Accessibility links

АҚШ-та оқыған жас әскерилер толқыны көрінді


АҚШ әскери академиясының шәкірттері
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:30 0:00

АҚШ әскери академиясының шәкірттері

АҚШ-та білім алған әскери мамандар Қазақстанның қорғаныс саласында жұмыс істегісі келеді. Мамандар мұндай жастардың білімін пайдалану қажет дейді.

АҚШ-тың беделді әскери академиясы Вест-Пойнтта төрт жыл білім алған Мақсат Нұғманов пен авиация академиясына білім алуға енді бара жатқан Владислав Гогуляға маусымның 15-і күні Қазақстандағы АҚШ-елшісі Джордж Крол арнайы сертификаттар тапсырды. Қорғаныс министрлігінің мамандары АҚШ-тан келген жастардың енді жұмыссыз қалмайтынын айтады.

Ақтөбе облысының тумасы Мақсат Нұғманов Вест-Пойнт академиясына 17 жасында түскен. Оған дейін Астанадағы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқыған. Математиканы өте жақсы көргендіктен Вест-Пойнт академиясында инженерлік тәртіп (дисциплина) бойынша білім алған. Инженерлік жүйеге қатысты қосалқы авторлықпен жазған ғылыми жұмысы да жарияланған. Мақсат Азаттыққа АҚШ-та оқуға түсу, білім алу қиын болғандықтан осы елді әдейі таңдағанын, сол қиындықты жеңіп шыққысы келгенін айтты.

Қазақстандағы АҚШ елшісі Джордж Крол Вест-Пойнт академиясына түсу өте қиын екенін, бірақ, оқу орнының беделі жоғары екенін атап өтті. Елшінің айтуынша, екі жүз жылдық тарихы бар осы академияның түлектері ішінде АҚШ-тың екі президенті (Улисс Грант пен Дуайт Эйзенхауэр) және де басқа елдердің жетекшілері бар.

АҚШ-тың Вест-Пойнт әскери академиясын бітірген Мақсат Нұғманов (сол жақта) пен АҚШ әскери академиясына оқуға түскен Владислав Гогуля сертификат табыстау салтанатында. Астана, 15 маусым 2015 жыл.
АҚШ-тың Вест-Пойнт әскери академиясын бітірген Мақсат Нұғманов (сол жақта) пен АҚШ әскери академиясына оқуға түскен Владислав Гогуля сертификат табыстау салтанатында. Астана, 15 маусым 2015 жыл.

Джордж Крол Мақсат Нұғмановтың алған білімі мен тәжірбиесі Қазақстан үшін пайдалы болады деп үміттенеді. Ал Қорғаныс министрлігінің білім және ғылым департамент жетекшісі Айгүл Төлембаева "өткеннен сабақ алғандарын" айтады. Оның меңзеп отырған «сабағы» АҚШ-та әскери білім алып келіп, елде басқа салада жұмыс істеп кеткендерге қатысты. Осы күнге дейін АҚШ-тың жоғары әскери білім ордасында 7 адам (Мақсат Нұғмановты қоса есептегенде) оқып келген. Бірақ, оның бәрі Қазақстандағы әскери салада қызмет етпейді екен.

– Қорғаныс саласына қызмет етпейтіндер бар. Олар (АҚШ-та оқып келгендер) өте білімді. Тілді (ағылшын тілін) біледі, математикалық, инженерлік мамандықты меңгерген. Ұлттық, шетелдік компаниялар оларға өте жақсы айлық ұсынады. Сол жерлерде елге пайдасын тигізіп жатыр. Қорғаныс министрлігі мұндай жастарды ұстап қалуға барлық жағдайды жасап жатыр,– дейді Төлембаева.

Ал елге жуырда ғана оралған Мақсат Нұғманов қорғаныс министрлігі өзіне қандай жұмыс ұсынатынынан әзірге бейхабар.

АҚШ-тың әскери авиация академиясында 4 жылға білім алуға бара жатқан Владислав Гогуля елге оралғанда «қажетті маман» болатынына сенімді. Алматыдағы «Арыстан» арнаулы лицейінде оқыған Владислав Гогуля жақын жердегі Ресей емес, алыстағы АҚШ-тағы оқу орнын таңдау арқылы білім сапасын күшейтіп, ағылшын тілін үйренгісі келгенін айтты.

Жастарды өзге де сырт елдерде оқытып, жинаған білімі мен тәжірбиелерін пайдаланып, қорғаныс саласын жетілдіре беру керек.

Қорғаныс министрінің орынбасары болған генерал Әмірбек Тоғысов жастардың АҚШ, Түркия, Франция мен Қытай сияқты елдерде әскери білім алғаны пайдалы деген пікірде.

– Біздегі әскери жаттығулар мен тактика, әскери институттардың құрылымы Ресейдікінен аумайды. Бірдей десе де болады. Жастарды өзге де сырт елдерде оқытып, жинаған білімі мен тәжірбиелерін пайдаланып, қорғаныс саласын жетілдіре беру керек, – дейді Тоғысов.

АҚШ-тағы әскери академиялар 1983 жылдан бастап шетелдік студенттерді қабылдай бастаған. Әр әскери академияда бір жылда шетелдік 60 студент қана оқи алады. Және бір мемлекеттен келген студент саны төрттен аспауы тиіс. Оқу мерзімі - төрт жыл. Білім ақысы –тегін. Қазір АҚШ-тың әскери академияларында қазақстандық 10 студент білім алып жатыр. Оның екеуі - қыз бала.

XS
SM
MD
LG