Accessibility links

«Жаңаөзен ісімен» сотталғандардың бірі бостандыққа шықты


Жаңаөзен оқиғасы бойынша айыпталған азаматтар сотта тұр. Ақтау, 4 маусым 2012 жыл.
Жаңаөзен оқиғасы бойынша айыпталған азаматтар сотта тұр. Ақтау, 4 маусым 2012 жыл.

2011 жылы желтоқсанда Жаңаөзен қаласында болған оқиғаға байланысты бес жылға сотталған Шабдал Өткелов бостандыққа шықты.

«Жаңаөзен ісі» бойынша бес жылға сотталған Шабдал Өткеловтің шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғаны туралы ақпаратты оның әйелі растады.

- Қыркүйектің 15-і күні шықты. Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды. Бес баламызбен бәріміз қуанып отырмыз, - деді әйелі.

Оның айтуынша, күйеуі қазір Жаңаөзенде болғанмен сұхбат беруге ықыласы жоқ.

2012 жылы шілде айында Қазақстан қылмыстық кодексі 241-бабының 1-бөлігі бойынша («жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру және белсене қатысу») айыпталған Шабдал Өткеловті Маңғыстау облыстық соты бес жылға бас еркіндігінен айыруға үкім шығарған болатын. Ол бұған дейін Орал қаласындағы колонияда жазасын өтеп келген еді.

БОСТАНДЫҚҚА ШЫҚҚАН ПОЛИЦЕЙЛЕР

Бұған дейін интернетте «Жаңаөзен ісі» бойынша сотталған полицейлер де бостандыққа шыққан деген бейресми ақпарат пайда болған еді. Республикалық қылмыстық атқару жүйесі комитеті Азаттықтың бұған қатысты ресми сауалына әлі жауап берген жоқ.

Алайда Азаттық тілшісі полицейлердің адвокаттары арқылы олардың екеуі - Жеңісбек Теміров пен Қабдығали Өтеғалиевтің бостандыққа шыққанын анықтай алды.

Жаңаөзен қалалық уақытша тергеу изоляторының бұрынғы бастығы Жеңісбек Теміров айыпкер ретінде сотта отыр. Ақтау, 25 сәуір 2012 жыл.
Жаңаөзен қалалық уақытша тергеу изоляторының бұрынғы бастығы Жеңісбек Теміров айыпкер ретінде сотта отыр. Ақтау, 25 сәуір 2012 жыл.

- Жеңісбек Теміров осыдан шамамен жарты жыл бұрын бостандыққа шыққан. Ал Қабдығали Өтеғалиев шамамен бірнеше ай бұрын шартты түрде мерзімінен ерте босап шықты, - дейді аты-жөнін атағысы келмеген адвокаттардың бірі.

Жаңаөзен оқиғасы кезінде сондағы уақытша қамау изоляторын (УҚИ) басқарған Жеңісбек Теміров "қызметін дұрыс атқармағаны үшін" 2012 жылдың мамыр айында бес жылға сотталған болатын. Ал Қабдығали Өтеғалиев - Жаңаөзен оқиғасы кезінде шерушілерге қарсы оқ атты деп айыпталған бес полицейдің бірі. Оған сот жеті жыл берген еді.

2011 жылғы желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзен қаласында қарулы полиция осы елдімекендегі орталық алаңда еңбек мәселесіне қатысты талап қойып, бірнеше ай бойы ереуіл өткізіп тұрған мұнайшыларға оқ атты. Салдарынан 16 адам өліп, жүзден астам адам жараланған еді.

2011 жылы 16 желтоқсанда Жаңаөзендегі оқиға туралы видео

Жаңаөзен оқиғасы туралы видео
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:49 0:00
Жүктеп алу

Осы оқиғаға байланысты 37 адам «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру», «ұрлау» және «тонау» баптары бойынша айыпталып, 2012 жылғы маусымда олардың 13-і 3-7 жыл аралығындағы түрлі мерзімдерге түрме жазасына кесілген. Қалған 21 адам шартты жаза алып, үшеуі ақталған болатын. Сотталғандардың барлығы өздеріне тағылған айыптарды мойындамаған.

Түрме жазасына кесілген 13 адамның 9-ы қазір бостандықта. Олар: Нұрлан Асқарұлы, Марат Әминов, Қайрат Әділов, Жарас Бесмағанбетов, Бауыржан Непес, Мұрат Қосбармақов, Талғат Сақтағанов, Таңатар Қалиев және Шабдал Өткелов. 2013 жылы Қазақстан Жоғарғы соты бұлардың жетеуінің жазасын шартты жазаға ауыстырып, түрмеден босатқан. 2014 жылдың ақпан айында Таңатар Қалиевтің босап шыққаны хабарланған.

Ал «Жаңаөзен ісі» бойынша сотталғандардың төртеуі - Нарын Жарылғасынов, Мақсат Досмағамбетов, Қанат Жүсіпбаев және Роза Төлетаева әлі қамауда отыр.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG