Accessibility links

Досқалиев төрт айыптың біреуіне байланысты жауап берді


Жақсылық Досқалиев Қазақстанның денсаулық сақтау министрі болған кезінде. Астана, 5 қазан 2009 жыл.
Жақсылық Досқалиев Қазақстанның денсаулық сақтау министрі болған кезінде. Астана, 5 қазан 2009 жыл.

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің денсаулығы оңала бастады. Ол тергеушілердің алғашқы сұрақтарына жауап берді. «Бірақ Досқалиевтің үш сағаттан артық сөйлеуге әлі де шамасы жоқ» дейді экс-министрдің адвокаттарының бірі Эдуард Шомпиев.


Адвокат Шомпиевтің айтуынша, Астанадағы тергеу изоляторында жатқан Жақсылық Досқалиев өзіне тағылған төрт түрлі айыптың тек біреуі бойынша жауап берген. Адвокаттың айтуынша, тергеушілер Досқалиевпен тергеу изоляторының ішіндегі ем қабылдап жатқан дәрігерлік бөлімінде сөйлескен.

– Алғашқы тергеуде Досқалиев мырзадан тек бір қылмыстық іс бойынша – жедел жәрдем стансасының құрылысына қатысты іске байланысты жауаптар алынды, – дейді адвокат Эдуард Шомпиев.

Адвокат Шомпиев келесі тергеу амалдары нақты қашан болатынын айта алмады. Өйткені жауап алушылар қылмыстық кодекс бойынша бес күн бұрын ескертуі қажет екен. «Алғашқы күнгі жауап алудан кейін оны сараптау жұмыстары жүргізіліп жатқан болар» дейді.

ДОСҚАЛИЕВ АЙЫПТАРДЫ МОЙЫНДАМАЙ ОТЫР

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі адвокатының айтуынша, Жақсылық Досқалиев өзіне тағылған айыптың барлығын жоққа шығарған. «Ол тергеушілерге жауап беру кезінде тағылған айыпты мойындаған жоқ. Сонымен қатар басқа да баптар бойынша қозғалып жатқан қылмыстық істерді мойындамайтынын айтты» дейді Досқалиевтің қорғаушысының бірі.

Адвокаттың пікірінше, Жақсылық Досқалиевтің денсаулығы жақсарып келе жатыр. Алғашқы жауап алу төрт сағатқа созылған. Осыдан кейін экс шенеуніктің аздап шаршап қалғанын айтады. Сондықтан ендігі жолы үш сағаттан артық жауап алуға рұқсат бермеу қажет екенін айтады адвокат. «Досқалиев ісі» аса ауыр қылмыс болғандықтан, оның адвокаттары «жауап алу процесіне міндетті түрде қатысамыз» дейді.

«ДОСҚАЛИЕВ ІСІ»

Естеріңізде болса, қаржы полициясы Жақсылық Досқалиевтің үстінен «қызмет бабын асыра пайдаланды» деген айып бойынша қылмыстық іс қозғағаны туралы Азаттық радиосы бұған дейін хабарлаған болатын.

Кейіннен қаржы полициясы оған жемқорлыққа қатысты тағы бір айып тақты. Қазанның 2-сі күні Астанадағы Сарыарқа аудандық №2 соты бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевті он күнге қамауға алу жөнінде санкция берді. Кейін аудандық сот санкция мерзімін екі айға ұзартты.

Қамауға алу туралы шешім шықпай тұрып, қыркүйектің 25-сі күні қаржы полициясында өткен тергеу кезінде Жақсылық Досқалиевтің денсаулығы нашарлап ауруханаға жатқызылғаны, дәрігерлердің оған «инсульт» деген диагноз қойғаны туралы ақпарат тарады. Бірақ кейін қаржы полициясы экс-министрге «жалған диагноз қойылған» деп мәлімдеді.

Медицина ғылымының докторы, профессор Жақсылық Досқалиев (55 жаста) Қазақстанның денсаулық сақтау министрі қызметіне екі рет тағайындалған еді.

2007 жылы тамызда президенттік «Нұр-Отан» партиясының тізімі бойынша парламент мәжілісінің депутаты болып сайланды.

2008 жылғы қарашаның 20-сы күні Қазақстан президентінің жарлығымен денсаулық сақтау министрі болып қайта тағайындалған Жақсылық Досқалиев бұл қызметтен биыл қазан айында босатылды.
XS
SM
MD
LG