Accessibility links

Айыпталушыларды ұрып-соғу бойынша іс қозғауға «негіз жоқ» болып шықты


Куәгердің анасы Ораба Жайылханова
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:45 0:00

Жаңаөзен оқиғасы бойынша бүркеншік атпен куәлік беріп, кейін одан бас тартқан куәгер Ерлан Жайылхановтың анасы Ораба Жайылханова. Ақтау, 3 мамыр 2012 жыл.

Мамырдың 3-і өткен сот отырысында бүркеншік атпен жауап берген куәгердің анасы полициядан қысым көргенін айтты. Ал прокурор «жәбірлендік» деген айыпталушыларға байланысты «қылмыстық іс қозғауға негіз табылмағанын» хабарлады.

Өткен аптада Жаңаөзен оқиғасына байланысты өткен сотта бүркеншік атпен жауап берген екі куәгер – Ерлан Жайлыханов пен Александр Боженко сотта «қысымға шыдамай жауап бергендерін» айтып, сөздерінен бас тартқан еді.

«Жаңаөзен-2011» комитетінің өкілі Ерлан Қалиевтің сөзіне қарағанда, бүгінгі сотқа Ерлан Жайлыхановтың анасы Ораба Жайлыханова келіп, сол соттан кейін полицейлердің отбасына маза бермей отырғанын айтқан.

«СОТ БІТКЕН СОҢ БАЛАМ ҚОРҒАНСЫЗ ҚАЛА МА?»

Он бір баланың анасы Ораба Жайлыханова подъезінің алдында күн сайын учаскелік полицей торуылдап жүретінін, өзін Жаңаөзен қалалық іші істер басқармасының бастығы Амангелді Досаханов шақырғанын айтады.

– Мені шақырып алып, алдыма шақырту қағазын әкелді. «Бармаймын» деп едім, «бармауға болмайды» деді. Сосын [Амангелді Досахановтың] алдына барсам,
Жаңаөзен қалалық іші істер басқармасының бастығы Амангелді Досаханов. 25 ақпан 2012 жыл.
Жаңаөзен қалалық іші істер басқармасының бастығы Амангелді Досаханов. 25 ақпан 2012 жыл.
«балаңды тауып әкел, сенімен сөйлеспеймін» дейді. Сосын кетіп қалғанмын. Ертесінде тағы сүйтеді. Күнде есігімнің алдына учаскелік қарауыл қояды. Шыққан балаларыма дейін ұстап, құжаттарын тексеріп отыр. Осының бәрін сотқа айту үшін келдім. Сот біткен соң балам қорғансыз қала ма деп келдім, – деді Ораба Жайлыханова.

Ол полицейлердің бұл ісінің нақты себебін білмейтінін айтты. «Ұлыңыздың жазығы не дейді?» деген сұраққа:

– «Сен «көрмедім», «көрдім» деген сөзді айтыпсың. Соны тексеру керек» дейді. Бірақ бізге не іздеп жүргенін айтпайды. Бізді екі-үш рет іздеп келіп қорқытты. Мені қара машинамен алып кетті. «Сен, жүр, маған балаңды тауып бер» деп. Мен «баламды таба алмаймын» деп жолдан түсіп қалдым. Мені сондай адамдар қорқытып тұр, – деп жауап берді Ораба Жайлыханова.

Ол сотта «ұлының қайда жүргенін білмейтінін, тағдырына алаңдап отырғанын» айтты.

«Жаңаөзен-2011» комитеті өкілдерінің хабарлауынша, бұған дейін адвокаттар Ерлан Жайлыхановтың бүркеншік атпен берген жауабын жарамсыз деп тану туралы өтінген. Бүгін де осы өтінішті қайталаған кезде судья «бұл мәселе ашық қалды деп айттым ғой» деп жауап берген.

Азаттық тілшісі мамырдың 3-і күні Ерлан Жайлыхановтың отбасына байланысты оқиғаның анығын сұрау үшін Жаңаөзен қалалық полициясына хабарласқанымен жауап ала алмады.

«ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАУҒА НЕГІЗ ЖОҚ»

«Жаңаөзен-2011» комитеті өкілдерінің айтуынша, бүгінгі сотта 50 шақты бейнематериал көрсетіліпті. Оның барлығы да – интернетте жарияланған видеолар. Ол видеоларда айыпталушылардың біреуді ұрып-соққаны, өртеп-тонағаны туралы ешбір материал жоқ.

Комитет өкілдерінің айтуынша, бүгінгі сотта сонымен бірге прокурор Дузулбаев айыпталушылардың «ұрып-соқты, қысым көрсетті» деген мәлімдемесіне
Сот өтіп жатқан ғимарат алдында тұрған адамдар. Ақтау, 17 сәуір 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Сот өтіп жатқан ғимарат алдында тұрған адамдар. Ақтау, 17 сәуір 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
байланысты облыстық прокуратураның «қылмыстық іс қозғауға негіз таппағанын» хабарлап, прокуратура шешімін оқып берген.

Бұған дейін Жаңаөзен оқиғасына байланысты сотта сөйлеген айыпталушылар «алдын-ала тергеу кезінде өздерін полицейлердің азаптағанын, қысым көрсеткендерін» мәлімдеген еді. Айыпталушылардың бірі соның салдарынан туберкулез дертіне шалдыққанын айтқан.

Сотты бақылап отырған қоғамдық комиссия өкілдерінің айтуынша, қазір Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғадан зардап шеккен азаматтарға қатысты ұйым құрылайын деп жатыр. Оған оқиға кезінде жараланған және мерт болған азаматтардың отбасы кірмек.

«Бұл ұйым осы азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғамақ. Ал қоғамдық комиссия оларды моральдық, құқықтық тұрғыда қолдауға дайын» деді комиссия өкілдері.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG