Accessibility links

Жастар саясатына қатысты пікір әрқилы


Алматы жастары. 11 қараша 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Алматы жастары. 11 қараша 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

2020 жылға дейінгі мемлекеттік жастар саясаты туралы құжатта «жастардың жартысынан көбі жеке басына қатысты проблемаларын мемлекет шешеді деп күтеді» деп жазылған. Ал жастар «жұмыссыздық көп» деп шағымданады.

Бір жыл бұрын қабылданған 2020 жылға дейінгі мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасында «Қазақстанның қазір негізі қаланып жатқан келешегі ел жастарының даму деңгейіне, қоғамдағы орнын табуына байланысты» деп жазылған. Құжатта «жастардың 54 пайызы жеке басына қатысты проблемасын мемлекет шешіп береді деп күтеді. Ал 92,5 пайызы жұмысқа мемлекеттің тікелей араласуымен немесе әлдекімдерден көмегімен орналасуым керек деп санайды» деп көрсетілген.

Бірақ ресми құжаттағы жағдай мен өмір заңы екі түрлі болуы мүмкін. Азаттық тілшісімен әңгімелескен 24 жастағы студент Ерке Қасымова "жастар проблемасын шеше алмайтын мұндай бағдарламалардың ешқайсына қатыспаймын” дейді.

Студент жастар. (Көрнекі сурет).
Студент жастар. (Көрнекі сурет).
Ғылыми институттың 25 жастағы қызметкері Ильзат Акчурин мемлекет жастармен тығыз жұмыс істеуі тиіс деп санайды. Оның пікірінше, шенеуніктердің бағдарламалар жайлы хабары болғанымен, оларды жастарға қалай жеткізуді білмейді, жастар ондай бағдарламалардан еш үміт күтпейді.

- Егер мамандығым бойынша жұмыс іздеп, жұмыспен қамту орталығына барсам, «сені жұмысқа алады» деп ешкім кепілдік бермейді. Ал бір жас облыстан қалаға келсе, «қалада тіркеуде жоқсың, біздің бағдарламаға қатыса алмайсың» деп шығарып салады, - дейді Ильзат Акчурин.

ХАЛЫҚТЫҢ ШИРЕГІНЕН КӨБІ ЖАСТАР

2012 жылы Қазақстанда 30 жасқа толмаған жастар саны 4 миллион 400 мыңға жуықтаған. Бұл – ел халқының төрттен бір бөлігінен асады. Астана және Алматы қалалары мен Ақтөбе облысы тұрғындарының басым бөлігі - жастар. Ал Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстары халқының аз бөлігі ғана - жастар.

Қазақстан жастарының 40 пайызының жоғары, аяқталмаған жоғары және арнаулы орта білімі бар. Ресми статистикаға сәйкес, соңғы кезде жоғары білімді жастар саны үш есеге, ал арнаулы орта білімі бар жастар саны екі есеге өскен.

Елдегі жұмыс істейтін халықтың 45 пайыздан көбі - жастар. Қазақстан статистика агенттігі деректері бойынша, 2011 жылы жастар арасындағы жұмыссыздық (4,5 пайыз) жалпы жұмыссыздық деңгейінен (5,4 пайыз) төмен болған. Бірақ қала жастарының арасында жұмыссыздық көп.

Әсет есімді жұмыссыз жас. Қызылорда облысы, Жосалы кенті, 15 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Әсет есімді жұмыссыз жас. Қызылорда облысы, Жосалы кенті, 15 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Ильзат Акчурин «Ауыл-селоларда жастарға болашақ жоқ. Сондықтан жастар қалада жұмыс істеуге тырысады. Ақшасы жоқ ауыл жастарының білім алуы да қиын. Бірақ қолында дипломы бар жастардың өзі жұмысқа орналаса алмайды. Өйткені жұмыс берушілер оқуды енді бітірген жастардан жұмыс тәжірибесін талап етеді» дейді.

​Жастарды мазалайтын тағы бір проблема - жас отбасылардың баспана алу қиындығы.

- Мысалы, жас отбасы мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер кезегіне 25 жасында тұрды делік. Оған "бес жылдан кейін пәтер аласың” деп ешкім кепілдік бермейді. Ал бес жылдан кейін жасы 30-ға келген олар жастар санатына жатпайтындықтан, тұрғын үй бағдарламасынан шығып қалады, - дейді Ильзат.

Бірақ қазір кейбір ірі қалаларда балалар үйі түлектерін муниципалды жалдамалы пәтерлермен қамтудың мемлекеттік бағдарламасы жүріп жатыр. Жаңа жыл қарсаңында Алматы әкімдігі балалар үйінің 20 түлегіне пәтерді жалға берді. Егер бірнеше шартты орындаса, олар жалға берілген пәтерлердің иесі бола алады.

Мақаланы әзірлеуге Азаттық тілшісі Руслан Меделбек қатысты.
XS
SM
MD
LG