Accessibility links

Жадымда қалған Жаңаөзен оқиғасы


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті бар өртенген биллборд. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 жыл.

Бұдан бес жыл бұрын Жаңаөзен қаласында мұнайшылар ереуіліне полиция оқ атып, көп адам қазаға ұшыраған қайғылы оқиғаға куә болған журналистің естелігі.

ЖАҢАӨЗЕННЕН ЖЕТКЕН СУЫТ ХАБАР

Жаңаөзен қаласында бірнеше айға жалғасқан мұнайшылар ереуілі кезінде полицияның атқан оғынан көп адам қаза тапқан 2011 жылғы желтоқсанның 16-ы күні таңертең телеоператор Виктор Гудзь екеуміз Алматыдан Ақтау қаласына ұшақпен жеттік. Жүгімізді Ақтаудағы жалдамалы пәтерге қойып, сағат он бірдің шамасында Жаңаөзен қаласына жолға шықтық. Жаңаөзенде ол кезде бізбен бірге (ол кезде мен басқа БАҚ-та істейтінмін) еңбек ететін әріптестеріміз журналист Шернияз Шағатай мен телеоператор Бауыржан Ыдырысов жұмыс істеп жүрген.

Ақтау мен Жаңаөзеннің ортасындағы Жетібай елді мекеніне жете бергенімізде Жаңаөзендегі алаңда бірнеше айдан бері ереуілде тұрған мұнайшылар телефон шалып, өздеріне полицияның оқ атып жатқаны туралы хабарлады. Дереу Жаңаөзендегі әріптестерімізге телефон соқтық. Тұтқаны ешкім көтермеді.

(Кейін олардың дәл сол кезде Жаңаөзендегі орталық алаңда 2011 жылғы желтоқсанның 16-сы күні оқиғаның қалай өрбігенін түсіргенін видеодан көрдік. Шернияз Шағатай мен Бауыржан Ыдырысов Жаңаөзен трагедиясын таспаға бірінші болып түсірген журналистер еді.)

Жаңаөзен оқиғасы туралы әуесқой видеосы:

Өзіміз жалдап алған таксистен бізді Жаңаөзенге тезірек жеткізуді сұрадық. Сәлден кейін Шернияз бізге телефон шалып, полицияның алаңдағы халыққа оқ атқаны туралы ақпаратты растады.

Жаңаөзенге жақындағанда қаланың бірнеше тұсынан әуеге қою түтін көтеріліп жатқанын байқадық. Кейін білгеніміздей, өртеніп жатқан қалалық әкімдік ғимараты мен «Аруана» қонақ үйі екен.

Әріптестерімізбен қалаға кіре беріс жерде кездестік. Көліктен түскен бойда алыстан бірнеше рет үзік-үзік атылған автоматтың атысына ұқсас дыбыстар естілді де тынышталып қалды. Қала іші түтінге оранған.

Әріптестермен сол жерде ақылдасқаннан кейін екі көлікпен оқиға болып жатқан Жаңаөзендегі орталық алаңға қарай беттедік. Жаңаөзенде жұмыс істеп жатқан біздің журналистер тобының жанымызда қарулы оққағарымыз бар еді. (Оны біз жұмыс істейтін компания 2011 жылғы қазанның 26-сы күні Ақтауда белгісіз біреулер мені және жанымдағы телеоператор Асан Амиловты травматикалық тапаншамен атып, бейсбол таяғымен соққыға жыққан шабуылдан кейін жалдаған болатын.)

Жаңаөзен қаласының орталығындағы Тәуелсіздік алаңы жеті ай бойы жергілікті «Өзенмұнайгаз» компаниясына еңбек жағдайы мен еңбекақы төлеміне қатысты талап қойып, ереуіл өткізіп жатқан мұнайшылар жиналатын орын болатын. Біз келіп жеткенде алаңнан полиция көрінбеді, сол жердегі адамдардың айтуынша, олар шегініп кеткен. 120 мың адам тұратын Жаңаөзеннің мыңдаған тұрғыны не болып жатқанын көру үшін алаң маңына жиналған.

Жаңаөзендегі Тәуелсіздік алаңы. 16 желтоқсан 2011 жыл. (Reuters видоесынан скриншот.)
Жаңаөзендегі Тәуелсіздік алаңы. 16 желтоқсан 2011 жыл. (Reuters видоесынан скриншот.)

Шернияз бен Бауыржан алаңда болып жатқан оқиғаны түсіруге кірісті. Виктор екеуміз алаңға таяу орналасқан 5 қабатты үйдің төбесіне шықтық. Ол жерде де адам көп екен. Оператор жұмысына кіріскен кезде оған ешкімнің жақындамауын қадағалап тұруға тура келді. Себебі, бұған дейін Тәуелсіздік алаңында жұмыс істеп жүрген кезде Шернияз бен Бауыржанға ағаш-темірмен қаруланған әлдебір адамдар шабуыл жасағанын бағана әріптестерімізден естігенбіз. Көлікке мініп үлгерген журналистердің соңынан ұмтылғандар олар отырған автомобильдің артқы әйнегін сындырған. Сондықтан бізге кәсіби міндетті атқара жүріп арандатушылардан сақтануға тура келді.

ҚАРУЛЫ ӘСКЕРИЛЕР

Желтоқсанның 16-ы күні күндіз түсірілген материалдарды редакцияға жөнелту үшін кешке қарай бізге Ақтауға қайтып баруға тура келді. Өйткені, түстен кейін Жаңаөзенде ұялы телефон және интернет байланысы ажырап қалды. Маңғыстау облысы орталығына келе жатқанымызда Ақтау-Жаңаөзен тасжолымен Жаңаөзенге қарай бет түзеген әскерилер мен полиция тиелген жиырма шақты автобус, әскери көліктер мен бірнеше БТР қарсы кездесті. Әуеден екі тікұшақты байқадық.

Орталық алаң тұсындағы өртеніп жатқан ғимараттан көтерілген түтін. Жаңаөзен, 16 желтоқсан 2011 жыл.
Орталық алаң тұсындағы өртеніп жатқан ғимараттан көтерілген түтін. Жаңаөзен, 16 желтоқсан 2011 жыл.

Ақтауға жетіп, қолдағы материалды редакцияға жөнелткен соң сол күні түнде Виктор екеуміз таксимен Жаңаөзенге қайтып оралдық. Біз келсек қалада электр жарығы да өшіріліпті. Күндізгідей емес, ауа райы күрт суытқан. Оқиға болған күні түстен кейін құмды боран көтерілген болатын. Әр тұстан жанған өрт көрінеді. Көшені тұман тәрізді қою түтін басқан. Такси жүргізушісі еш жерге тоқтамайтынын айтты. Ұялы телефон байланысы болмағандықтан мұнайшылармен хабарласа алмадық.

Таныс мұнайшыларды кезіктірсек, ақпарат алармыз деген оймен бір сағаттан астам уақыт қаланы аралап жүрдік. Құлағының мүкісі бар такси жүргізушісі бір кезде көлікті үлкен жолдан шығып, Жаңаөзенге кіре берістегі мұнай өңдейтін зауытқа қарай бұрды. Оған кері қайту қажеттігін айтып үлгергенімізше болған жоқ, автомат кезенген төрт әскери адам жан-жағымыздан қоршап алып, кім екенімізді, мұнда не үшін жүргенімізді сұрады.

Полиция қызметкері жергілікті тұрғынды тексеріп тұр. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 жыл.
Полиция қызметкері жергілікті тұрғынды тексеріп тұр. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 жыл.

Көліктің алдында отырған әріптесім Виктор «журналистерміз» деп, қолын төс қалтасына салып, «БАҚ қызметкері» деген жазуы бар куәлігін көрсетпек болған еді, бізге сұрақ қойып тұрған, жүзіне бетперде таққан әскери адам «қажет емес» («не надо») деп көлік жанынан кері секірді. Сол-ақ екен, екі қапталымызда және бізге қарсы тұрған әскерилер сарбаздар қаруларын кезене алға ұмтылды. Бұлар Жаңаөзенде төтенше оқиға басталғанда стратегиялық нысан ретінде зауытты күзетуге келген әскерилер екенін кейін білдік. Оларға зауыт маңына адасып келгенімізді әрең дегенде түсіндірген соң, қарулы адамдар бізді босатып, қайтадан негізгі жолға түстік.

Дәл осы кезде Жаңаөзеннен дабыл белгісін қосқан бірнеше медициналық жедел жәрдем көлігі Ақтауға қарай үлкен жылдамдықпен кетіп бара жатты. Бірден солардың соңынан ілестік.

АУРУХАНАДА

Ақтаудағы облыстық ауруханаға жедел жәрдем көліктерінен бұрын жеттік. Мұнда туыстарына оқ тигендер мен сол күні хабарсыз кеткен жақындарын іздеген адам толып жүр екен. Біз барған кезде ауруханаға 5 жедел жәрдем көлігі келді.

Көліктен адамдар зембілге сап көтеріп түсірген бір жас жігіт «аяғым» деп айқайлап жатты. Тағы бір адам жарақатын ауырсынып әлсіз ғана ыңырсумен болды. Қалғандары үнсіз жатты. Осы жерде біз жолықтырған мұнайшы Шолпан Өтекеева Жаңаөзенде күндіз алаңда болған оқиға кезінде күйеуіне оқ тиіп, ауыр жараланғанын айтып берді.

Жаңаөзен тұрғыны Аманжол Әжігітов қолына оқ тигенін айтып тұр. Ақтау ауруханасы, 18 желтоқсан 2011 жыл.
Жаңаөзен тұрғыны Аманжол Әжігітов қолына оқ тигенін айтып тұр. Ақтау ауруханасы, 18 желтоқсан 2011 жыл.

Жергілікті уақытпен түнгі сағат 2:30-ға дейін аурухана маңында жүріп, жинаған ақпараттан хабар әзірлеп, редакцияға жөнелту үшін Ақтаудағы жалдамалы пәтерімізге қайттық. Жаңаөзенде бізден бөлініп қалған екі әріптестеріміз де сонда екен, бір-бірімізді аман-есен көрген кезде балаша қуандық. Жаңаөзенде телефон байланысы ажырап қалғандықтан біздің жағдайымызда бейхабар қалған олар қатты алаңдапты.

Желтоқсанның 16-сы түнде Жаңаөзеннен Ақтау ауруханасына жеткізілген 5 адамның екеуі қаза болғанын таңертең естідік. Сол күні Ақтаудағы автостанцияға Қаражанбасмұнай, Қаламқас кен орнындарынан келген мұнайшылар Жаңаөзендегң полицияның оқ атуына наразылық білдіріп жиналып жатты. Олар қала орталығындағы Ынтымақ алаңына бармақшы болды. Бұл кезде алаңды полиция қоршауға алған еді.

КӨШЕДЕГІ МӘЙІТ

Желтоқсанның 17-і күні таңертең Виктор екеуміз Жаңаөзенге қайта келдік. Мұнайшылармен кездесіп, сұқбат алдық. Қаланы аралап видео түсіруге кірістік. Тәуелсіздік алаңына апаратын орталық көшелердің бірінде жол шетінде бір адамның жатқанын көрдік. Көліктен түсіп, жанына барғанымызда жерде жатқан жігіттің қаза болғанын түсіндік. Марқұмның оң жақ бетінен тиген оқ ізі көрінеді. Ашық қалған жанарына қан мен жас тұнып қалыпты. Мәйіттен аулағырақ жерде бас киімі жатыр. Сол маңда жиналып тұрған бір топ жігіт үй телефонымен жедел жәрдемге хабар бергендерін айтты.

Осы жерден екі-үш жүз метр жердегі Тәуелсіздік алаңы бүгін темір шарбақпен қоршалыпты. Ол жерге келген мұнайшыларға қала прокуроры Марат Тойғанбаев қоршаудың ар жағында тұрып: «тараңдар, заңсыз жиналып тұрсыңдар» деп ескертті. Оның жанында қолдарына мылтық ұстап, жүздерін бетпердемен жасырған қара киімді екі адам еріп жүрді.

Тәуелсіздік алаңын күзетіп тұрған полиция жасағы. Жаңаөзен, 18 желтоқсан 2011 жыл.
Тәуелсіздік алаңын күзетіп тұрған полиция жасағы. Жаңаөзен, 18 желтоқсан 2011 жыл.

Мұнайшылар қолдарындағы атылған оқ гильзаларын көрсетіп: «Мынадай темір оқпен неге атасыңдар?» деп айқайлап сұрап жатты. Бірақ билік өкілдерінен ешкім бұл сұраққа жауап бермеді. Алаңның арғы басында Жаңаөзенге желтоқсанның 16-ы күні әкелінген бірнеше жүз полиция жасағы сап түзеп тұрды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығына сәйкес, 2011 жылғы желтоқсанның 17-і күні сағат кешкі 18:00-де Жаңаөзен қаласында коменданттық сағат тәртібі енгізілді. Сол күннен бастап қала полиция бақылауына өтті. Қала коменданты болып Маңыстау облысы ішкі істер департаменті бастығы Аманжол Қабылов тағайындалды.

Президент жарлығы бойынша, Жаңаөзен қаласында аудио-видео жазатын құралдарға тыйым салынды.

Коменданттық сағаттың ресми түрде енгізілгенінен Жаңаөзенде жүрген біз хабарсыз едік. Бірақ коменданттық сағат мерзімі басталмай тұрып қаладан шығып үлгердік.

ЖУРНАЛИСТЕР КЕЗДЕСКЕН КЕДЕРГІЛЕР

Жаңаөзендегі оқиға кезінде бірге жұмыс істеген телеоператор Виктор Гудзь қазір деректі фильмдер мен фото түсірумен айналысады. Ол Жаңаөзен оқиғасы кезінде мұнайшылар ереуілі мен желтоқсандағы қантөгіске ұласқан қайғылы оқиға жайлы ақпарат алу қиынға түскенін айтады.

- Жаңаөзен оқиғасы кезінде президент оқиға туралы барлық мәлімет ашық болуы қажеттігін айтты. Бірақ, ол толық орындалған жоқ, журналистерге ақпарат алу қиын болды. Жаңаөзенге кіргізбеді, - дейді ол.

Жаңаөзен қаласындағы полиция жасағы. Маңғыстау облысы, 18 желтоқсан 2011 жыл.
Жаңаөзен қаласындағы полиция жасағы. Маңғыстау облысы, 18 желтоқсан 2011 жыл.

Жаңаөзенде төтенше жағдай жарияланып, комендантық сағат тәртібі енгізілгеннен кейін Маңғыстауға барған журналист Қанат Тілеухан да ақпарат алу және таратуда қиындықтар болғанын растайды.

- Жаңаөзендегі оқиға жайында жаһанға жарияланып үлгергенімен, ақпарат алуға барғанда кедергілерге тап болдым. Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі мені журналист ретінде тізімге енгізуді ұзаққа созды. Жаңаөзен мен Жетібайға, Шетпе кентіне бару қиындық тудырды, - деп еске алады Қанат Тілеухан.

2011 жылы Маңғыстау өңірінде алғаш ереуілдеген Құрық ауылындағы «Ерсай Каспиан контрактор» компаниясының мұнайшылары жайында ақпарат таратқан журналистердің бірі – Инга Иманбай. Ол 2011 жылы Жаңаөзенге барғанымен жергілікті билік әлдебір құжат көрсетіп, қалаға кіргізбей қойғанын айтады.

XS
SM
MD
LG