Accessibility links

Өндірісте жараланған мұнайшы жұмыссыз қалды


«Қаражанбасмұнай» жұмысшысы Темірғали Мүйімов еңбек өтілі туралы кітапшасын көрсетіп отыр. Ақтау, 14 тамыз 2016 жыл.
«Қаражанбасмұнай» жұмысшысы Темірғали Мүйімов еңбек өтілі туралы кітапшасын көрсетіп отыр. Ақтау, 14 тамыз 2016 жыл.

«Қаражанбасмұнай» компаниясының бұрынғы жұмысшысы өндіріс қауіпсіздігі мәселесін жиі көтергені үшін әуелден-ақ қысымға ұшырағанын айтады. Ал компания еңбек келісім-шартын заңға сәйкес үзгенін хабарлайды.

Жаңаөзен қаласының тұрғыны Темірғали Мүйімов 2007 жылдан бері «Қаражанбасмұнай» компаниясында қабат асты қысымын бақылайтын 5- разрядты мұнайшы оператор болып жұмыс істеп келеді. Өз сөзінше, ол мұнай саласында бас-аяғы 29 жыл еңбек еткен. Мүйімов 2015 жылғы тамыздың 7-сі күні өндіріс басында құлап қалып,сол жақ қолының дұрыс қимылдамай қалғанын, екі қабырғасының сынғанын айтады. Жұмыс беруші қызметтік зерттеу жасап, мұнайшының жарақат алудағы кінәсін – 95%, ал компания кінәсін 5% деп бағалаған, әрі онымен еңбек шартының бұзылғанын хабарлаған. Бұл қорытындымен келіспеген мұнайшы еңбек басқармасына, сотқа арызданып еш нәтиже шығара алмай жүр.

ЖАРАҚАТ

48 жастағы Темірғали Мүйімов өзінің қызметтік зерттеу қорытындысын көріп қатты таң қалғанын айтады. Оның сөзінше, жұмыстары оңай емес. Күн сайын арнайы жасақталған маршруттық картамен 13 шақырым жүріп, 70 ұңғыманы қарап, олардың жұмысына бақылау жасауы керек.

- Бұл маршруттық картамен келе жатқанда жолдың бойында өткелдер көп, биiк трубалардан өтесің. Қысты күндері тіпті жүру мүмкін емес, -дейді ол.

Ол өзінің сондай биіктігі 83 сантиметр болатын трубадан өтпекші болғанда құлап, жарақаттанағанын айтады. Жедел жәрдеммен Ақтауға жеткізілігенімен дәрігерлер оның қабырғасы сынғанын бірден байқай алмаған.

- Дене қызуым бірнеше күн түспеді. Кейін жан-жақты рентгенге түсірген соң ғана ғана төртінші, бесінші қабырғамның сынғанын көрсетті,- дейді ол.

Бұл жарақатты сот медициналық сараптамасы да растап, оның негізінде 2016 жылғы 14 шілдеде зардап шеккен қызметкердің көмектің қосымша түріне және күтімге мұқтаждығы туралы қорытынды шығарылған. Онда Мүйімовтың «өндірістегі жарақат салдарынан кәсіптік еңбекке жарамдылық қабілеті 55%» деп көрсетілген.

«Қаражанбасмұнай» компаниясы кеңсесі. Ақтау, 14 тамыз 2016 жыл.
«Қаражанбасмұнай» компаниясы кеңсесі. Ақтау, 14 тамыз 2016 жыл.

- Жұмыс беруші екі рет акт жасақтап, бірінші зерттеуінде мені 100 пайыз кінәлі қылды. Тек еңбек басқармасының қарсылық хатынан соң қайта зерттеу жүргізіп, менің кінәмді 5 пайызға азайтты,- дейді Темірғали Мүйімов.

Ол дәл осындай жағдайға екінші мәрте душар болып отырғанына, жұмыстағы еңбек қауіпсіздігінің сақталмайтынына шағымданады.

- 2014 жылғы өндірістегі жарақат алуда өзімнің кінәсіздігімді дәлелдеп шыққанмын. Маршруттық картаның адам өміріне қауіпті жолдармен өтетінін, дұрыс жасақталмағаны жайлы айтсам да ешкім ескермеді,- дейді ол.

Темірғали Мүйімов бұдан бөлек өндірісте алған жарақатын емдеумен жүргенде 2015 жылғы қазанның 2-сі күні «Қаражанбасмұнай» компаниясымен өзінің арасындағы еңбек-шартының бұзылғаны туралы хабарлама алғанын айтады.

- Менің өндірісте жарақат алғаным рас. Оны сот медициналық сараптамасы да, еңбек басқармасы да растап отыр. Онда неге мені жұмыстан шығарады? - деп сұрайды ол.

«НҰР ОТАННАН» БАС ТАРТУ

Темірғали Мүйімов жұмыс орны өзіне қатысты «әділетсіз шешім қабылдады» деп санайды. Ол көмек сұрап, кезінде өзі мүше болып кірген «Нұр Отанның» облыстық филиалына да бірнеше мәрте барғанын мәлімдеді. Бірақ нәтиже шықпаған соң тамыздың 16-сы күні партиядан шығуға арыз берген.

Қатты ренжіп, «Нұр Отан» партиясынан шығуға арыз бердім. Себебі мен бұл партияға 15 жылдан бері мүшемін. Ай сайын еңбек ақымнан 600 теңгеден жарна төлеп келдім. Басыма күн туғанда мені қолдамаса, қорғамаса, ондай партияның маған керегі қанша?
Темірғали Мүйімов

- Қатты ренжіп, «Нұр Отан» партиясынан шығуға арыз бердім. Себебі мен бұл партияға 15 жылдан бері мүшемін. Ай сайын еңбек ақымнан 600 теңгеден жарна төлеп келдім. Басыма күн туғанда мені қолдамаса, қорғамаса, ондай партияның маған керегі қанша? - дейді ол.

Азаттық тілшісі Темірғали Мүйімовтің арызы туралы «Нұр Отан» партиясының Маңғыстау облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Мұхамбет Жайлыбаевтан сұраған еді. Алайда мұндай сауалды қойғанның өзіне қатты ренжіген ол қарамағындағы қызметкерлеріне Азаттық тілшісінің үстінен Маңғыстау облыстық прокурорының атына «халық пен партия арасында интрига жасап жүр» деп шұғыл арыз түсіруге нұсқау беріп, жауаптан жалтарды.

ВИДЕО: Темірғали Мүйімов​тің сөзі мен «Нұр Отан» өкілінің қоқан-лоқысы

«Нұр Отан» партиясы өкілі журналисті жазғырды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:26 0:00

Өзінің кінәсін 5 пайызға мойындаған жұмыс беруші «Қаражанбасмұнай» акционерлік қоғамының 2015 жылғы қазанның 12-сінде жасалған «Өндірістегі бақытсыз жағдай туралы №04-15» актісінде өндірістік жарақаттың басты себебі ретінде екі мәселе атап көрсетілген: зардап шегушінің өрсекел бейқамдығы мен еңбек өндірісінің дұрыс ұйымдастырлмауы.

Азаттық тілшісімен сөйлескен «Қаражанбасмұнайдың» құқықтық және кадр мәселелері жөніндегі вице-президенті Руслан Мақашев арызданушы Темірғали Мүйімовтің жағдайына қатысты толыққанды жауап алу үшін жазбаша хат жолдауды ескертті. Оның айтуынша, Мүйімов маршруттық картамен жүрмеген.

«Қаражанбасмұнай» компаниясының жұмыстан шығарылған мұнайшылары үкіметке арыз жазып тұрған сәт. Ақтау, 23 желтоқсан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
«Қаражанбасмұнай» компаниясының жұмыстан шығарылған мұнайшылары үкіметке арыз жазып тұрған сәт. Ақтау, 23 желтоқсан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

- Оператордың қолында маршруттық карта бар, ол соны сақтауы тиіс. Трубалардың арасында арнайы аркалар бар, содан өтуі керек еді, бірақ ол олай жасаған жоқ. Ал екі қабырғасының сынғаны туралы рентген қорытындысын оқиғадан соң үш ай өте ұсынды. Біздің мамандар оған күмәнмен қарады, - деді ол.

Руслан Мақашевтың сөзінше, Мүйімовпен еңбек шарты еңбек кодексінің 52-бабының 4-тармағына сәйкес, екі жақты келісім бойынша бұзылған. Бұл жерде де заңға қайшы әрекет жоқ.

- Ең басты себеп – оның цехындағылардың Мүйімовпен жұмыс істегілері келмейтіні туралы ұжымдық арызы болды, - дейді Руслан Мақашев.

Жұмыс беруші еңбек шартына сәйкес Мүйімовке бір жылдық еңбек ақысының, сыйақыларымен қоса қомақты соманың төленгенін де айтты.

Алайда вице-президенттің бұл уәжімен Темірғали Мүйімовтың өзі келіспейді. Оның пікірінше, үнемі жұмыстағы келеңсіздіктерді ашық айтып, еңбек қауіпсіздігінің сақталмайтыны туралы жиі мәселе көтеретіндіктен өзі бірнеше жылдан бері «қара тізімге ілігіп жүрген». Ол жұмыс берушінің өндірістік жарақаты туралы да, жұмыстан шығарылуы туралы да шешімдерімен келіспей сотқа арызданған. Алайда Ақтау қалалық соты мұнайшының талабы дұрыс деген шешім шығарғанымен, қалған сот инстанциялары жұмыс берушінің талабын заңды деп тапқан.

Жоғары Соттан да, облыстық сот шешімінің өзгермейтіні туралы жауап алдым. Ендігі бар үмітім – бас прокуратурада.

- Жоғары Соттан да, облыстық сот шешімінің өзгермейтіні туралы жауап алдым. Ендігі бар үмітім – бас прокуратурада. Олар менің арызыма қыркүйекте жауап беретіндерін айтты, - дейді құқығын әлі жеткенше қорғауға тырысқан мұнайшы.

Темірғали Мүйімов тәрізді ондаған мұнайшы өндіріс орындарында жүріп түрлі дене жарақатын алағынмен олардың бәрі жарыққа шыға бермейді. Басқа мұнайшылар да өзара әңгімеде саусақтарынан айырылу, қолдарын сындыру тәрізді денсаулыққа өндіріс басында келген зиянды ашып айтуға ұмтылмайтындарын жасырмайды. Өйткені бұл мәселені ашық көтерсе, жұмыстан айырылып, әлдеқайда көбірек зиян шегеміз деп қауіптенеді. Сондықтан аймақтағы өндірістегі жарақат туралы объективті статистикаға қол жеткізу де өте қиын. Бұдан бірнеше жыл бұрын жарияланған сирек деректерге сүйенсек, 2011 жылы Маңғыстау облысында өндірісте 41 жұмысшы жарақат алып, оның бесеуі көз жұмған, ал 2013 жылы Жетібай кенішінде екі жұмысшы биіктен құлап мерт болған. «Қаражанбасмұнай» компаниясы Маңғыстаудағы Бозашы түбегіндегі Қаражанбас мұнай кенішін игерумен, мұнайды экспорттаумен айналысады. Компанияда 7000-нан астам адам еңбек етеді.

XS
SM
MD
LG