Accessibility links

Жаңаөзендік мұнайшылар ұжымдық шартқа наразы


"Мұнайфилдсервис" жұмысшыларының былтырғы ереуілі. Жаңаөзен, 24 шілде 2012 жыл. (YouTube видеосынан алынған сурет).
"Мұнайфилдсервис" жұмысшыларының былтырғы ереуілі. Жаңаөзен, 24 шілде 2012 жыл. (YouTube видеосынан алынған сурет).

Жаңаөзендегі «Мұнайфилдсервис» компаниясының жұмысшылары әлеуметтік талаптары орындалмай отыр деп санайды. Ал басшылық кейбір талаптарды «ақылға қонымсыз» деп сипаттайды.

«Мұнайфилдсервис» компаниясының "ұжымдық келісім-шартта жазылған әлеуметтік талаптарды орындамай отырғанына" наразы жұмысшылардың бірі - Әбдіқасым Тулегусов. Ол жалақысы дұрыс төленбей отыр деп санайды.

- Айлық дұрыс шықпайды. Ай сайын айғай. Сосын разряд деген бар. Оны төмен разрядпен беріп жүр. Бізді "Уазиктің" өлшемімен есептейді. Ал мен негізі автобус айдаймын. 25 адамдық. Қаңтар айында сағатына 582 теңгемен төледі. Ал ақпан айында 611 теңгемен төледі. Кеше барсақ, бұрынғыша баяғы. Көтереміз дейді. Бірақ орындалып жатқан ештеңесі жоқ, - дейді жүргізуші Әбдіқасым Тулегусов.

Оның айтуынша, бұрын "жүргізушілер 12 сағатпен, 15 күндік вахтаға шығып келген. Ал қазір департамент талабына қарамастан 9 сағаттық қып жіберген".

Ол жұмысшылардың көптеген әлеуметтік жеңілдіктерден қағылып отырғанын айтты.

Компанияның кәсіподақ мүшелері осы мәселелерді талқылау үшін сәуірдің 5-і күні жиын өткізбек болған. Бірақ олар басшылық рұқсат етпегендіктен жиынды компания қақпасының сыртында өткізгендерін хабарлады.

- Негізінен қаңтар айында қабылданған ұжымдық келісім-шартты қайта қарау жөнінде болды. Басшылық онда жазылған талаптардың ешқайсысын орындамай отыр, - деді құрамында 360 мүшесі бар компания кәсіподағының төрағасы Ахмет Сүйірханов Азаттық тілшісіне.

Ол мұны "қоғамдық бірлестіктердің қызметіне кедергі жасау", "қызметкерлердің өкілдерінің заңды қызметіне кедергі келтіру" деп атайды.

Кәсіподақ төрағасының айтуынша, ұйым мүшелерінің далада екі сағат өткен жиынына шамамен әр бригададан 40-50 адам келген. Жиын біткен соң жұмысшылар тарап кеткен.

"ӘЛІ КҮНГЕ ДЕЙІН ЖЕКЕ ЕҢБЕК КЕЛІСІМ-ШАРТЫ ЖОҚ "


"Мұнайфилдсервис" жұмысшыларының былтырғы ереуілі. Жаңаөзен, 24 шілде 2012 жыл. (YouTube видеосынан алынған сурет).
"Мұнайфилдсервис" жұмысшыларының былтырғы ереуілі. Жаңаөзен, 24 шілде 2012 жыл. (YouTube видеосынан алынған сурет).
Компанияның тағы бір көлік жүргізушісі Фархад Багибаев та еңбегінің дұрыс бағаланбайтынын айтады.

- Жаңаөзендегі ең төмен жалақы - "Мұнайфилдсервисте". Мысалы, жеке көлік компанияларында сағатына 885 теңгемен төленсе, біз сағатына 739 теңге аламыз. Басшылықтың әлеуметтік талаптарды орындаймыз дегеніне көп болды. Төлеген Әжібаевтың (компания құрылтайшыларының бірі - ред.) өзі наурыз айына дейін күтіңдер деді. Ал наурыз өтіп кетті. Ештеңе өзгерген жоқ, - дейді жүргізуші.

Жұмысшылар бұған қоса жұмыс беруші мен жұмысшы арасында жасалатын жеке еңбек келісім-шартының "әлі күнге дейін дұрыс жасалмай келе жатқанын" айтып шағымданады.
Жеке еңбек шартында жұмысшының жалақысы, жұмысқа келген уақыты, қандай жұмыс жасайтыны көрсетіледі. Қазірге дейін ондай нәрсені алған жоқпыз.

- Жеке еңбек келісім-шартында жұмысшының жалақысы, жұмысқа келген уақыты, қандай жұмыс жасайтыны көрсетіледі. Міндет, құқықтары дегендей. Қазірге дейін ондай нәрсені алған жоқпыз. Бас директордың өзі "мен сендер сияқты қарапайым жұмысшымын, ештеңе шешпеймін" деп отыр. Алматыдағы қадағалау кеңесіне сілтейді. Ал ондағылар - бұларға. Екі ортада мұның зардабын қарапайым жұмысшылар көріп отыр, - дейді кәсіподақ төрағасы Ахмет Сүйірханов.

«ЖҰМЫСШЫЛАР ЗАҢДА ЖОҚ НӘРСЕНІ СҰРАЙДЫ»

Ал "Мұнайфилдсервис" компаниясының басшылығы жұмысшыларға жиын өткізуге рұқсат бермеуінің себебін былайша түсіндіреді.
Екі ай бұрын олармен келіскен еді. Шарт негізі үш жылға жасалған.

- Мен рұқсат берген жоқпын. Себебі олар "жиында екі ай бұрын ғана қабылданған ұжымдық келісім-шартты қайта қараймыз" деп жатыр. Екі ай бұрын олармен келіскен еді. Шарт негізі үш жылға жасалған. Біз сол кездегі қаулыларды құрылтайшыларға жіберіп қойдық емес пе. Ондай болмайды ғой, - деді компанияның өндірістік базасының директоры Абдулатип Манапов.

Жеке еңбек келісім-шартына байланысты ол: "Келесі аптада құрылтайшылардан штаттық кесте келеді. Біз онсыз келісім-шарт жасай алмаймыз. Себебі кестеде еңбекақы көрсетіледі" деді.

Компанияның жұмысшыларға "шама-шарқынша жалақы төлеп келе жатқанын" айтқан Абдулатип Манапов жұмысшылардың кейбір талаптары "ақылға қонымсыз" екенін де ескертті.
Ұжымдық шарт бойынша талаптар шешіліп жатыр. Айлықтары уақытында беріліп жатыр. Олар заңда көрсетілмеген нәрселерді сұрайды.

- Ұжымдық келісім-шарт бойынша талаптар шешіліп жатыр. Айлықтары уақытында беріліп жатыр. Олар заңда көрсетілмеген нәрселерді сұрайды. Мысалы, кәсіподақ мүшелеріне бес күн демалыс қосуды сұрайды. Заң бойынша тек 24 күн демалыс қарастырылған. Және "зияндылығы үшін" - алты күн, бәрін қосқанда - 30 күн. Ал олар бізге "35 күн бер" дейді. Ондай рұқсатты мен түгілі тіпті премьер-министр Серік Ахметовтың өзі бере алмайды. Себебі - заңсыз. Егер олар мұғалімдер сияқты алты күн жұмыс істесе, онда 56 күн берілер еді, - дейді компания өкілі.

«Мұнайфилдсервис» - «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамына қызмет көрсететін жаңаөзендік жеке компания. Жұмысшылардың айтуынша, онда шамамен 500-дей адам еңбек етеді.

2012 жылы шілденің 24-інде осы компанияның жүздеген жұмысшысы өздерінің уақытша жұмыстан шығарылуына байланысты наразылық танытып, мекеме басшылығының алдында ереуіл жасаған. Ақырында оқиға орнына компания басшылығымен бірге жергілікті әкімшілік өкілдері де келіп, «жыл соңына дейін жұмыссыз қалмайсыңдар» деп уәде бергесін жұмысшылар тараған еді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG