Accessibility links

Қоғам белсенділері Жаңаөзен сотын тоқтатуға шақырды


Болат Атабаев, азаматтық қоғам белсендісі, режиссер. Алматы, 16 сәуір 2012 жыл.
Болат Атабаев, азаматтық қоғам белсендісі, режиссер. Алматы, 16 сәуір 2012 жыл.

Жаңаөзен сотының сәуірдің 16-сы күнгі отырысында судья түске дейін айыпталушы Роза Төлеутаевадан жауап алды. Оған «жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушы» ретінде айып тағылған. Алматыда бір топ азаматтық қоғам белсенділері сотты тоқтатып, қайта қарауға шақырды.

Ақтау қаласында өтіп жатқан сотты бақылап отырған «Жаңаөзен-2011» комитетінің өкілі Ерлан Қалиевтың айтуынша, бүгін түске дейінгі болған отырыста айыпталушы Роза Төлеутаевадан жауап алынды.

ЕКІ ӨТІНІШ

– Сот басталмас бұрын Розаның қорғаушысы Гүлнар Ұзақбаева сотқа екі түрлі өтініш түсірді. Оның біріншісі Розаның денсаулығына қатысты. Себебі сот басталған кезде Роза Төлеутаева қойылған сұрақтарға жауап бере алмай, өзінің туған күні мен жылын ұмытып қалған болатын. Осыған қатысты адвокат оны психологиялық тұрғыдан дәрігерлік тексеруден өткізу керек деп санайды.
Жаңаөзен ісі бойынша өтіп жатқан сотқа қатысушы адвокаттар. Ақтау, 13 сәуір 2012 жыл.
Жаңаөзен ісі бойынша өтіп жатқан сотқа қатысушы адвокаттар. Ақтау, 13 сәуір 2012 жыл.

Қорғаушының екінші өтініші - тергеу барысында Розаны «көп азаптап, басына полиэтилен пакет кигізіп тұншықтырған». Құлап қалған кезінде шашынан тартып орнынан тұрғызған. Қазір Розаның шаштары түсіп қалған. Міне, осыны сот сараптамасынан өткізу. Яғни «Роза Төлеутаеваның шашы ұрып-соққаннан жұлынды ма, әлде басқаша себеп болды ма» деп судьяға өтініш жасады, - деді Ерлан Қалиев.

Бақылаушының айтуынша, Роза өзін «азаптаған» тергеушілер ретінде ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі мен ішкі істер бөлімінің қызметкерінің атын атаған. Судья адвокаттың бірінші өтінішін ғана қабыл алыпты.

ТЕЛЕФОН ӘҢГІМЕЛЕРІНЕН МЫСАЛ КЕЛТІРУ

«Жаңаөзен - 2011» комитетінің өкілінің баяндауынша, прокуратура өкілдері Роза Төлеутаеваның Жаңаөзен оқиғасына дейін телефон арқылы сөйлескен адамдарын атап: «Сіз Болат Атабаевпен сөйлесіпсіз, оны қайдан танисыз? Козловпен қандай байланысыңыз бар? Біреу сізге «сендер не соғыс бастадыңдар ма, омондарды қудыңдар ма?» депті. Ол кім?» деген секілді сұрақтар қойды, - деді Азаттық тілшісіне Ерлан Қалиев.

Ерлан Қалиевтың айтуынша, Роза Төлеутаева прокуратура өкілі қойған кейбір сауалдарға жауап беруден бас тартқан.

Ол:
- Розаға «жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушы» ретінде 141-баптың 1, 2, 3 тармақтары бойынша айып тағылып отыр, - деді.

«ЖАҢАӨЗЕН СОТЫ ТОҚТАСЫН!»

Сәуірдің 16-сы Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген бір топ азаматтық қоғам белсендісі Жаңаөзен оқиғасына байланысты Ақтауда өтіп жатқан сот процесін тоқтатып, істі қайта қарау керек деген талап айтты.

Баспасөз жиынын «Болатхан Тайжан» қорының жетекшісі, қоғамдық белсенді Мұхтар Тайжан, «guljan.org» сайтының құрылтайшысы, әрі бас редакторы Гүлжан Ерғалиева, белсенді Ғалым Ағелеуов, «Жас алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай және режиссер Болат Атабаев өткізді.
Гүлжан Ерғалиева, guljan.org веб-сайтының бас редакторы. Алматы, 16 сәуір 2012 жыл.
Гүлжан Ерғалиева, guljan.org веб-сайтының бас редакторы. Алматы, 16 сәуір 2012 жыл.

Гүлжан Ерғалиева Жаңаөзен сотын бірден тоқтатып, істі қайтадан қарау керек деп санайды. Оның ойынша, бұлай жасаудың басты себептері жәбірленушілерге қысым жасалып отыр және тергеу ісін жүргізген тергеушілер сотқа қайтадан жәбірленуші ретінде қатысып жатыр.

«Жас Алаш» газетінің жетекшісі Рысбек Сәрсенбай «Жаңаөзен оқиғасына байланысты қамауда отырған азаматтар айыпталушы емес, жәбірленуші болуы керек еді» деген пікір айтты. Оның ойынша, сот процесі тоқтатылып, президент істі қайта қарауға пәрмен беруі керек.

Рысбек Сәрсенбай:

- Сот осы бағытпен кете берсе нағыз кінәлілер, атуға бұйрық бергендер жазықсыз қалады да, бейкүнә жандар жазықты болып кете береді. Дүмпудің көкесі сонда болады, - деді.

ИМПИЧМЕНТ ЖАРИЯЛАУҒА ШАҚЫРУ

Баспасөз мәслихатын ұйымдастырушылардың бірі Болат Атабаев:

– Біз қарусыз адамдарға оқ атуға бұйрық берген адамның кім екенін жақсы білеміз. Тек үндемейміз. Сондықтан Назарбаевтың орнынан кетуін талап етуіміз керек. Назарбаевқа импичмент жариялауымыз керек, - деп мәлімдеді.
Егер Назарбаев өзінің абыройы мен беделін сақтап қалғысы келсе жарты қадам алға жылжып, айналасын тазалау керек.
Рысбек Сәрсенбайдың ойынша, импичмент мәселесіне қатысты президент Назарбаевқа «қол жетпейді». Сондықтан ұлттық қауіпсіздік комитетінен бастап құқық қорғау саласының басында отырғандар түгел отставкаға кетуі керек.

Сәрсенбай:
- Егер Назарбаев өзінің абыройы мен беделін сақтап қалғысы келсе жарты қадам алға жылжып, айналасын тазалау керек, - деді.

АНЫҚ АҚПАРАТ АЛУ МЕН ТАРАТУҒА ҮНДЕУ

Жиынға қатысушылардың тағы бірі Мұхтар Тайжан:

- Қазақ зиялыларының оянуы керек, Жаңаөзенге қатысты қазіргі сот ісінің тоқтап, қайта қаралуы үшін Ақтауға арнайы барып, істі көзбен көруі қажет. Сондықтан билет алып Ақтауға арнайы барып қайтыңыздар, - деп көпшілікке үндеу тастады.
Режиссер, азаматтық қоғам белсендісі Болат Атабаев «тергеу ісіне журналистік зерттеу жүргізу керек» деп есептейді.
Мұхтар Тайжан, азаматтық қоғам белсендісі, экономист. Алматы, 16 сәуір 2012 жыл.
Мұхтар Тайжан, азаматтық қоғам белсендісі, экономист. Алматы, 16 сәуір 2012 жыл.

Ол:
- Барлық зорлықтар мен айуандық әрекеттер - ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жаңаөзен ісіне байланысты жедел тергеу тобының жетекшісінің қолымен жасалып отыр. Барлығы соның келісімі бойынша үнсіз отыр. Ол - бүгінгінің «антигеройы», - деді.

Жиынға келушілер «халықтың Жаңаөзен оқиғасына жаны ауырып отырғанымен ондағы ақиқатты біліп отырған жоқ. Сондықтан мемлекеттік ақпарат құралдары ақиқатты жазуы керек» деген тілек білдірді.
XS
SM
MD
LG