Accessibility links

"Желтоқсаншылар" Тәуелсіздік күндері шырқ бұзбай, тыныш отырғысы келеді


«Желтоқсан» республикалық-халықтық патриоттар қозғалысының жетекшісі Нұрлыбек Қуанбаев, Алматы, 8 желтоқсан, 2010 жыл.
«Желтоқсан» республикалық-халықтық патриоттар қозғалысының жетекшісі Нұрлыбек Қуанбаев, Алматы, 8 желтоқсан, 2010 жыл.

«Желтоқсаншылар» Тәуелсіздік күні мейрамы кезінде наразылық шараларын өткізуге қарсы. Олардың пікірінше, сол күні наразылық шарасын жоспарлап отырған ұйымдар тарихи датаны пайдаланып, мәнін бұрмалауға тырысады. Ал әлеуметтік қозғалыс өкілдері "желтоқсаншыларды" биліктің ұйымдастырып отырғанына сенімді.


«Желтоқсан жаңғырығы», «Желтоқсан рухы», «Желтоқсан-86. Тәуелсіздік қырандары» мен «Желтоқсан» республикалық-халықтық патриоттар қозғалысы. Сәрсенбі күні ақпарат құралдарын жинап, арнайы жиын өткізгендер журналистер алдында өздерін осылайша таныстырып өтті.
Онда негізінен бірнеше мәселе айтылды: алдағы Тәуелсіздік күнін қалай қарсы алу мен қоғамдағы «желтоқсаншылар» туралы қауесеттер, «жалған желтоқсаншылар» жайлы да сөз болды.

"ТӘУЕЛСІЗДІК МЕРЕКЕСІ НАРАЗЫЛЫҚ КҮНІНЕ АЙНАЛМАСЫН"

Ең әуелі, "желтоқсаншылар" журналистердің назарын алда келе жатқан Тәуелсіздік күнін қалай қарсы алу мәселесіне аударды. Олардың дерегі бойынша, дәл осы күні Есенбек Өктешбаев бастаған «Халыққа баспана қалдырайық!» қозғалысынң өкілдері әкімшілік алдында пикет ұйымдастырып, баспана мәселесін көтермек ниетте көрінеді. Барған сайын Тәуелсіздік мерекесінің мейрам емес, «наразылық күніне» айналып бара жатқанын алға тартқан "желтоқсандықтар" биыл бұған жергілікті әкімшіліктер жол бермеуі тиіс десті.

- Мына үлескерлер өз мүдделері, пәтері үшін желтоқсанның ертеңгі мерекелерін жаппай тәртіпсіздіктерге айналдырып жіберсе, тағы да бізге кір келтіреді. «Мына желтоқсан тағы қырды» деп айтатын болады. Бізге бұл керек емес! – деді «Желтоқсан» республикалық-халықтық патриоттар қозғалысының жетекшісі Нұрлыбек Қуанбаев.
"Желтоқсан -86" қозғалысының төрайымы Гүлбахрам Жүніс, Алматы, 8 желтоқсан, 2010 жыл.


"Желтоқсандықтар" егер әкімшілік наразылық шараларын өткізуге рұқсат берсе, онда оларды да сотқа тартатындықтарын ескертті. Жиын барысында «Желтоқсан-86. Тәуелсіздік қырандары» қозғалысының жетекшісі Гүлбаһрам Жүніс көптің көзінше осыған қатысты дайындаған үндеуін Алматы қалалық әкімшілігінен келген арнайы өкілге тапсырды. Әкімшілік өкілі үндеуді алып жатып, жаттанды түрде үн қатты:

- Аталған үндеуді Алматы қаласы әкімшілігінің кеңсесінде тіркеп, ҚР-ның заңына сәйкес, жауап қарастырамыз, - деді ол.

«МҰНЫ БИЛІКТІҢ ӨЗІ ҰЙЫМДАСТЫРЫП ОТЫР»

Ал «Халыққа баспана қалдырайық!» қозғалысының жетекшісі Есенбек Өктешбаев желтоқсанның 16-сы күні екі шара жоспарлағанын, ал әзірге бұл шараларды өткізуге жергілікті әкімшілік рұқсат бермей отырғанын айтты. Ол Тәуелсіздік күні наразылық шараларын өткізуге қарсылық танытып отырған "желтоқсандықтарды" биліктің өзі жұмсап отырғанын жеткізді.
Есенбек Өктешбаев, "Қазақстан - 2012" қозғалысының жетекшісі.


