Accessibility links

Досқалиев Назарбаевқа алғыс айтты


Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев. Астана, 3 тамыз 2011 жыл.
Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев. Астана, 3 тамыз 2011 жыл.

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің соты аяқталуға таяп қалды. Ол бүгін алқа сот алдында соңғы рет сөйледі.


Жақсылық Досқалиев соңғы сөзін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа деген алғысымен бастады.

– Елдің денсаулық сақтау саласын басқару құрметіне ие еткені үшін мемлекет басшысына басымды иемін. Маған моральдық қолдау көрсетіп, қайғыма ортақтасқан жандардың бәріне рахмет айтамын, – деді ол Астана қалалық қылмыстық істер бойынша арнайы аудандық сотында.

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевке байланысты сот 2011 жылы 19 мамырда басталған. Оған қызмет бабын асыра пайдаланды, бюджет қаржысын жымқырды, аса ірі мөлшерде пара алды деген айыптар тағылған.

Кейін прокурор айыпты жұмсартып, «бұрынғы министр Астанада көп пәтерлі тұрғын үй салған кезде аса ірі мөлшерде пара алды» деген айыпты ғана қалдырған.

Бұл сот процесінің тағы бір ерекшелігі – бұрынғы министр әрі дәрігер Жақсылық Досқалиевтің көптеген әріптестері куәлік беріп, сотталушының Қазақстан медицинасына қосқан үлесі ерекше екенін айтты. Содан болар, прокурор Тельман Әленов алқа сот мүшелеріне «сотталушының
Прокурор Тельман Әленов. Астана, 3 тамыз 2011 жыл.

мінездемесі мен еңбегін емес, заң бұзғанын қарап жатқандарын» ескертті.

– Сезімге ерік бермеңіздер. Олай болып, басқаша шешім шығарсаңыздар, сот төрелігі жапа шегеді, – деді Тельман Аленов.

Cейсенбі күні болған сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Тельман Әленов соттан жемқорлық бойынша айыпталған бұрынғы министрдің мүлкін кәмпескелеп, өзін 7 жыл бас бостандығынан айыруды, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуін сұраған еді.

Негізі, Жақсылық Досқалиев айыпталып отырған бап бойынша сотталушының мүлкі кәмпескеленіп, өзі 10-нан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы керек.

– Обьективті және әділ шешім шығатын болар деп сенемін. Бұл залда артық-ауыс сөз айтып қойған болсам, алдын-ала кешірім сұраймын. Рахмет! – деп аяқтады бұрынғы министр Жақсылық Досқалиев соттағы сөзін.

Алқа сот мүшелері Жақсылық Досқалиевке байланысты шешімді осы аптада шығаруы керек.
XS
SM
MD
LG