Accessibility links

Өзбекстан қазағы: Баланы қазақ мектебіне бермей жатқан – өзіміз


Өзбекстанда тұратын қазақ ғалымы Қамбар Піскентбаев. Сурет жеке мұрағаттан алынды.
Өзбекстанда тұратын қазақ ғалымы Қамбар Піскентбаев. Сурет жеке мұрағаттан алынды.

Өзбекстанда тұратын этникалық қазақ Қамбар Піскентбаев ол елдегі қазақ мектептері жабылып жатқанын айтады.

Азаттық тілшісі Өзбекстанда тұратын этникалық қазақ, инженер-ғалым Қамбар Піскентбаевты Алматыда өткен халықаралық тоғызқұмалақ чемпионатында жолықтырды. Оның айтуынша, тоғызқұмалақ ойыны бойынша Өзбекстан қазақтары «әлі мақтанарлық дәрежеге жетпеген, әзірге тек үйреніп жүр».

Ташкентте тұратын қазақ ғалымы Азаттыққа берген сұхбатында Өзбекстандағы қазақтардың тұрмысы жайлы әңгімеледі.

Азаттық: – Қамбар мырза, әуелі өзіңіз жайлы қысқаша мәлімет берсеңіз.

Қамбар Піскентбаев: – Мен 1957 жылы Ташкент облысы Қыбрай ауданында тудым. Сол жерде мектепті қазақша бітірдім. Ташкенттегі ирригация және мелиорация институтын қызыл дипломға аяқтадым. Әр жылдары Өзбекстанның орта және жоғары білім министрлігінде қызмет атқардым, колледж басқардым. Қазір ирригация институтында доцентпін.

Азаттық: – Өзбекстандағы қазақтардың тыныс-тіршілігі, әлеуметтік жағдайы қандай?

Қамбар Піскентбаев: – Өзбекстанда шамамен 1 миллион 200 мың қазақ тұрады. Ұлттық мәдени орталық бар. Ол 1992 жылы ашылған. 15 жылдан бері сол орталықта қоғамдық негізде жұмыс атқарып келемін.

Азаттық: – Қазақтар негізінен қай аудандарда тұрады?

Өзбекстандағы қазақтар наурыз мерекесін тойлап жатыр. Ташкент, 21 наурыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет)
Өзбекстандағы қазақтар наурыз мерекесін тойлап жатыр. Ташкент, 21 наурыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Қамбар Піскентбаев: – Барлық аудандарда бар. Бірақ Ташкент пен Науаи облысында көбірек шоғырланған. Мысалы, Ташкент облысында 500 мыңдай қазақ бар.

Азаттық: – Қазақ газеттері, телеарналары бар ма? Қазақша ақпараттарды қайдан аласыздар?

Қамбар Піскентбаев: – Елде «Нұрлы жол» деген жалғыз республикалық қазақ газеті бар.

Азаттық: – Қазақстандағы «Нұрлы жолмен» байланысы жоқ па?

Қамбар Піскентбаев: – Байланысы жоқ. Бұрындары бұл газет «Достық туы» деп аталған. Қазір «Нұрлы жол» деп аталады. Газет аса үлкен емес. Өзбекстан жоғарғы мәжілісіне қарайды. Үкімет тарапынан аптасына үш рет шығарылады. Ашық сатылмайды. Тек жазылым бойынша ғана. Күнделікті қазақша сол газетті оқимыз. Сосын өзбекше газеттерді оқимыз.

Азаттық: – Күнделікті өмірде отбасыңызда қай тілде сөйлесесіздер?

Қамбар Піскентбаев: – Қазақша сөйлесеміз. Ана тілімізде сөйлейміз. Бұл жағынан ешқандай қысым жоқ.

Азаттық: – Қазақстанмен байланыстарыңыз қалай?

Өзбекстандағы қазақтар көкпар тартып жүр. Паркент, 22 қаңтар 2015 жыл. (Көрнекі сурет)
Өзбекстандағы қазақтар көкпар тартып жүр. Паркент, 22 қаңтар 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Қамбар Піскентбаев: – Оқу мәселесі бойынша Алматыдағы жиындарға қатысып тұрамын. Біз жыл сайын Өзбекстанда тұратын қазақ балаларын Қазақстанға дайындық курстарына жібереміз. Негізінен Шымкентке барады. Институт оқытушылары балаларды іріктеп қабылдайды.

Азаттық: – Жылына қанша бала жібересіздер?

Қамбар Піскентбаев: – Нақты санын айта алмаймын. Бірақ жүзден көп. Жоғары оқу орнына түсіп жатқандары көп. Қазақстан тегін оқытады. Дайындық курсында 15 мың теңге стипендия беріп оқытады. Тамыздан кейін, қыркүйек-қазан айларында қабылдайды.

Азаттық: – Өзбекстандағы қазақ мектептерінің жағдайы қалай?

Қамбар Піскентбаев: – Қазір қазақ мектептері жабылып жатыр. Бұрындары қазақ тілінде 800-ден астам мектеп бар еді. Қазір таза қазақ тілінде оқытатын 520 мектеп қана қалды. Өзбек үкіметі ешқандай қысым көрсетіп жатқан жоқ. Өзіміздің қазақтар балаларын қазақ мектептеріне бермей жатыр. Себебі мектепті бітіргеннен кейін әрі қарай латынша [әліпбимен] оқу керек. Колледж бен жоғары оқу орны – латын қарпінде. Ал біздің балалар кириллицамен оқиды ғой. Әрі қарай жалғастырып кету қиын болады. Сондықтан мен бір кездері дүниежүзі қазақтарына ортақ әліпби керек екенін айтқанмын. Бұл – күрделі мәселе.

Азаттық: – Өзбекстандағы қазақ жастары туралы не айтасыз?

Қамбар Піскентбаев: – Өзбекстандағы қазақ жастарының тек өздеріне ғана тән жеке проблемалары жоқ. Жоғары оқу оқимын десе де, жұмыс істеймін десе де, барлық мүмкіндіктері бар. Ташкентте институтта сабақ беремін. Қазақ балаларының көрсеткіші жақсы. Мысалы, біз үйде 10 баламыз. Онымыздың тоғызы жоғары оқу орнын бітірген. Ішімізде медицина қызметкері де бар, заңгер де бар, мен сияқты инженер де бар. Өзімнің төрт балам бар. Үшеуі жоғары білімді. Үшеуі де Қазақстанда тұрады.

Азаттық: – Қазақстанға көшу ойыңыз жоқ па?

Қамбар Піскентбаев: – Менен осыны көп сұрайды. Егер жайлы болса, жылы орнымнан қозғалып неғылам. Қазақстанға келсем, көп қазақтың бірі боламын немесе оралман боламын. Ал ол жақта мен Қамбармын, сый-құрметім бар, ғылыми дәрежем бар, жұмысым бар, араласатын адамдарым бар.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет!

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG