Accessibility links

Қазақстандық тоғыз атлет допинг дауына ілікті


Допинг қолданды деп айыпталған қазақстандық атлеттердің бірі Александра Аборнева (Сурет әлеуметтік желіден алынды)
Допинг қолданды деп айыпталған қазақстандық атлеттердің бірі Александра Аборнева (Сурет әлеуметтік желіден алынды)

Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) 2013 жылы допинг қолданған спортшылардың тізімін жариялады. Тізімдегі 38 спортшының 9-ы - қазақстандық.

IWF мәліметіне сүйенсек, Қазақстан спортшылары допингті биыл маусымда Астанада ересектер арасында өткен Азия біріншілігінде, шілде айында Бішкектегі (Қырғызстан) жастар арасында өткен Азия чемпионатында қолданған.

АСТАНАДА АЛҒАН ЕКІ АЛТЫН МЕН БІР ҚОЛАДАН АЙРЫЛДЫ

Астанадағы жарыста чемпион атанған Александра Аборнева (+75 килограмм), Александр Зайчиков (94 килограмм) және қола жүлдегер Евгений Ефстафеев (85 килограмм) 2015 жылдың жазына дейін спорттан шеттетілді.

IWF тексеріс қорытындысы бойынша, Аборнева мен Ефстафеев «дегидрохлорометил-тестостерон қолданды», Зайчиков «станозолол препаратын пайдаланды» деп айыпталған.

Үш спортшы Астанада өткен Азия чемпионатында ұтқан медальдарын қайтарып беруі тиіс. Қайтарылған медальдар тиісінше, кейінгі орын алған спортшыларға беріледі.

Қазақстан Астанада өткен Азия біріншілігінде үш алтын, бір күміс, екі қола иеленген еді. Енді соның екі алтын, бір қоласынан айрылады.

БІШКЕКТЕ АЛҒАН ТӨРТ АЛТЫН МЕН ЕКІ КҮМІСТЕН АЙРЫЛДЫ

Допинг дауына ілінген қазақстандық спортшылар арасында Бішкекте өткен жастар арасындағы Азия біріншілігінде жүлде алған алты атлет те бар.

Бішкекте чемпион атанған Ерболат Жоламанов (62 килограмм), Максим Локтинов (105 килограмм), Әсем Сәрсекенова (63 килограмм), Ғалымбек Жұбатқанов (77
Қазақстандық атлеттердің бірі Илья Ильин Лондон олимпиадасында алтын медаль алды. 4 тамыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстандық атлеттердің бірі Илья Ильин Лондон олимпиадасында алтын медаль алды. 4 тамыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
килограмм), күміс медаль иеленген Майра Файзоллаева (69 килограмм) пен Айдар Казов (77 килограмм) екі жыл жарысқа қатыса алмайды. Бұл спортшылардың барлығының қанынан дегидрохлорометил-тестостерон табылған. Алтауы да спортқа тек 2015 жылдың жазында оралады.

Бішкектегі Азия чемпионатында Қазақстан бес алтын, төрт күміс, бір қола алған. Енді соның төрт алтын, екі күміс медалінен айрылады.

Азаттық тілшісі допинг дауына байланысты мәлімет алу үшін Қазақстан ауыр атлетика құрамасының бас бапкері Алексей Ниге хабарласқан еді. Ол бұл оқиғаға байланысты қандай да бір комментарий беруден бас тартты.

Ал Қазақстан ауыр атлетика федерациясының мемлекеттік жаттықтырушысы Мендіхан Тәпсір атлеттердің допингпен ұсталғанын растап:

– Спортшылар енді жарыста алған медальдарының барлығын қайтарып береді, – деп қысқа қайырды.

Қазақстандық спортшылардың допинг дауына ілінуі бірінші рет емес. Осыған дейін де біраз спортшы «рұқсат етілмеген препарат пайдаланды» деген айыппен спорттан бірнеше жылға шеттетілген еді.
XS
SM
MD
LG