Accessibility links

Курамшин 2012 жылы екі ай ғана еркіндікте жүрді


Ольга Колтунова - Вадим Курамшинның анасы. Алматы, 31 мамыр 2013 жыл.
Ольга Колтунова - Вадим Курамшинның анасы. Алматы, 31 мамыр 2013 жыл.

Құқық қорғаушы Вадим Курамшин сотта жеңіп, 2012 жылы тамыздың соңында түрмеден шықты. Екі айдан кейін оны 12 жылға қайта соттады. Саяси тұтқынның анасы «Вадимге берілген халықаралық сыйлықты алу үшін Парижге баруға ақша жоқ» дейді.

Саяси тұтқынның анасы Ольга Колтунованың айтуынша, жоғарғы сот шағымына қатысты оң шешім қабылдамаса, Вадим Курамшин БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетіне шағымданбақ.

Түрмедегі тұтқындардың құқын қорғаумен танылған 39 жастағы Вадим Курамшин үшін 2012 жыл қиын жыл болды. Ол «бопсалау» бабы бойынша айыпталып, қаңтардың 23-і күні Жамбыл облысында тұтқындалды.

Құқық қорғаушы Вадим Курамшин Азаттық редакциясында. Алматы, 31 тамыз 2012 жыл.
Құқық қорғаушы Вадим Курамшин Азаттық редакциясында. Алматы, 31 тамыз 2012 жыл.
Тамыздың 28-інде алқа билер ақтап, ол түрмеден шықты. Еркіндікке шыққан үшінші күні, яғни тамыздың 31-інде Курамшин Азаттық радиосының Алматы бюросына келіп, онлайн-конференция өткізді.

– Оны 28 тамыз күні сот залынан босатқанда «дүниеге тағы бір келгендей болдым-ау» деп қатты қуанып еді, – дейді сотта ұлының қоғамдық қорғаушысы болған Ольга Колтунова.

КӨРІҢІЗ: Вадим Курамшиннің онлайн-конференциясы

Вадим Курамшинді екі айдан кейін қайта қамауға алды. Бұл жолғы ресми уәждің бірі – елден кетпейтіні туралы қолхат бергеніне қарамастан, ол Қазақстаннан сыртқа шыққан. Курамшин қазан айында Варшаваға барып, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) конференциясында билікті сынап баяндама жасады.

Қазанның 31-інде Курамшинді Петропавлде қайта тұтқындап, дереу этаппен Таразға жөнелтті. Ал желтоқсанның 7-сінде оны бұрынғы іс бойынша соттап, 12 жыл түрмеге кесу туралы үкім шығарды. Ол үшінші рет түрмеге түсіп, екі рет жазасын өтеді.

СОТ СЕРГЕЛДЕҢІ

Бірінші сотта алқа билер «бопсалау» бабы бойынша Курамшинді кінәсіз деп тапқанымен, оны «өктемдік көрсетті» деп айыптады. Тамыздың 28-інде ол бір жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сот оның жыл басынан бері қамауда отырғанын «бір жыл еркіндігі шектелді» деп есептеп, сот залынан босатты.

Бірақ 2012 жылдың 31 қазанында прокурордың қарсылық шағымын қараған Тараздың аппеляциялық соты Вадим Курамшинге шыққан жеңіл үкімнің күшін жойды. Сол күні кешкісін ол өзі тұратын Петропавл қаласында тұтқындалды. Арнайы жасақтың автоматпен қаруланған, беренді кеудеше, маска киген сарбаздары Курамшин тұратын пәтерге шабуыл жасап, оны қамауға алды. Екі күннен кейін ол Петропавл қаласынан Таразға этаппен жөнелтілді.

Желтоқсанның 7-сі күні соттың жаңа құрамы Вадим Курамшинді «бопсалау» бабы бойынша айыптап, 12 жылға соттады.

– Еңсесі түсіп, басы салбырап кетті. Ештеңе деген жоқ, ал мен еңіреп жылап жібердім. Ол керісінше мені жұбатуға тырысты, – дейді Вадим Курамшиннің жасқа булыққан анасы.

Ольга Колтунова «ұлыма ақылға сыймайтын тым қатал үкім шығарды» дейді.

ЖАМАНСОПКА

Вадим Курамшин 2012 жылдың қаңтарында тұтқындалған сәттен бастап «бопсалады» деген айыпты теріске шығарумен келеді. Ол айыптау үкіміне қатысты шағым да берді. Бірақ Жамбыл облыстық соты 2013 жылдың ақпанында үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Курамшинді Тараздан қайта Петропавл қаласына, ол жақтан жұрт «Жаман сопка» (Жаманшоқы) атап кеткен кенттегі қатал тәртіптегі түрмеге жөнелтті. Бұрын Вадим Курамшин осы түрмедегі адам төзгісіз жағдайға қарсы наразылық акциясын өткізген тұтқындардың құқығын қорғаған еді.

Вадим Курамшин (сол жақ шетте) мен азаматтық белсенді Айнұр Құрманов (оң жақ шетте) Шахтинск колониясында жазасын өтеп жатқандармен әңгімелесіп тұр. 24 маусым 2011 жыл.
Вадим Курамшин (сол жақ шетте) мен азаматтық белсенді Айнұр Құрманов (оң жақ шетте) Шахтинск колониясында жазасын өтеп жатқандармен әңгімелесіп тұр. 24 маусым 2011 жыл.
«Онымен жылына бір рет қана жолығуға болады, телефонмен сөйлестірмейді. Рас, хат жазуды шектемейді» дейді ұлы отырған түрме ерекшеліктерін түсіндірген Ольга Колтунова.

Курамшин мен оның адвокаттарының түрмеден түсірген кассациялық шағымын Жамбыл облыстық соты қараудан бас тартты. Енді Қазақстанның сот органдарынан тек жоғарғы сот қана қалды.

– Онымен Жамансопка колониясында жүздескенімде, «жоғарғы сот жаза мерзімін қысқартар деген аздаған үмітім бар» деп еді, – дейді Ольга Колтунова.

Онымен жылына бір рет қана жолығуға болады. Бірақ Ольга Колтунова бір-бір жарым айдан кейін ұлын тағы көрем деп үміттенеді.

– Онымен маусымның 7-сі күні жүздестім. Бір күн бұрын оған парламент депутаты Айгүл Соловьева келіп жолығыпты. Вадим «сол кісі өтініш жасапты, енді қазан айында тағы рұқсат беретін шығар», – дейді тұтқынның анасы.

АНА МЕН БАЛАНЫҢ КЕЗДЕСУІ

Ольга Колтунова ұлынан он шақты күнде бір хат алып тұрады. Вадим Жамансопка түрмесіндегі жағдайына шағым айтпайды. Анасының айтуынша, баласы түрмеге түскелі бір рет қана оқыс оқиғаға тап болыпты. 31 қазанда Петропавл қаласында тұтқындалып, «зорлаймыз» деген қоқан-лоққыдан кейін, ол өзінің күре тамырын қиюға мәжбүр болған.

– Кейін қолының тігілген жерін көрдім, – дейді Ольга Колтунова.

Ұлымен жолыққан анасы «Вадим жүдепті, бірақ жүзі жабыраңқы болғанымен, сағы сынбағаны байқалады» дейді

Шалғайдағы Жамансопка кентіне анасының барып-келуі қиын болғандықтан Курамшин өзін басқа түрмеге ауыстыруды сұрамақ.

– Жазда онша қиын емес. Ал жылдың басқа уақытында кейде ол жаққа жету мүмкін емес. Сәуірде Тараздан этаппен Петропавлге әкелген кезде жолды қар басып қалып, оны бір жұма ұстады. Өзім сырқатпын. Ол басқа жаққа, Вишневкадағы колонияға сұранбақшы. «Ол жаққа баруың жеңілдеу болады» дейді, – деп түсіндіреді Ольга Колтунова.

Зейнет демалысына шыққанына екі жыл болған Вадим Курамшиннің анасы 28 мың теңге (200 АҚШ долларына жуық) зейнетақы алады.

– Қарыз болып қалмайын деп, алдымен коммуналдық қызметтің ақысын төлеймін. Оны төлеп, дүкенге барамын да «тіс пастасын алсам ба, әлде бір қорап сары май алсам ба» деп дал болып тұрамын, – дейді Ольга Колтунова.

«СЫЙЛЫҚТЫ АЛУ ҮШІН ПАРИЖГЕ БАРУЫМ КЕРЕК»

Қазақстандағы бірнеше құқық қорғау ұйымдары биыл Вадим Курамшинді саяси тұтқын деп жариялады. Маусымның аяғында Курамшин Адам құқығын қорғау саласында Людовик Трарье атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты атанды. Өзін әлем танығанына қатты қуанған ол анасына «Парижге барып сыйлықты алыңыз» деп жазыпты.

– Сыйлықты беру рәсімі Парижде желтоқсанның 5-інде өтетінін айтқан. Енді виза мәселесі мен ақша жағын шешу қажет. Несие алатын шығармын, – дейді Курамшиннің анасы.

Қазақстан оппозициясы тағайындаған "Азаттық" сыйлығы. Алматы, 19 қаңтар 2011 жыл.
Қазақстан оппозициясы тағайындаған "Азаттық" сыйлығы. Алматы, 19 қаңтар 2011 жыл.
Биыл мамыр айының аяғында Вадим Курамшин демократиялық күштер тағайындаған сыйлықтың лауреаты атанды.

Қазақстанның демократиялық күштерінің 2013 жылдың шілде айының басында Алматыда өткен жиналысының саяси мәселелер туралы қабылдаған резолюциясында Вадим Курамшиннің ісін қайта қарау туралы талап та бар.

Вадим Курамшин соңғы рет бостандықта екі ай болды – сот залынан босатылған 2012 жылдың 28 тамызынан бастап, қайта қамауға алынған 31 қазанға дейін. Осы екі ай ішінде ол адам құқын қорғау ісін тоқтатқан емес.

Қазақстан билігі Вадим Курамшиннің ісінде саяси астар барын теріске шығарады. Еуропалық парламенттің Қазақстандағы адам құқын қорғауға қатысты қабылдаған резолюциясынан кейін сыртқы істер министрлігі «Курамшин елден кетпеу туралы қолхат талабын бұзып, Польша астанасы Варшаваға барды» деген мәлімдеме таратты. Қазақстан сыртқы істер министрлігі «Курамшинге қатысты шыққан қатал үкім заңды» екенін де жазады.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG