Accessibility links

Ереуілші мұнайшылар қарыз алып, балаларын мектепке жіберіп жатыр


Жұмыстан шығарылған мұнайшылар "Қаражанбасмұнай" АҚ ғимаратының алдында наразылық шеруіне қатысып тұр. Ақтау, 01 қыркүйек 2011 жыл.
Жұмыстан шығарылған мұнайшылар "Қаражанбасмұнай" АҚ ғимаратының алдында наразылық шеруіне қатысып тұр. Ақтау, 01 қыркүйек 2011 жыл.

Мұнайшылардың басым бөлігі жаңа оқу жылының екінші аптасында балаларын оқуға жібере бастады.


«Өзенмұнайгаз» компаниясының жұмысшысы Айман Оңғарбаева да қарыз алып, сол ақшаға баласын мектепке аттандырғанын айтады.

«ҚАРЫЗЫМЫЗДЫҢ ЕСЕБІ ЖОҚ»

– Баламды қарыз алып киіндірдім. Енді сол қарыз алған адамым күнде келіп, «ақшамды қайтар» деп есікті тықылдатады. Қазір қарызымыздың есебі жоқ төрт айдан бері ақша алмаған соң. Ал (қаржы полициясы) жан-жақтан көмек ретінде жіберіп отырған ақшалар түсетін есепшотты
Ереуілшілердің наразылық шеруіне оқуға бармаған балалары да ере келді. Ақтау, 1 қыркүйек 2011 жыл.

жауып тастаған, – деді ол сәрсенбі күні Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, осы қарыздың өзін де таппай, балаларын мектепке жібере алмай отырған отбасылар да бар.

Қаражанбастағы ереуілші мұнайшылар да балаларын қарыз есебінен оқуға жібергендерін айтады.

Ереуілде тұрған мұнайшылардың бірі Өскенбай Қазиев «балалар оқудан қалмасын» деп, амалдап ақша тауып жатқанын айтады.

– Әркім қарызданып, біреуі қолынан келген жұмысын жасап, балаларын мектепке жіберіп жатыр. Мектепке бармаса болмайды ғой. Бармай жатқандар да бар. Жағдай жоқ, киім жоқ, – дейді ол.

Маңғыстауда қазір мектепке қанша оқушының бармай қалғаны жөнінде нақты деректі білмек болып, сәрсенбі күні Маңғыстау облыстық білім департаментіне хабарластық. Бірақ телефон тұтқасын көтерген хатшы қыз департамент бастығының Астрахан қаласына кеткенін айтты. Ал департамент бастығының орынбасары орнында жоқ болып шықты. Кейінірек бірнеше мәрте хабарласқан кезде ешкім жауап берген жоқ.

Жаңа оқу жылы басталған кезде жергілікті ақпарат құралдарына сұхбат берген Маңғыстау облыстық білім департаментінің бастығы Динара Жұмашева облыс бойынша әртүрлі себеппен тек 79 баланың мектепке келмей қалғанын айтып еді.

«МИЛИЦИЯ ҰРАДЫ, АУРУХАНА ҚАРАМАЙДЫ, СОТ БЕКЕРГЕ СОТТАЙДЫ»

Жаңаөзендік мұнайшылар «полицияға қарсылық көрсетті» деп айыпталып, 15 тәулікке қамалған Наталья Әжіғалиеваның денсаулығына алаңдап отырғандарын айтты.

«Өзенмұнайгаз» компаниясының мұнайшысы Айман Оңғарбаева Жаңаөзен қаласында қамауда отырған Наталья Әжіғалиеваны сейсенбі күні көргенін, оның зорға сөйлеп тұрғанын айтады.

– Кеше сәті түсіп, кішкентай терезеден көргенім бар еді. «Не керек, денсаулығың жақсы ма?» деген кезде оның екі бүктеліп, жүдегенін көрдім. Бұрын да асқазаны ауырып жүргенін айтып едім ғой. Аштықта жатқан
Мұнайшылар белсендісі Наталья Әжіғалиева. Жаңаөзен, 1 қыркүйек 2011 жыл.

кезде асқазанын құртып алған. Оны көрген кезде жүрегім ауырды, – деді Айман Оңғарбаева сәрсенбі күні.

Жаңаөзендік мұнайшылардың белсендісі Наталья Әжіғалиеваны жергілікті полиция қыркүйектің 8-і күні Айман Оңғарбаеваның үйінде ұстап әкеткен болатын. Оны ұстаған кезде жанында болған Айман Оңғарбаева полицияның енді өзі мен отбасы мүшелерін (апасы Бабанова Шолпанды, ағасы Бабанов Қуанышты, күйеу баласы Биделеков Нұрланды) сотқа тартпақ болғанын айтып отыр.

– Сол күні баламды да, өзімді де, бәрімізді полицияға алып кетті. Бізге сол кезде бастықтары «355-бап бойынша құжаттарды рәсімдеңіздер» деді. «Не үшін?» деп сұраған кезде «Әжіғалиеваны ұстау кезінде полиция органдарына қарсылық көрсеттіңдер» деп жауап берді. «Ал сіздер еш түсіндірместен, еш санкциясыз үйіме неге келесіздер?» деп сұраған кезде олар үндемей қалды, – дейді Айман Оңғарбаева.

Оның сөзінше, соттың қай күні өтетінін полиция да, сот та ашық айтпай отыр. Айман Оңғарбаева сол оқиға кезінде 12 жасар баласының соққыға жығылғанын, алайда аурухананың оны қарамай қойғанын да айтты.

– Милиция ұрады. Аурухана қарамайды. Сот бекерден-бекер соттап жібереді. Бізде осылай болып тұр ғой, – дейді ол.

Сәрсенбі күні Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасына хабарласқан кезде кезекші «барлық сұрақтарға тек Ақтау полициясы өкілдері жауап бере
Ереуілші мұнайшылар. Жаңаөзен, 1 қыркүйек 2011 жыл.

алатынын» айтты. Ал Ақтау қалалық ішкі істер басқармасынан жауап алудың сәті түспеді.

АШЫҚ ХАТ

Жаз айында Маңғыстау облысында болып қайтқан еуропарламент депутаты Пол Мерфи қаза тапқан мұнайшыларға көңіл айтып, қыркүйектің 12-сі күні ашық хат жолдады.

«Жақсылық Тұрбаев пен Құдайберген Қарабалаевтың 18 жастағы қызы Жансәуле Қарабалаеваның өлімі туралы хабарды қатты түршігіп, ашу-ызамен қайғыра отырып естідім. Наталья Соколованың да 6 жыл түрмеге кесілгендігін Қазақстанның социалистік қозғалысынан білдім. Осындай ауыр сәтте мен олардың отбасы, достары және жақындарымен бірге болып, әділетсіздіктен зардап шеккендерді қолдағым келеді» дейді Пол Мерфи сәрсенбі күні ақпарат құралдарына таратылған хатта.

Депутат сонымен бірге «жұмыс беруші компаниялар жағына шығып кеткен» биліктің әрекетін сынап, билік партиясынан шығып кеткен мұнайшылардың әрекетін қолдайтынын да жазған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG