын сақтамағаны үшін» деп жазылған. Ал сот кезінде мектеп директоры Бекжан Нүсіпбекова «Айман Сағидуллаева президент Нұрсұлтан Назарбаевқа тіл тигізді» дегенді шығарды. Оған «мамырдың 21-іне өткізу көзделген, билік рұқсат етпеген қарсылық жиынына бармауы керек еді» дегенді қосты. Сөйтіп ескерту шын мәнінде мүлде басқа себептермен берілгені түсінікті болды. Судья мектеп директорының кейінгі уәжін емес, ескерту қағазында көрсетілген уәжін ғана қарауы тиіс, - деген болатын.

Мектеп директоры Бекжан Нүсіпбекова сот кезінде Айман Сағидуллаева «президент Нұрсұлтан Назарбаевқа тіл тигізді», «қарсылық шеруіне бармауы керек еді» деп, мұғалімнің «мектеп директорының да ар-намысына тигенін», оған ескертуді заңды түрде бергенін мәлімдеді.

«МҰҒАЛІМНІҢ ЖЕҢГЕНІН БІРІНШІ РЕТ КӨРДІМ»

Айман Сағидуллаеваны талқыға салмақ болған Қарасай ауданы ақсақалдарынан сот шешімі шығар күні ешкім келмеді. Бірақ өткен сот отырысына келген ақсақалдардың бірі Асылбек Қожанов «ақсақалдар алқасының әкімдік жанындағы қоғамдық ұйым ғана екенін» ескерткен болатын.

Сот үкімі оқылғаннан кейін кешігіп келген Маржан Аспандиярова судьяның сотты саясиландырмай, шағымда көрсетілген мәселелер аясында ғана шешім қабылдағаны дұрыс болғанын айтты.

Айман Сағидуллаеваның сотына қатысқан колледж мұғалім Толғанай Қабдығалиева. Алматы облысы Қарасай ауданы Қаскелең қаласы, 5 қыркүйек 2016 жыл.
Айман Сағидуллаеваның сотына қатысқан колледж мұғалім Толғанай Қабдығалиева. Алматы облысы Қарасай ауданы Қаскелең қаласы, 5 қыркүйек 2016 жыл.

Сот үкімін тыңдауға келген, өзін «колледж мұғалімі» ретінде таныстырған Толғанай Қабдығалиева «мұғалімнің өз құқығын қорғап мектеп директорын сотқа бергенін және сотта мұғалім жеңіп шыққанын бірінші рет көріп тұрғанын, бұл соттың мұғалімдерге сабақ болатынын» айтты.

Алматы облысы Қарасай ауданы Жаңатұрмыс ауылы мектебінде қазақ тілінен сабақ беретін мұғалім Айман Сағидуллаева 2015 жылы мектеп ұстаздарына өздерінің тікелей міндеттерінен басқа да артық жұмыстар жүктелетіні жөнінде мәселе көтеріп танылған еді. Оның әлеуметтік желідегі жазбалары мен жергілікті БАҚ-тағы мақалаларынан кейін әлеуметтік желі қолданушылары сол тұстағы білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповті мұғалімді қудалауды тоқтатуға ықпал етуге шақырып, қол жинаған.

Айман Сағидуллаева жер мәселесі жөнінде мамырдың 21-і күні өтеді деген қарсылық шеруіне қатысатыны туралы Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбасы үшін полиция бөліміне жеткізіліп, прокуратура өкілі оған ескерту жасаған болатын. Мұнан соң ол қарсылық жиынына қатыспады.

Сағидуллаева сабақ беретін мектептің директоры Бекжан Нүсіпбекова мен Қарасай аудандық білім бөлімінің өкілдері Азаттық тілшісімен бейресми сөзінде оның мектеп ішіндегі мәселелерге байланысты дау шығарғаннан кейін қоғамдық жұмыстардан босатылғанын, қазір тек өз сабағын берумен ғана шұғылданатын айтқан.

Айман Сағидуллаева қатысқан бағдарламаның бірі (2015 жыл, шілде)

XS
SM
MD
LG