- Бұл тікелей биліктің тірлігі. "Желтоқсандықтарды" билік пайдаланып, бұрмалауға тырысып жатыр. Ол жерде біз ешқандай тәртіпсіздік ұйымдастырайық деп отырған жоқпыз. Еске алу күнін өткіземіз. Бар болғаны сол, - деді Есенбек Өктешбаев желтоқсанның 8-і күні Азаттық тілшісіне.

ЖУРНАЛИСТЕРДІ АЙЫПТАУ МЕН ЕСКЕРТУ

Сәрсенбілік жиында «Желтоқсан-86. Тәуелсіздік қырандары» қозғалысының жетекшісі Гүлбаһрам Жүніс журналистер "желтоқсандықтарға" қатысты «жидкая борода», «оралман» сияқты сөздерді қолданып, ар-намысына нұқсан келтіріп отыр деп айыптады. Қоғамда желтоқсан қозғалыстары туралы сан-саққа тараған әңгімелердің өршуіне де ақпарат құралдарын кінәлаған ұйым жетекшісі ендігі жерде мұндай «қателіктерді» кешпейтінін ескертті.

- Бұдан кейін солай жасайтын болсаңыздар қай-қайсыңыз болса да, міне, "желтоқсандықтар" бүгін түгел жиналып отыр. Біз сіздердің әрқайсысыңызды сотқа беріп, жауапқа тартуға дайынбыз, - деді Гүлбаһрам Жүніс.

ЖЕЛТОҚСАНҒА ҚАТЫСТЫ ЖЕТІ ҰЙЫМ

"Желтоқсандықтардың" айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда желтоқсан оқиғасына қатысты құрылған 7 ұйым бар. («Желтоқсан», «Желтоқсан рухы», «Желтоқсан-86. Тәуелсіздік қырандары», «Желтоқсан көтерілісі», «Желтоқсан жалауы», «Нағыз желтоқсан», «Желтоқсан ақиқаты»). Гүлбаһрам Жүністің пікірінше, соңғы аталған «Желтоқсан ақиқаты» ұйымының "желтоқсаншылардың" мүддесін қорғамай, кездейсоқ құрылған ұйым.
"Желтоқсан жаңғырығы" бірлестігінің жетекшісі Төлеген Әлжан, Алматы, 8 желтоқсан, 2010 жыл.


- Себебі, бұл ұйымды басқаратын Бейсенғазы Сәдіұлы 1986 жылдан бастап, 1996 немесе 1998 жылға дейін Совет үкіметінде құқық қорғау органында жұмыс істеген азамат. Талдықорған облысында. 2008 жылға дейін ол «Ұлт тағдыры» қозғалысы төрағасының орынбасары болды. Ол Желтоқсанның бірде-бір мәселесін қорғап немесе ұсыныс айтып, біздің желтоқсандықтардың арасына келген емес. Десе де, ол басқарып отырған ұйымның ішінде кезінде алаңда болған бірнеше азаматтарымыз бар, - деді Гүлбаһрам Жүніс.

Ал «Желтоқсан ақиқаты» қозғалысының жетекшісі Бейсенғазы Сәдіұлы болса, мұны жоққа шығарады.

- Желтоқсан көтерілісіне қатысқаным анық. Ол кезде мен Теміржол институтының 2-ші курсы студенті едім. Көбісі, осы сұрақты маған қояды. Неге десеңіз, «бұл азамат кезінде Ішкі істер министрлігінде істеген» деген қоғамда өтірік қауесет бар. Оны білемін. Мен 1993 жылдан 2004-ке дейін ІІМ-де істедім. Ал 1986 жылы менің жанымда Нұртай Сабильянов болған, - деді Бейсенғазы Сәдіұлы.

Сәрсенбі күнгі жиында мұнан бөлек, билік өкілдерінің "желтоқсаншыларға" беті бері қарағанын, қазіргі таңда оған байланысты арнайы заң қарастырылып жатқаны турасында айтылды.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG