Accessibility links

Жаңаөзенде сегіз жәбірленуші арыздарынан бас тартты


Жаңаөзен оқиғасына орай айыпталушылар сотта отыр. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл.
Жаңаөзен оқиғасына орай айыпталушылар сотта отыр. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл.

Ақтауда Жаңаөзен оқиғасына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Сотта жүрген журналистер мен қоғамдық комиссия өкілдерінің айтуынша, наурыздың 28-і күні болған екінші сот процесінде айыптау қорытындылары оқылып, әрбір айыпталушының «қанша сома көлемінде шығын келтіргені» айтылған. Прокурорлар «жаппай тәртіпсіздіктің сегіз ұйымдастырушысын» атаған.


Қоғамдық комиссия өкілі Гүлнар Досованың айтуынша, судья Аралбай Нағашыбаев адвокаттардың кешегі өтініштерін («жаралыларды денсаулықтарының нашарлауына байланысты қолхатпен қамаудан босату», «лақап атпен куәлік берген куәлардың жауабын жарамсыз тану», «полицейлердің тергеу ісі аяқталғанша істі кейінге қалдыру», т.б) қанағаттандырмаған. Тек қосымша куә тарту туралы өтінішті қабылдаған.

«ЕКІ МИЛЛИОН ТЕҢГЕ»

«Жаңаөзен–2011» халықаралық комитетінің өкілі Ерлан Қалиев бірнеше сағаттық үзілістен соң жалғасқан сот процесінде он шақты жәбірленушіге сөз берілгенін хабарлады.

Қалиевтің сөзіне қарағанда, жәбірленушілердің бірі, алаңда өртелген киіз үйдің иесі - әжей «үйді желтоқсанның 15-і күні алып тастағысы келгенмен, полицейлер алғызбай қойғанын» айтқан.

– Оған әкім келіп: «Міне, сіздерге қолхат жазып отырмын. Сіздерге 2 миллион теңге ақша төлеймін, қорықпаңыздар. Тіпті жанып кеткеннің өзінде төлеп беремін»
Жаңаөзен оқиғасына орай өтіп жатқан сотқа келген әжей. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Жаңаөзен оқиғасына орай өтіп жатқан сотқа келген әжей. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
деген. Менің ойымша, әкімшілік болсын, полиция болсын, оларда бір сценарий болғаны бүгін дәлелденіп отыр, – дейді Ерлан Қалиев.

Lada.kz сайтының хабарлауынша, бүгін сотқа шақырылған 11 жәбірленушінің сегізі арыздарынан бас тартқан.

Ол сегіз адамның арасында «Ынтымақ» алаңында өртенген киіз үй иелері, көлігі өртенген адамдар, Жаңаөзенде қираған дүкен қожайындары мен басқа да кәсіпкерлер бар.

«КАМЕРА, ДИКТОФОН, ФОТОАППАРАТ ҚОЛДАНУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ»

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, бүгін қалалық прокуратура өкілі Серік Ахметов журналистерге «видео және суретке түсіруге болмайды» деп ескертіп кеткен.

Janaozen.net порталының тілшісі Саламат Омаштың айтуынша, негізгі залға
Сот барысын монитордан көріп отырған адамдар. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл.
Сот барысын монитордан көріп отырған адамдар. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл.
жіберілмей, баспасөз орталығында отырған журналистерге сот залынан дауыс кейде айқын естілмей қалған. Оның ойынша, сот процесін ашық өтіп жатыр деп айтуға болмайды.

– Монитордан дауыстар нақты естілмей жатты. Кеше кешкісін, сосын бүгін мониторды 15 минутқа өшіріп тастады. Мұны кейбіреулер сотта дау-дамай туындаған кезде әдейі жасалған әрекет деп, соған балап жатты, – дейді Саламат Омаш.

Оның айтуынша, сәрсенбі күні сот залына ноутбукпен кірген қоғам белсендісі Макс Боқаев пен тағы да бірнеше азаматты залдан шығарып, құралдарын тартып алған.

«ТӨҢКЕРІС» ПЕН АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫ

Сәрсенбі күні Қазақстан президентінің саяси мәселелер бойынша кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев «Интерфакс» агенттігіне берген сұхбатында Жаңаөзен оқиғасы бойынша өтіп жатқан сотта «видео және сурет түсіруге тыйым салу жекелеген ақпарат құралдарына елдегі жағдайды өз мүддесіне пайдалануға жол бермейтінін» айтты.

Ол Жаңаөзен сотын «елдегі жағдайды шайқалтып, халықты көшеге алып шығуға пайдаланғысы келетін ақпарат құралдары бар» деп мәлімдеді.

Ермұхамет Ертісбаевтың айтуынша, «кейбір ақпарат құралдарына шынайы ақпарат
Жаңаөзен оқиғасына байланысты айыпталушы азаматтардың бірі сотта отыр. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Жаңаөзен оқиғасына байланысты айыпталушы азаматтардың бірі сотта отыр. Ақтау, 27 наурыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
емес, адамдардың санасын төңкеріске бейімдеу ғана қажет».

Орталық Азия бойынша сарапшы, Жаңаөзен оқиғасына байланысты сотқа қатысып отырған тәуелсіз журналист Джоанна Лиллис сот барысын түсіруге тыйым салған әрекетті заңға қайшы деп біледі.

– Заң бойынша ақпарат құралдарының залда отыруына мүмкіндігі болса да, судья кеше оларға залда отыруға болмайтынын айтты. Ал бүгін прокуратура өкілі біз отырған залда камера мен диктофон қосуға тыйым салды. Менің ойымша, мұның барлығы заң бұзушылық, – дейді.

Соттың екінші күні де блогшылар сот залынан туит-репортаж жасап отырды. Көптеген ақпарат құралдары соларға сілтеме жасады, себебі бұл сот залынан таралып жатқан жедел жаңалықтардың жалғыз көзі еді. Twitter-дегі жазбаларда істің 93 томнан тұратыны, сотталушылардың ісі төрт топқа бөлініп қаралып жатқаны айтылады.

Блогшылар бақылаушылардың қазақ тілін түсінбей, аудармашылар талап еткенін де жазды.

Журналист Саламат Омаштың айтуынша, соттың екінші күніне алғашқысына қарағанда адам аз келген. Сондықтан олардың барлығы да залдарға еркін сыйып кеткен.
Сотқа 37 айыпталушы, 100-ден аса жәбірленуші, 45 куәгер мен 6 мемлекеттік айыптаушы қатысып отыр.

Ғимаратта үш зал бар: біріншісі – сот процесі өтіп жатқан 170 орындық негізгі үлкен зал, екіншісі – журналистерге арналған баспасөз орталығы, ал үшіншісі – ондаған адам сыятын қосымша зал. Бұл үшінші залды қоғамдық комиссия өкілдері сот басталған күні облыс әкіміне барып сұрап алған.

Жаңаөзен оқиғасына байланысты наурыздың 27-сі күні басталған сот Ақтау қаласындағы «Арман» орталығында өтіп жатыр. Сотқа 37 айыпталушы, 100-ден аса жәбірленуші, 45 куәгер мен 6 мемлекеттік айыптаушы қатысып отыр.

Наурыздың 29-ы күні Астана уақытымен сағат 11-де басталатын келесі сот отырысында басқа жәбірленушілердің жауаптары тыңдалмақ.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG