Accessibility links

Куәгерлер жауап берген сотта алқабилер болмады


Вадим Курамшин (оң жақта) және оның адвокаттары Искандер Алимбаев (сол жақта) пен Разия Нурмашева (ортада). Тараз, 2012 жылдың мамыры. (Фотоны азаматтық белсенді Дмитрий Тихонов берген).
Вадим Курамшин (оң жақта) және оның адвокаттары Искандер Алимбаев (сол жақта) пен Разия Нурмашева (ортада). Тараз, 2012 жылдың мамыры. (Фотоны азаматтық белсенді Дмитрий Тихонов берген).

Азаматтық белсенді Вадим Курамшиннің ісіне байланысты сот отырысының соңғы екі күніне алқабилер қатысқан жоқ. Қорғаушылардың судьяны ауыстыру жөніндегі өтініші орындалмады.

Таразда өтіп жатқан осы сот процесін бақылап жүрген тәуелсіз блогер Андрей Цуканов «азаматтық белсенді Вадим Курамшиннің қорғаушыларының сотты ауыстыру жөніндегі өтініші орындалмады» деп хабарлады.

– Вадим Курамшиннің қорғаушылары «сот процесін әділ жүргізбеуі себепті» судья Самат Төлесбайды ауыстыру туралы өтініш берген еді. Сот отырысы мамандандырылған сот төрағасы Нұрмұхамед Әбидовтің сол өтінішті қанағаттандырылмайтынын хабарлауынан басталды, – дейді блогер.

Андрей Цукановтың айтуынша, төрағаның бұл сөзінен кейін судья Самат Төлесбай сот отырысын жалғастырған.

Андрей Цуканов судьяның куәгерлерден, әсіресе қорғау тарапынан келген куәгерлерден жауап алу кезінде алқабилерді бірнеше мәрте шығарып жібергенін айтты.

– Дүйсенбі күні ол сот отырысын мүлде алқабилерсіз өткізуге тырысты. Сөйтсек, алқабилерге «мамырдың 28-і күні сот отырысына келмеңдер» депті. Вадим Курамшин мен оның қорғаушылары судьяның бұл әрекетіне бірден наразылық
Вадим Курамшин (сол жақта) және Андрей Цуканов баспасөз мәслихатында. Астана, 3 маусым 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Вадим Курамшин (сол жақта) және Андрей Цуканов баспасөз мәслихатында. Астана, 3 маусым 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
танытып, судья процесті әділ жүргізбей отыр деп мәлімдеді. Курамшиннің қорғаушыларының судьяны ауыстыру туралы өтініш беруі сондықтан. Кешегі күн қорғаушылар берген өтінішті талқылаумен өтті. Прокурорлар, әрине, қарсы болды, – дейді Андрей Цуканов.

Адам құқықтары жөніндегі Қазақстан бюросының Жамбыл облыстық филиалының жетекшісі, осы сот процесін бақылап отырған Руслан Халидовтың айтуынша, «екі тараптың да куәгерлерінен жауап алынған кезде судья отырыс залынан алқабилерді шығарып жіберуге заң жүзінде құқылы».

– Мамандандырылған ауданаралық сот төрағасы Нұрмұхамед Әбидов бүгін «қылмыстық-процессуалды кодексте мұндай жағдай қарастырылған» деп мәлімдеді. Ол тиісті баптарды атап шықты. Ол заң бойынша белгілі бір куәгерлерден алқабилерсіз жауап алуға болатынын, сонымен бірге осы куәгерлерден алқабилердің қатысуымен қайта жауап алуға болатынын айтты. Сондықтан бүгін судья Самат Төлесбай сот отырысы өтетін залға қайтып келген соң, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы (УБОП) қызметкерлерінен алқабилердің қатысуынсыз жауап алды. Сот отырысына шақырылмауы себепті алқабилер бүгін де сотқа келген жоқ, – дейді Руслан Халидов.

Вадим Курамшин – түрмедегі тұтқындардың құқықтарын қорғау қызметімен танылған белсенді. Ол «прокуратура қызметкерінен пара талап етті» деп айыпталып, биыл қаңтар айының 23-інен бері Тараз қаласының түрмесінде отыр.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG