Accessibility links

Жұмыссыздықпен күреске миллиардтаған теңге бөлінеді


Халыққа қызмет көрсету орталығында өткен жұмыс орындарының жәрмеңкесіне келген жұмыссыздар. Атырау, 5 қыркүйек 2009 жыл.
Халыққа қызмет көрсету орталығында өткен жұмыс орындарының жәрмеңкесіне келген жұмыссыздар. Атырау, 5 қыркүйек 2009 жыл.

Жұмыспен қамту бағдарламаларына бюджеттен қыруар қаржы бөлінетініне қарамастан, жастар арасында жұмыссыздық әлі көп. Жас мамандарға жалақысы тәуір жұмыс табу қиын.

Қазақстанда жалақысы жақсы жұмыс табу оңай емес, ал жұмыс берушілерге стажы бар білікті маман табу қиын.

КЕРЕК МАМАНДАР

Қазақстан, Украина және Беларусьте ең керек мамандық иелері - сауда менеджерлері мен бухгалтерлер.

Бұл үш елдің жұмыс іздеу порталдарында қандай мамандарға сұраныс жоғары екенін анықтау үшін зерттеу жүргізген HeadHunter компаниясы ос елдердегі жұмыс берушілер арасындағы ең «өтімді» 20 мамандықтың рейтингін құрды.

Үш елде де сауда менеджері көш бастап тұр. Беларусьте - жұмыс беруші іздеген әр бесінші маман, Қазақстанда - әр сегізінші, Украинада әр оныншы маман - сауда менеджері. Жұмыс берушілер көп іздейтін екінші маман - бухгалтер.

Қазақстандағы жұмыс берушілер іздейтін мамандықтар рейтингісінің жоғарғы сатысында офис-менеджер (9 пайыз), сауда өкілі, бас бухгалтер (4,9 пайыз), заңгер (4,7 пайыз), сатушы-кеңесші (4,5 пайыз), программист (2,8 пайыз), инженер (2,7 пайыз) тұр.

ЖАСТАР АРАСЫНДА ЖҰМЫССЫЗДЫҚ КӨП

HeadHunter зерттеу орталығы мен Алматы қаласы еңбек биржасының сұраныс көп түсетін мамандықтарға қатысты деректерінде біраз айырмашылық бар. Алматы қаласының жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Шахерезада Ақбергенованың айтуынша, Қазақстанның ең ірі қаласында көбінесе жұмысшы мамандықтарына сұраныс жоғары, бірақ экономистерге де орын көп.

Шаштараз. Алматы облысы, Өтеген батыр ауылы, 6 қыркүйек 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Шаштараз. Алматы облысы, Өтеген батыр ауылы, 6 қыркүйек 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
– Қазір электрмен дәнекерлеуші, қызмет көрсету саласының мамандары, кассир, ЭВМ операторы, шаштараз, стилист, визажистерге сұраныс көп. Заңгер, экономист, оқытушы сияқты мамандар да қажет, - дейді ол.

Экономистерге сұраныс болғанымен, экономикалық жоғары оқу орнын бітірген түлектер мұндай жұмысқа орналаса алмайды. Жастардың айтуынша, "бұған стаждың жоқтығы кедергі“.

Алматының 25 жастағы тұрғыны, жуырда экономист дипломын алған Әсел Кәрменова Азаттық тілшісіне мамандығы бойынша жұмыс таба алмағанын айтты.

– Қайда барсаң да стаж сұрайды. Қазір супермаркетте сатушы-кеңесші болып істеп жүрмін. 45 мың теңге айлық ештеңеге жетпейді, бірақ жұмыссыз жүргеннен жақсы әйтеуір. «Қол жетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасына құжат өткізу үшін бір мекемеде 20 мың теңге жалақыға үш ай істедім. Бірақ үш ай сынақ мерзімі біткеннен кейін мені тұрақты жұмысқа қабылдамай қойды, - дейді бойжеткен.

Театр костюмдерінің жас маманы Райхан Дәріқұлова да 2007 жылы жоғарғы оқу орнын бітіріп, жұмысқа тұруға тырысқанымен, «стажың жоқ» деп еш жер алмаған.

– Бір айға ақысыз стажер ретінде ғана алды, кейін жалақысы мардымсыз орынға қойды. Тұрмысқа шыққан соң жалақысы аз жұмысты тастадым, - дейді ол.

Райхан бірінші айда - 17 мың теңге, екінші айда 25 теңге жалақы алған. Қазір тағы жұмыс іздеп жүр. Кем дегенде 75 мың теңге жалақы алу үшін мамандығын ауыстыруға да дайын. Кішкентай балаларының күтімі мен үй шаруасы өзіне қарап тұрса да, «жақсы жалақы төлесе, жұмыс кестесіне қарамай істер едім» дейді ол.

Жұмыс орындарының жәрмеңкесіне келген жұмыссыз жастар. Қазақстан, 5 қыркүйек 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
Жұмыс орындарының жәрмеңкесіне келген жұмыссыз жастар. Қазақстан, 5 қыркүйек 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
​Қазақстан статистика агенттігінің деректері бойынша, елдегі жұмыссыздық деңгейі - 5,2 пайыз, ал 15-28 жас арасындағы азаматтардың ішінде бұл көрсеткіш - 5,9 пайыз.

Жас мамандарға жұмыс табу қиын екенін шенеуніктер де біледі. Алматы еңбек биржасы басшылығының айтуынша, мемлекет мұндай мамандар үшін "Жастар тәжірибесі” деген бағдарлама ашқан. Бағдарламаға қатысушыларды түрлі компаниялар мен мекемелер "стажировкаға“ алады, ал 29 мың теңге жалақы бюджеттен төленеді. Бағдарлама бойынша алты айлық практикадан өтіп, тәжірибе жинаған жас маман тұрақты жұмысқа тұру мүмкіндігін алады.

ЕКІ МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ БӨЛІНГЕН

Шенеуніктердің айтуынша, биыл жазда қабылданған «Жастар тәжірибесі» мен «Жол картасы - 2020» бағдарламалары - жұмыссыздықпен күресудің ұзақ мерзімге арналған жоспары. «Жол картасы» бағдарламасын құрастырушылардың болжамы бойынша, 2016 жылы кедейлік деңгейі - алты пайыздан, ал жұмыссыздық бес пайыздан аспайды.

Мемлекеттік бағдарламаны құрастырушылар «29 жасқа дейінгі жастарды, оның ішінде балалар үйі тәрбиеленушілері мен жетімдерді, тұрмысы төмен, мүгедек және репатриант жастарды бірінші кезекте жұмыспен қамту қажет» дейді.
Биылдың өзінде ғана осы мақсатқа 105 миллиард теңге бөлінген. 2014 жылға - 100 миллиард теңге, ал 2015 жылға 98 миллиард теңге бөлу жоспарланған.

Бағдарламаның үш жылына ғана бюджеттен 2 миллиард долларға жуық қаражат бөлу қарастырылған. Бірақ Қазақстан статистика агенттігінің деректері бойынша, елдегі еңбекке қабілетті 9 миллион халықтың 2,5 миллионнан астамы - "өзін-өзі қамтып” отырған азаматтар.

Мақаланы әзірлеуге Азаттық тілшісі Мәншүк Асаутай қатысты.
XS
SM
MD
LG