Accessibility links

Жезөкшелердің қызметіне жеңілдік сұрау немесе мүгедектердің жұмбақ хаты


Қарағандыдағы Тірлік ерікті қоғамының маңдайшасы.
Қарағандыдағы Тірлік ерікті қоғамының маңдайшасы.

Қарағандылық Роза Петрусь жезөкшелікті және жезөкшелердің мүгедектерге жеңілдікпен қызмет көрсетуін заңдастыруды талап етіп, қоғамды бір дүрліктірді. Алайда бұл хаттан плагиат пен пропаганданың иісі мүңкіп тұрған тәрізді

Азаттық радиосының редакциясына «Тірлік» атты мүгедектердің ерікті қоғамдық бірлестігінің төрайымы Роза Петрусьтен фирмалық бланкіге жазылған хат келді. Нақтырақ айтсақ, біздің қолымызға мемлекет басшысының атына, парламент пен президенттік «Нұр-Отан» партиясына және Қарағанды облыстық мәслихатына жазылған хаттың көшірмесі түсті.

Төменде сол хаттың мәтінін автордың орфографиясын сақтай отырып, аударып жариялап отырмыз:

Мүгедектердің «Тірлік» ерікті қоғамдық бірлестігі Сіздерден ел аумағында жезөкшелікті заңдастыруды қарастыруларыңызды өтінеді. Халықтың байланысы шектеулі бөлігі — мүгедектердің танысу мүмкіндіктері жоқ, сондықтан олар өздерінің интимді мәселелерін шеше алмайды.

3-беттік қосымшасы бар.

Қосымшада мүгедектерге жыныстық қатынастың қажеттілігі туралы деректер келтірілген. Бірақ мүгедектердің бақытсыз өмірлері туралы әңгімелердің бәрі Роза Петрусьтің ойынан шығарылған сияқты. Бірлестіктің төрайымы өз қарауындағылармен бұл тақырыпта ешқашан әңгімелеспегендей. Оның орнына ол кейіпкерлерінің атын өзгертіп, жабайы плагиаттықпен айналысқан сияқты. Роза Петрусь өзінің үндеу хатында мынадай мысалдар келтіреді:

«25 жастағы Анатолий К. туа бітті артрогрипоздан зардап шегуде, яғни қол-аяғы зорға қимылдайды. Өзін еркек ретінде сезіну үшін жезөкшелердің қызметіне жүгінген. «Бұдан жастау кезімде досымыз екеуміз әйел мен еркектің қатынасы туралы айтқанды ұнататынбыз, — деп еске алады Анатолий. - Досымның бұлшық еті жетілмей қалған еді, ол бұл өмірден әйел көрмей өтті. Неліктен бұл осынша проблема болуы тиіс?»

Бірақ бұл хат бір жерден көшіріліп алынған плагиатқа ұқсайды, одан арғысының бәрі жұрттың назарын ғаламдық экономикалық дағдарыстан басқа жаққа аударуға бағытталған насихат немесе журналистік зерттеу.

Төменде 2007 жылғы 23 қазанда Би-би-Си-дің сайтында жарияланған мақаладан үзінді келтіреміз. Айырмашылықтарын өзіңіз тауып көріңіз.

«Өзімен құрдас британдық азаматтар секілді 25 жастағы Аста Филпот та ашық жарқын, өзіне- өзі сенімді адам, бірақ туғаннан артрогрипозбен сырқаттанады, яғни аяқ-қолы зорға қимылдайды.

Өткен жылы ол Испаниядағы заңдастырылған жезөкшелер үйінде алғаш рет әйел көрді. Биылғы жылы ол өзімен бірге екі мүгедекті осы аталған жезөкшелер үйіне автобуспен алып барған. Би-би-си бұл саяхатты «Жалғыз өмір» бағдарламасы үшін таспаға түсірген.

«Бұдан жастау кезімде досымыз екеуміз әйел мен еркектің қатынасы туралы айтқанды ұнататынбыз, — деп еске алады Аста. -Досымның бұлшық еті жетілмей қалған еді, ол бұл өмірден әйел көрмей өтті. Неліктен бұл осынша проблема болуы тиіс?»

Роза Петрусьтың хатында плагиаттың мұндай мысалдары толып жатыр.
Соған қарамастан Роза Петрусьтің хаты журналистерді бей- жай қалдырған жоқ. Мысалға осы жылдың 14 қаңтарында осыған байланысты «Время» газеті былай жазыпты:

«Үкімет белсенді әйелдің ұсынысына нендей жауап қатарын білмей бас қатырып жатқан тұста жезөкшелер мүгедектерге көмекке келді.

— Келген өкілдер жезөкшелер арасында жалпы жиын өткізіліп, жағдайды түсіндіргеннен кейін мүгедектерге жеңілдікпен қызмет көрсету туралы шешім қабылдағандарын айтты, — дейді жетістіктерімен бөліскен Роза Петрусь.

Әдеттегі «тұтынушылар» үшін 10 мың теңгеден алатын «қызмет» түрі мүгедектерге бар-жоғы 500 ден 1500 теңге аралығында көрсетіледі. Сондай-ақ жезөкшелердің «таза» және «ұқыпты» болатынына толық кепілдік берілді.

Бұл тақырып жоғарыда аталған Би-Би-Си радиосының да назарынан тыс қалмапты.

«Қазақстан: мүгедектер секс үшін ақша сұрайды» деген мақалада «Қарағанды қаласының мүгедектері жезөкшелікті заңдастыру үшін парламентке үндеу жолдады» деп жазылған
Би-Би-Си радиосының сайтында Қазақстанда жезөкшелікті заңдастыру мәселесі көтерілгені туралы жазылып, оған қатысты жұртшылықтың көзқарасы берілген.

Бұған қоса автор «Тірлік» ерікті қоғамдық бірлестігіндегілердің ұсынысты Парламентке жібердік дегенін, бірақ депутат Рауан Шаекиннің мұндай үндеуді көрмедім деп айтқанын жазады. Бірақ, оның пікірінше, бұл жағдайда оның көрген-көрмегені ештеңе өзгертпейді.


Би-Би-Си тілшісіне сұхбат берген Аида есімді көп жылдық «тәжірибесі» бар жезөкше өздеріне ешқашан мүгедектердің қайрылмағанын және соған сәйкес ешкімнің жеңілдік сұрамағанын айтады.

Азаттық радиосының тілшісі құрамына Роза Петрусь басқаратын «Тірлік» атты мүгедектердің ерікті қоғамдық бірлестігі кіруі тиіс «Қазақстан мүгедектер конфедерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінен түсініктеме сұраған еді. Аталған бірлестіктің баспасөз хатшысы Бағдат Дүйсенов Азаттықтың тілшісіне мүгедектердің мұндай үндеуін ешқашан көрмегенін айтты.

Азаттық радиосының тілшісі «Қазақстан мүгедектер конфедерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Дина Елделдиноваға аталған үндеу хатты оқып бергенде ол: «Сұмдық!» деп шошып кетті.

Біраз уақыт үнсіздіктен кейін ол «Время» газетінің мақаласымен таныспайынша, ешқандай түсініктеме бермейтінін, бірақ мұндай мәселені бірінші рет естіп отырғанын айтты.
«Бұл әрқашан біздің қоғам мүшелерінің жеке шаруасы болған, сондықтан біз біреудің жеке өмірі туралы түсінік бермейміз», — деді Дина Елделдинова.

Келесі күні Дина Елделдинова Азаттық радиосының тілшісіне мүгедектердің Тірлік қоғамының «Қазақстан мүгедектер конфедерациясы» құрамына кірмейтіндігін айтты.
-Біз Петурсьтың кім екенін білмейміз, ол туралы бірінші рет естіп отырмыз. Қарағандыда біздің филиалымыз бар, оны Александр Иркин басқарады. Бізде Қазақстан бойынша 14 бөлімшеміз бар. Ал мұндай ерікті қоғамдардың өзі Қарағандыда 200-ге тарта болады,- деді Дина Елделдинова Азаттық радиосының тілшісіне.

Ал Роза Петрусьтың өзі Азаттық радиосының тілшісімен телефон арқылы болған әңгімеде хатты депутаттарға және басқалараға да пошта арқылы жібергенін, бірақ әлі ешқандай жауап алмағанын айтты. Сонымен қатар коммерцияық секс деп аталатын қызметкерлері келіп, мүгедектерге жеңілдетілген бағамен қызмет көрсету жөніндегі өзінің ұсынысына қолдау білдірді деді..

Ал осы сөз болып отырған хатындағы плагиат туралы Роза Петрусь хатты өзі жазғанын және онда айтылғандарды басқа бұлақтардан немесе сайттардан алмағанын мәлімдеді Азаттық радиосының тілшісіне.

Біраз уақыт өткен соң біз Роза Петруське қайта хабарласпақшы болып бірнеше рет телефон шалғанымызда, оның телефоны сөндіріліп тасталған екен. Сөйтіп бұл жайттың басқа да егжей-тегжейін білу мүмкін болмады.
XS
SM
MD
LG