Accessibility links

ВИЧ індеті Оңтүстік Қазақстанға Өзбекстаннан таралды деген пікір екіұдай күйінде қалып отыр


Облыста балалар мен аналар өлімінің артуы аймақтағы тұрғындардың көбін Өзбекстан емханаларына қаралуға мәжбүр еткен. Алайда жергілікті басшылар тұрғындардың ВИЧ індетін осы елден жұқтырғанын айтады.

Мамандар дипломатиялық жанжалдың өршіп кетуінен қауіптеніп, биліктің бұл пікірін нақтылауға асығар емес.
12 қаңтарда алматылық КТК телеарнасы Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйене отырып, 2008 жылы Оңтүстік Қазақстанда өмір есігін ашқан 75 мың сәбидің 2 мыңы шетінеп кеткенін мәлімдейді. Босану кезінде 24 әйел өлген. Елдің оңтүстік аймағындағы аналар мен сәбилер өлімінің мұндай жоғары көрсеткіші 2007 жылмен салыстырғанда, үштен бір есеге артқан, - деп ескертеді мамандар.

Оңтүстік Қазақстандағы медициналық қызмет көрсету деңгейінің төмендігінен оңтүстіктегі тұрғындар көршілес Өзбекстанның емханаларына жиі қарала бастаған.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Уәлихан Қайназаровтың айтуы бойынша, бұл аймақтағы тұрғындардың ВИЧ індетін жұқтыруына алып келген:

- Бізде Өзбекстанмен байланысты мәселе күрделі. Біз бүгінде сізге ашық түрде: індетті балалар мен ересектер көршілес республикадан жұқтырды деп айта аламыз. Біз бұл туралы бұған дейін айтпай келдік, ал қазір айтуға мәжбүрміз.
Алайда 13 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау департаменті облыс әкімінің орынбасары айтқан мәліметті жоққа шығаруға асықты.

Оңтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау департаментінің баспасөз хатшысы Айжан Омарова Азаттық радиосының тілшісіне телефон арқылы былай деді:

- Аймақта ВИЧ індетін жұқтырғандардың саны өсіп отыр. Оның себебі бұл облысқа еңбек мигранттары көптеп келеді. Алайда сізден бұл ретте Өзбекстанға ерекше қадалмауыңызды сұраймын. Себебі еңбек мигранттарының арасында басқа да көршілес республикалардан келгендері де бар. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Уәлихан Қайназаровтың мәлімдемесі шындыққа жанаспайды.

Оңтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау департаментінің мәліметі бойынша, клиникалық негіздемелерге сүйене келе, аймақтағы ВИЧ індетін жұқтыру шетелдік азаматтардың және ВИЧ індетін жұқтырғандармен қарым-қатынаста болғандардың есебінен таралып отыр.Бұл қатарда сонымен бірге есірткі заттарын пайдаланушылар мен түрмеде отырғандар да бар.

2006 жылы Оңтүстік Қазақстанда аналар мен балалардың жаппай ВИЧ індетін жұқтырғаны белгілі, кейбір бақылаушылар, індетті жұқтырған балалардың арасында Өзбекстандағы медициналық мекемелерде клиникалық тексеруден өткендері де бар екенін айтады.

Сол кезде кейбір бақылаушылар аймақтағы балалардың ВИЧ індетін көршілес республикалардан жұқтырғаны анық екенін айтқанда, денсаулық сақтау департаменті ол айтылғандарды жоққа шығарып еді. Оңтүстік Қазақстандағы үкіметтік емес «Сенімді тірек» ұйымының жетекшісі Валентина Скрябина да жергілікті биліктің пікірімен келіспейді. Скрябина Оңтүстік Қазақстан облысы ресми өкілдерінің бұл анықталмаған ақпараты дипломатиялық қарым-қатынасқа сызат түсіруі мүмкін деп есептейді:

- Әрине, аймаққа көрші елдерден, оның ішінде Өзбекстаннан көптеген жұмыс күші келуде. Сонымен бірге оралмандар да келуде. Біздің тұрғындарға ВИЧ індеті еңбек мигранттарынан және аймаққа келген шетелдіктерден ғана жұқты дегенмен келіспеймін. Еңбек мигранттары аймаққа көп жағдайда денсаулықтарының жалпы жағдайы туралы анықтамамен келеді немесе Қазақстан территориясында тексеруден өтеді. Бірақ бұл көп жағдайда еш жерде айтылмайды. Сондықтан да мен ВИЧ індетін жұқтыру тек еңбек мигранттары есебінен артып отыр дегенмен келіспеймін,- дейді Скрябина.

Сонымен қатар, Скрябинаның айтуынша, Өзбекстанның ресми өкілдерінің елдегі ВИЧ індеті мен СПИД жайында ақпаратты құпия ұстауы, көрші елдер бақылаушыларының өз азаматтарының індетті тек қана Өзбекстан емханаларынан жұқтырды деген болжамын үдетіп жіберуі мүмкін. Бұл жөнінде «Сенімді тірек» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Валентина Скрябина былай дейді:

- Өзбекстанның ВИЧ індеті мен СПИД бойынша үкіметтік емес ұйымдарының өкілдерімен жиі кездесіп тұрамыз. Олармен өзара диалогқа баруға және Өзбекстандағы ахуал туралы көбірек білуге болады. Алайда көрші республиканың ресми органдары, әсіресе Өзбекстанның республикалық СПИД орталығы кімге де болса жабық күйінде қалып отыр. Сондықтан да ВИЧ індеті мен СПИД бойынша Өзбекстанның мемлекеттік органдарының ұсынған мәліметі шындыққа жанаспайды. Мен олар нақты мәліметтерді айтудан қорқады деп ойлаймын, өйткені өзбек жағының ресми өкілдері барлық кездесулерде үнсіз қалады. Осының өзі көрші республикалар бақылаушыларының жағдайды тереңірек бағамдауына қиындық туғызуда.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Балаларды СПИД-тен қорғаймыз» қоғамдық қорының жетекшісі Қанат Әлсейітов Азаттық радиосының тілшісіне берген сұхбатында Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының ВИЧ індетін көрші Өзбекстаннан жұқтыруы мүмкін деген ақпаратты жоққа шығаруға болмайтынын айтты:

-Қазір ВИЧ індетін Қазақстаннан тыс Өзбекстаннан жұқтырған, екі республиканың аралығындағы шекарада тұратын ата-аналар мен балалар да пайда бола бастады. Бізде аурудың көрші республикадан жұққанын айқындайтын дәлелдер бар. Мұндай жағдайлар бізде ондап кездеседі. Олар шығу ошағына немесе Оңтүстік Қазақстандағы аналар мен балалардың жаппай ВИЧ індетін жұқтыруымен де байланысты емес. Біз бүгінде тергеу жұмыстарын жүргізудеміз, себебі ата-аналар тек көрші республикада емделгенін айтып сендіріп отыр. 2007 жылдан бастап аймақтың барлық медициналық мекемелерінде қанды қатаң бақылауға алып отыр, сондықтан да, менде Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындары ВИЧ індетін көрші Өзбекстаннан жұқтырды ма деген күмән бар,- дейді Қанат Әлсейітов.

Ол сонымен бірге Азаттық радиосына тағы да: Оңтүстік Қазақстанның жергілікті емханаларында да сапалы медициналық қызмет көрсетілетінін айтып, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек екенін ескертті.

AzattyqTV

АҚШ-ты көру арманы

Ағылшын тілін 72 жаста оқу

XS
SM
MD
LG