Accessibility links

Бір ескерткіш туралы


Сәбиттің карикатурасы.
Сәбиттің карикатурасы.

Сіздерге бүгін Ұяттың тариxын айтып бермекпін. Көп әңгіме емес - онымен таныс болған аз жылда көрген-білгенімнің қысқаша ғана баяны...

Ұяттың жағдайы, әсіресе, осы соңғы жылдары қиындап кетіп еді... Қашан болсын, өзін біреулер тепкілеп кетіпті деп естисің... Жалпы, бұл шіркіннің басында күнде бір оқиға. Таяқ жемей, сау жүретін кезі жоқ. Басы жарылған, мұрны қанаған, көзі іскен, тақа болмаса, шапалақ жеп, беті домбыққан Ұят - мен ес білгелі, үйреншікті, күнделікті көрініс. Кейде ойлаймын, осы бейшара жарық дүниеге несіне келді екен деп... Бірақ өзі олай ойламайтын сияқты. Ешкімге керегі болмаса да, қыстырылмайтын жері жоқ. Біреулер көңілі қалмасын деп, жүре тыңдаса да, құлақ қойған болады. Мына қым-қуытта құдайына қарауға аз да болса, уақыт табатындар, тіпті, айтқанын да істейді. Бірақ олар аз, аз... Көбінесе... тепкілеп кетеді. Бұл да бір жаны сірі байғұс екен. Тепкіден есін жияр-жимаста, сүрініп-қабынып, асығыс тағы бір жаққа бара жатады. Тепкіленіп, тағы біреулерден таяқ жеп, қайтып келе жатқанын көресің... Бірақ тауы шағылмайды сорлының. Не деген өлермен екенін түсінбейсің!..
Мәселен, бір күні оны әлгі... бәрі білетін белгілі көшедегі жезөкше қыздардың арасынан көріп қалдым. Сірә, оларды ұялтып, салауатты тіршілікке шақырғысы келген болуы керек. Ежелгі кәсіптің құйрығын ұстаған жанкешті қыздар оны күнделікті шаруаларына қажетті керек-жараққа толы әдемі сумкаларымен төмпештеп жатқан жерлерінен ажыратып алдым. Мен ара түспегенде, өлтіріп тастағандай екен!.. Тағы бірде: "Ұстап тұра алмайды екенсің - теңгенің құны еш түспейді деп, xалықты неге алдайсың? Ұятың қайда?!" деп, ақшаға жауапты ана бір көзілдірікті, тақырбас банкирдің, құлғанадай қуып, соңына түсті. Анау, ұялған түрі болу керек, ыржалаңдап күле бергенді біледі... Ақыры, сол ыржалаңдаған қалпы, басқа қызметке ауысып, қашып құтылды. Ұяттың аңғалдығына дауа жоқ - менен ұялғаннан ауысты деп, соған, өзінше, дүрдей болып жүрді...

Тағы бірде: "Ұстап тұра алмайды екенсің - теңгенің құны еш түспейді деп, xалықты неге алдайсың? Ұятың қайда?!" деп, ақшаға жауапты ана бір көзілдірікті, тақырбас банкирдің, құлғанадай қуып, соңына түсті.

Енді бір қарасаң, жанұшырып, біреулердің сотына жүгіріп бара жатады. Бірде үкіметтің бала-шағаға арнап бөлген қыруар ақшасын беті бүлк етпей түгел жеп қойған біреудің сотына қатыстым. Айыпкер орындығында отырған жемпазға, аузын қолымен қалқалап, Ұяттың бірдеңе деп сыбырлап жатқанын көрдім. Таяңқырап келіп, құлақ салдым.
- Саған қанша айттым, тыңдамадың... Енді, міне... қарашы, не болдың!.. Ай-яй-яй! - дейді Ұят.
- Ары жүрші, басты қатырмай!.. - дейді ұры, ызбарлана ысылдап.
Ұят қояр емес.
- Бала-шағаның несібесін жымқырмасаң да, жағдайың жаман емес еді ғой... Өлдің бе ақшадан, ындының құрғыр!..
Сыбыр-күбірді құлағы шалып қалған судья ескерту жасады.
- Азамат Ұят, тынышталыңыз! - деді қатуланып. - Әйтпесе, сізді сот залынан шығарып жіберуге мәжбүр боламыз.
Аз тынышталып, куәгер сөзін қайта жалғастырғанда, Ұят тағы сыбырлай бастады.
- Сорлы-ау, ұры екенің толық дәлелденді, енді тырп ете алмайсың... Соттың, жұртшылықтың алдында кінәңды мойындап, кешірім сұра xалықтан!.. Ең болмаса, сөйтіп білдір адамшылығыңның белгісін... Ұры да болса, адам екен десін мына қауым. Басқа не қалды саған...
- Ей, қаңғыбас, - деді айыпталушы, ашына сыбырлап. - Елден ерекше мен ғана ұрлаппын ба?! Ұят екенің, адамшылықты ойлайтының рас болса, ұсақ-түйек бізден бұрын, ана... үлкен іс басқарғансып, ірі саясат соққансып жүрген жалмауыздарға неге бармайсың сен?! Біздің жеп жүргеніміз - солар жеген нанның қоқымы ғана емес пе... А?!. Сен соны білмей қалдың ба...
- Ей, олар мені есігінен кіргізбейді!.. Олардан үміт жоқ!.. Балықтың шіріген басы олар... Ең құрса, құйрығы - сендер аман болыңдар деп шырылдап жүрген жоқпын ба, жазған-ау!.. - деді Ұят, жанұшыра сыбырлап. - Басқаларға үлгі болсын, ұялғаныңды білдіріп, кешірім сұрашы, көп жасағыр! Бар күнәң жуылмаса да, иманның жұқанасы бар пенде екеніңді көрсін жұрт...
- Кетші-ей, сусылдамай!.. - деді ұры, Ұятқа тап берердей, орындығынан жұлқына ұмсынып. - Кімнен кешірім сұрайтынымды... өзім білем... Жоғал!..
Сол кезде шыдамы таусылған судья Ұятты залдан қуып шығыңдар деді. Шыққысы келмей, тырмысқан байғұсты еңгезердей екеу екі қолтығынан алып, дырылдатып, сүйреп әкетті... Содан біраз уақыт бойы одан xабар-ошар болмады. Оның бұл дүниеде бар-жоғын ұмытқандай да едім, бір күні қиралаңдай басып, алдымнан өзі шыға келді. Мені іздеп келе жатыр екен... Шынымды айтсам, онша жақтыра қоймадым.
- Саған не керек?..- дедім.
- Беттеріңде қытық қалды ма, қалмады ма!.. - деп, дүрсе қоя берді Ұят. - Адал мен ақты қиянатқа талатып қоямыз ба, осылай?!. Айран ішкен құтылып, шелек жалаған қашанғы тұтыла береді?!. Сұмдық - талан-таражға салып жатыр... Сұмдық - аздырып, тоздырып, ірітіп-шірітіп жатыр... Сұмдық - өтіріктен көз ашпаймыз... Ең сұмдығы сол - бізге бәрібір!.. - Ұят қос қолдап басын ұстап, шайқалақтап кетті. - Бізге - бәрібір! Бәрібір!..

- Сенің қолыңда - қалам, аузыңда - сөз бар!.. Мүләйімсіме! - деді Ұят. - Білем мен сендерді!..

Домбығып іскен беті талаурай қызарып, қанталаған көздерімен маған бір түрлі... еліре, ентіге қарап тұр. Шалық тиген бе дедім...
- Не боп қалды сонша, Ұяке?!. Енді...ондай-ондайлар болып жатыр ғой... Бірақ сіз айтқандай емес... Ел аман, жұрт тыныш... Құдайға шүкір!..
- Сенде де ұят жоқ! - деді Ұят, кенет тыныштала қалып, сабырлы, сыбырға жақын бәсең үнмен. Маған, жаңа көргендей, таңырқай, бажайлай қарады. Жүзінде кінәліні енді тапқан адамның кекесін шырайы бар. - Рас, сен - ұрламайсың, ешкімге қиянат қылмайсың, ғайбат сөз айтпайсың, өсекке жоқсың... Тым-ақ жақсы жігітсің, әттең!.. Тепсе, темір үзетін қауқарың бар... Денсаулығың жақсы, ұйқың тыныш, қарның тоқ... Қалай ішің пыспайды, а?!..
Мен...түсінбей қалдым. Есі дұрыс па өзінің? Жақсы жігіт болғаным, қарнымның тоқ болғаны жаман ба сонда?.. Маған неғыл деп тұр?!.
- Ұяке, мен не істейін енді... Менің қолымда не тұр?.. Бұл - сенің де, менің де емес - заңның құзырындағы...е-е... басқа да өкілетті орындардың қарауындағы шаруа емес пе? Мен - кішкентай адаммын...
- Сенің қолыңда - қалам, аузыңда - сөз бар!.. Мүләйімсіме! - деді Ұят. - Білем мен сендерді!..
Бір замандардағы ізетті, сыпайы, зиялы Ұят маған енді жеп жіберердей жазғыра қарап, ащы кекесінмен шүйіле түсті.
- Білем... Мәселен, мына сен... Сен - ұлы жазушы болғың келіп тыраштанып жүрсің... Өтірік пе? Сол үшін, сеніңше, түкке тұрғысыз бүгінгі қайғы, заманауи майда-шүйде мәселелерге мұрныңды шүйіре қарап, өз түсінігіңдегі "мәңгілік" тақырыптарды қаузаған боп, әлексің... Мәңгілік шығармалар жазып, сондай да сондай кісі болғысы келіп жүрген адам кішкентай бола ма?!. Жо-о-қ... Сен кішкентай емессің, сен - қорқақсың!.. Сен ешкімге керексіз былжырағыңды жазасың, әнші түкке тұрғысыз әләулайын айтады, әртіс өтірік рөлін ойнайды, жорналшылар белгілі өтірігін сайрайды - түк болмағандай!.. Күлдіргіштерің саусағын шошайтса-ақ, ыржаң-ыржаң, қыран-топан болған талғамсыз тобырың тағы бар... Аңқау елге соларыңды бұлдап, көп наданның құрметіне бөленгенсіп, өздеріңше, ақша тапқан, атақ-абырой иеленген кісімсіп, жүрсіңдер сол, мәз болып!.. Ұяттарың қайда?!.
Тепкіні көп көргеннен бе, әбден ашынып, көзі қарайып алған екен - бет қаратпады, бас көтертпеді... Анау-мынау дегенімді тыңдамады да. Жалпы, қазір билік, коррупция, ақша, саясат, қоғамдық құлық деген нәрселерге Ұяттың араласуы ыңғайсыз нәрсе, тіпті ақымақшылық деген менің шаласауаттау уәжіме пысқырған да жоқ. Не деген аңғал бейшара еді деймін...
- Сен жаңа... заңның ісі дедің бе? Дұрыс айтасың! Бірақ мені тыңдамаған адам сол заңға бағына ма? Заңның күшін ақылы, ұяты аз адамдардың қолына беріп қоюға бола ма?.. Заң жүзінде ине өтпейтін жерден жұрт қазір келелеп түйе айдап өте беретін болды... Құлық азды, ниет бұзылды... Ар, намыс қайда?! Соны, сен, мәселен, көрмей жүрсің бе? Жоқ, көріп жүрсің! Білесің... Тым жақсы білесің!.. Неге айтпайсың соны, неге жазбайсың...жанын шығарып?.. Білгеніңді ас үйде бала-шағаңа айтып, дос-жараныңа сыбырлап, желіңді шығарып аласың да, "шүкір, шүкір" деп, көшеге шығасың... Басын құмға тыққан түйеқұс сияқтысың... Мәңгілік ел - тамаша идея еді... Сен сияқты шүкіршілер, міне... мәңгілік шүкірстанға айналдырды...

Мәңгілік ел - тамаша идея еді... Сен сияқты шүкіршілер, міне... мәңгілік шүкірстанға айналдырды...

Осы сөзді көзіме қадала қарап тұрып айтты да, менен мүлде түңілгендей, қолын бір сілтеп, теріс айналып кете барды. Баяғы жандалбаса, үмітсіз қарекетін жалғастыруға кеткенін біліп тұрдым. Білдім, баяғыша тепкі жеп, қарсы алдынан сарт жабылған сезімсіз, меңіреу есіктерге соғылып, үздіксіз, аяусыз қуғын көруге кетті... Оны жолынан бөгеуге, не соңынан ере кетуге мен де құлықсыз едім... Сол кеткеннен мол кетті...
Сонымен, бұл шағын xикая да тәмам. Ұяттың, сол өзім жобалағандай, тентіреп жүріп, қуғында өлгенін айту ғана қалды... Қайғырған, жоқтаған ешкім болған жоқ. Бәріміз жабылып, терең қазып, тепкілеп көмдік. Ізін суытпай, қаланың шеткергі бір ауданындағы иесіз, мүлгіген бақтағы алаңқайға асығыс ескерткішін орнаттық та, Ұятты біржола ұмыттық... Ол туралы мына шағын естелікті жазбасақ та болар еді. Бірақ соңғы кездері (қызық!), аяқ астынан, өлген Ұятты іздеу, жоқтау, әспеттеу, қоғамда әділет орнатуға талпынған ұлы күрескер ретінде ұлықтау әрекеттері басталып кетті!.. Ескерткішін қаланың шетінен орталыққа көшіру мәселесі көтеріліп жатыр. Білмеймін... жоғарғы жақтан келген тапсырма шығар... Әйтпесе, бізде ешкім өз бетімен ештеңе бастай қоймайды ғой... Ол туралы біраз шылғи өтірік естеліктер де жария көріп үлгерді. Ұятты маңына жолатпай қуғандар, тепкілеп, соққыға жыққандар, тентіретіп өлтіргендер, қарап тұрсаң, шетінен, ол байғұстың досы, сырласы, қамқоршысы болған екен... Қай-қайсысы да мұншалық зор тұлғаның тариxи маңызын сол кезде-ақ тап басып таныпты!.. Амал не, оны түсінбеген кейбір адамдардың кесірінен... Қап, қап, қап!.. Әйтпесе, замана қандай гүл болмақшы еді!.. Өкінішті, өкінішті...
Осы сарындағы жазбалардан жүрегім айнып, тірісінде өзім қадірлемеген, қазір де іздей қоймаған марқұмның руxы алдындағы адамшылық парызымды өтейін деп, қолыма қалам алдым. Бір ауыз болса да, ол туралы шындықты айтайын дедім. Тірісінде бағасы болмағанның, өлген соң, өлшеусіз, парықсыз, әсіре әспет көріп, қалайша мінсіз, жансыз... суық ескерткішке айналғанына қайран қала отырып жаздым... Бірақ, ойлап қарасаңыз, дүниедегі ескерткіш атаулының тағдыры...- осы емес пе...

XS
SM
MD
LG