Accessibility links

Бұрын президентті жақтаған жазушы қазір билікті сынайды


Қабдеш Жұмаділовпен сұхбат
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:05 0:00
Жүктеп алу

ВИДЕО: Қабдеш Жұмаділовпен сұхбат.

Жазушы Қабдеш Жұмаділов Қазақстандағы зиялы қауым бөлшектеніп кетті деп санайды. Зиялы қауым мен билік арасындағы қатынас және зиялылардың бөлшектенуі туралы жазушы Азаттық радиосына берген сұхбатында айтып берді.

Азаттық: - Қазақстанда зиялылар қаншалықты еркін деп ойлайсыз? Зиялы қауым қоғамдағы өз миссиясын қаншалықты атқарып жүр?

Қабдеш Жұмаділов: - Зиялы қауым өз міндетін атқара алмай жүр. Өйткені олардың мүдделері әртүрлі. Зиялылар өз ішінен жарылып, бөлшектеніп кеткен. Бөлінгеннен кейін күш бытыраған. Күші бытырағанның қауқары да аз болады. Зиялы қауым толық еркін емес және біртұтас емес. Олардың барлығы бір сапта бірдей күресіп жүр деп айта алмаймын. Зиялыларды билік әдейі бөлшектейді.

Олардың бір тобы биліктің айналасында жүр. Билік оларды маңайына тартып, өз сөзін сөйлеткізеді. Оларға жыл сайын мемлекеттік стипендия және президенттік стипендия төленеді. Билік олардың материалдық жағын да қамтамасыз етіп отырады. Бұл топтағылардың бастары байлаулы, арқандаулы.

Зиялылардың екінші бір тобы халық, оппозиция жағында жүр. Оның сыртында зиялылар орыстілді, қазақтілді боп тағы бөлінеді. Жасқа қарай бөлінетін зиялылар да бар.

Осы ретте бір нәрсені ескеру керек, біз әлі құлдық санадан құтылғанымыз жоқ. Бізде деколонизация - отарсыздану науқаны жүргізілген жоқ.

Азаттық: - Осы науқанды кім жүргізу керек еді?

Біз қазір рухани кедейшілікте жүрміз. Рухани кедей адам бәріне де барады. Қылмыстан да тартынбайды, жемқорлықтан да қайтпайды. Біз жемқорлықпен күрескен боламыз. Бірақ оның вирусын өлтіре алмай жатырмыз.

Қабдеш Жұмаділов: - Қоғам жүргізеді. Әу баста мемлекет жүргізу керек еді. Бізде мемлекеттік, ұлттық идеология жоқ. Руханияттан бас тарттық. Біздегі идеал ақшаға, мал табуға бағытталып кетті. Біздің бірінші орынға экономиканы, яғни ақшаны шығаруымыз қоғамдағы ұтылысымыз болды. Мен біздің қоғамды сау қоғам деп есептемеймін. Біз дертті қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Бізде көптеген қоғамдық сырқаттар бар. Адамдардың қатігезденуі, жаппай жемқорлыққа бой ұру, пара беріп, заңсыз табыс табу, неше түрлі бұрын-соңды естіп көрмеген, айтуға ауыз бармайтын ауыр қылмыстарға бару, зорлық-зомбылық қайдан келді? Менің ойымша, осының бәрі рухани кедейшіліктен болып жатыр. Біз соңғы 20 жылда руханият дүниесін тастап қойдық. Соның кесірінен осындай жағдайға ұшырап отырмыз. Біз қазір рухани кедейшілікте жүрміз. Рухани кедей адам бәріне де барады. Қылмыстан да тартынбайды, жемқорлықтан да қайтпайды. Біз жемқорлықпен күрескен боламыз. Бірақ оның вирусын өлтіре алмай жатырмыз.

Мұның бәрі отарсызданудың жүргізілмеуімен байланысты. Отарсыздану жаңа идеологияны пайда болуына себеп болар еді. Ұзақ жылдар бойы Ресейдің боданында жүріп, құлдық сана қалыптасты. Отарсыздану деген – құлдық санадан арылу деген сөз. Біз әлі күнге құлдық санадан арыла алмай жүрміз. Мен мұндайда қайта жастардан үміт күтемін.

Азаттық: - Қоғамда жеке басқа табыну белгілері байқала ма? Зиялы ретінде сіз не байқадыңыз?

Қабдеш Жұмаділов: - Байқалғанда қандай?! Оппозицияға жол бермеудің өзі бір ғана адамды қорғау, бір адамның ғана пікірі үстем дегенді білдіреді. «Сен сүйт, сен бүйт» деп ешкім зиялының аузына сөз салмайды, бірақ жеке басқа табыну біртіндеп қалыптасатынын байқадым. Қазір Назарбаевтың билікте отырғанына 20 жылдан асты. Бұрын «бірінші секретарь» дегенбіз, қазір «президент» дегенмен бұрынғы кресло еш өзгерген жоқ.

Жеке билеудің түбі жақсылыққа апармайды. «Бір адамның ішіне бір аяқ-бас сияды» деген қазақта сөз бар. Соны ескермейміз. Ал зиялының бағасын қаншалықты билікке табынатындығымен, жағынатындығымен өлшейтін болдық.

Қазір билік бір адамның қолында, бәрін бір партия басқарады. Сот, заң орындары да бір партиядан құралған. Ал оппозицияны «халық жауындай» көреді. Оппозицияны ыдырату үшін билік жұмсаған адамдар жұмыс істеді. Сол адамдарды халықты, миллиондарды алдады деп білемін. Ал кейбір адамдарға қысым көрсетіп, оппозициядан суырып алды. Кейбіреулер жеріндім дегендей өз жайымен кетті. Тағы біріне жұрт сенбейді. Қазір біздегі оппозиция ыдырап болды. Күресетін, тіресетін ешкім қалған жоқ. Сайып келгенде, билік дөйдалаға лағып кетпес үшін оппозиция керек еді ғой. Жеке билеудің түбі жақсылыққа апармайды. «Бір адамның ішіне бір аяқ-бас сияды» деген қазақта сөз бар. Соны ескермейміз. Ал зиялының бағасын қаншалықты билікке табынатындығымен, жағынатындығымен өлшейтін болдық.

Алғашқы 10 жылында бұл кісі де (Назарбаев – ред.) жаман болған жоқ. Мен өзім де кезінде президентті жақтап сөйлеген едім. Ел ішінде мәтел болып қалған «Қасым хан салған қасқа жол, Есім хан салған ескі жол» деген бар. Бетбұрыс кезеңінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан кемесін тәуелсіздік жағалауына қайраңға ұрындырмай, аман-есен алып өтсе, бұл кісінің артынан да «Нұрсұлтан салған нұрлы жол» деген ат қалады деп айтқан едім. Бұл 1992 жылы айтылған сөз еді.

Мен айтқан Қазақстан кемесі әлі тәуелсіздік жағалауына аман-есен жеткен жоқ. Сол кемені орта жолда әлдебір қарақшылар басып алған сияқты әсер қалдырады.

Бірақ бірте-бірте президенттің ісіне, ісінің нәтижесіне қарап мен де суындым. Тоқсаныншы жылдардың ортасында тағы да конституция қабылдаған Назарбаев кейінде де заңдарға өзі қалаған өзгерістерді енгізіп отырды. Мен айтқан Қазақстан кемесі әлі тәуелсіздік жағалауына аман-есен жеткен жоқ. Сол кемені орта жолда әлдебір қарақшылар басып алған сияқты әсер қалдырады.

Азаттық: - Зиялы қауыммен билік санаса ма?

Қабдеш Жұмаділов: - Соңғы бірнеше айда биліктен бетбұрысты байқадым. Бұрын президент Қазақстанның мемлекеті, шекарасы болған жоқ деп жүретін. Путин де соңғы кезде Назарбаевты мақтаған болып, Қазақстанның мемлекеттігіне күман келтіре бастаған. Бұл біздегі зиялы қауымның наразылығын тудырған. Бірақ соңғы кезде Қазақстан билігі қазақ мемлекеттігінің 550 жылдығын атап өтеміз деп жатыр. Оның үстіне оралмандарды қабылдауда да оң өзгерістер байқалады. Мұның бәрі кезінде зиялылар тарапынан көтерілген мәселе болатын. Сондықтан бұның бәрін мен жақсылыққа жорыдым. Президент бұл шараны алдағы сайлаудың саяси құралына айналдырса да мұның бәрін бір кезде зиялылар пікірін іске асқаны деп білемін. Бізге де екі мүдденің табысқаны керек.

Бірақ тіл туралы заң қабылдағалы 25 жыл өтсе де, тіл мәселесі әлі толық шешілген жоқ. Немесе, өмірлік тағдырды шешетін Кеден Одағына, Еуразиялық экономикалық одаққа кіру-кірмеу мәселесінде зиялы қауым мен оппозиция талаптары ескерілген жоқ.

Өз басым бұл одаққа қарсымын. Өзімізді отарлаған елден кеше ғана босап шыққан кезде, соның қолтығына қайтадан бара жатырмыз. Халықаралық тәжірибеде мұндай елдерден белгілі бір уақыт аралығында оңаша жүру керек екен. Алдымен әрқандай бір ел өз тәуелсіздігін баянды ету керек. Ресей сияқты елдермен достық қарым-қатынасты үзбей де араласуға болады. Тең дәрежеде сауда-саттық жасауға, экономикалық байланыс жасауға болады.

өз басым бұл ұйымды мемлекеттердің, елдердің одағы емес, бар болғаны үш президенттің ғана одағы деп танимын.

Мен орыс халқына да, ұлттар достығына да қарсы емеспін, бірақ бодандыққа қарсымын. Ресей басшысы Путин – ең алдымен орыс халқының сорына келген адам. Біздің ел одақтасамыз деп отырған елдің басшысы СССР-дің құлауын қателік деп таныған адам ғой. Кеше ғана осындай империяның қолтығынан жанымыз әзер аман шыққан біздің қайтадан сол елмен одақтасуымыздың қандай жөні бар? Қазақстанның өз наны мен мұнайы өзіне жететін еді ғой.

Азаттық: - Зиялы қауымның осы одаққа қатысты қандай талаптары болды?

Қабдеш Жұмаділов: - «Антиеуразиялық форум» аясында зиялы қауым президентке, парламентке де хат жолдадық. Ешкім жауап бермеді. «Мәу» деген адам болмады. Біздегі үкіметтің бірі қызығы – жіберген хатқа да жауап бермейді ғой. Мұны қоғамды қорлау деп түсінемін. Үндеуге бір адам емес, жазушысы бар, ғалымы бар – жүздеген адам қол қойды ғой. Еуразиялық экономикалық одақтың шарттары жарияланбады. Одақ құру мәселесі референдум жолымен шешілуі керек еді. Сондықтан өз басым бұл ұйымды мемлекеттердің, елдердің одағы емес, бар болғаны үш президенттің ғана одағы деп танимын.

Азаттық: - Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!

Орталық Азия елдері зиялылары аймақтағы саяси оқиғаларға қандай баға береді? Актерлер, жазушылар мен ғалымдар пікірлерін батыл айта алып жүр ме? "Перекресток" бағдарламасында осы хақында айтылады (бағдарлама - орыс тілінде):

Зиялылар, қайдасыңдар?
please wait

No media source currently available

0:00 0:10:40 0:00

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

XS
SM
MD
LG