Accessibility links

Transparency International индексінің үкімет ашықтығы, сөз бостандығы, азаматтар құқықтарын қорғалуы, сот тәуелсіздігі сияқты өлшемдермен жасалғанын айтады. 2016 жылға арналған есепте Қазақстан 176 елдің ішінде 131-орында тұр.

Transparency International (TI) жариялаған коррупция индексінде бұрынғы СССР елдерінің ішінде төрт мемлекеттің ғана коррупцияға қатысты көрсеткіштері жақсарған. Мәселен, Эстония 22-орын, Литва 38-орын, Грузия мен Латвия 44-орынға тұрақтаған.

Қазақстаннан жоғары Беларусь (79-орын) Армения (113-орын), Әзербайжан (123-орын), Молдова (123-орын) тұрса, Қазақстанның жанында Ресей мен Украина бар (131-орын). (Ал Қазақстанға берілген 29 ұпай тобына енген бес елдің қалған екеуі - Иран мен Непал)

Transparency International (TI) жариялаған 2016 жылдың коррупция индексіндегі Қазақстан.
Transparency International (TI) жариялаған 2016 жылдың коррупция индексіндегі Қазақстан.

Орталық Азияның қалған төрт мемлекеті Қырғызстан (136-орын), Тәжікстан (151-орын), Түркіменстан (154-орын), Өзбекстан (156-орын) тізімнің төменгі жағына орналасқан.

Тізім басындағы 20 ел

Дания
Жаңа Зеландия
Финляндия
Швеция
Швейцария
Норвегия
Сингапур
Нидерланд
Канада
Германия
Люксембург
Ұлыбритания
Австралия
Исландия
Бельгия
Гонконг
Австрия
АҚШ
Ирландия
Жапония

TI әлемдегі ешбір ел коррупциядан құлан-таза айықпағанын айтады. Бірақ зерттеуде 176 мемлекет коррупцияның қоғамға таралуы жағынан 176 орынға бөліп орналастырылған.TI рейтинг басында тұрған елдердің ашық үкімет орнату, сөз бостандығы мен азаматтардың құқықтарын қорғау, сот тәуелсіздігі сияқты өлшемдер жағынан озық екенін айтады.

Ұйымның қорытындылауына қарағанда, жүйелі коррупция мен әлеуметтік теңсіздік - бірін-бірі тудыратын жалғаспалы құбылыстар. TI коррупцияны негізінен билік пен байлықтың әділ бөлінбеуі, қоғам есебінен шағын топтардың баюы деп көрсетеді.

Соның бір мысалы ретінде TI «Панама құжаттарын» атай келе, «ықпалды және бай адамдар үшін әлемдік қаржы жүйесінің бұлдыр тұстарын пайдалану әлі де оңай болып отыр, бұл олардың қоғам есебінен баюына мүмкіндік береді» деп жазады. Ұйым бұл жағдай азаматтардың мемлекеттік мекемелер қызметіне қанағаттанбауына себеп болып, популист саясаткерлердің билікте отыруына жол ашатынын ескерткен.

176 елдің 69 пайызы коррупцияға қатысты ортадан төмен нәтиже көрсеткен. TI «бұл нәтиже коррупцияның әлем елдерін әлі меңдеп тұрғанын, шара қолдану қажет екенін көрсетеді» дейді. Ұйым Бразилиядағы Petrobras және Odebrecht компанияларына қатысты коррупциялық дауды, Украинаның экс-президенті Виктор Януковичтің жемқорлық істерін атап, саясаткерлер мен бизнес құрылымдар арасындағы осы тақілеттес әрекеттер кесірінен көп елдердің экономикасынан миллиардтаған доллар қаражаттың жымқырылып, халық есебінен жеке қалталарға өтіп жатқанын баяндайды.

Ұйым мұндай істерге жол беретін саяси саяси жүйелердің елді дамытпай кері тартатынын да ескерткен.

ICIJ сайтынан алынған скриншот. Мұнда Dariga N. Nazarbayeva есімді тұлғаның 2007 – 2012 жылдары британдық Виргин аралдарында тіркелген Asterry Holdings LTD офшорлық компания иелерінің бірі болғаны жазылған.
ICIJ сайтынан алынған скриншот. Мұнда Dariga N. Nazarbayeva есімді тұлғаның 2007 – 2012 жылдары британдық Виргин аралдарында тіркелген Asterry Holdings LTD офшорлық компания иелерінің бірі болғаны жазылған.

Ұйым демократиялық басқаруға қадам жасаған елдердің (Бразилия, Аргентина) коррупциялық индексі жақсарып, керісінше авторитарлық сипаты күшейген елдердің (Венгрия, Түркия) коррупцияға бұрынғысынан да қолайлы бола бастағанын айтады.

TI коррупциялық индексті жақсарту үшін көп елдердің жүйелі реформалар жасау керек екенін ескертеді. Индексті Дания бастап тұрса, тізімнің соңында Сирия, Солтүстік Корея, Сомали сияқты елдер тұр.

TI индексінде мысал ретінде көрсетілген, жарияға 2016 жылы мамыр айында шыққан, «Панама құжаттары» аталған офшордағы табыс көздері туралы журналистік зерттеуде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы мен жиенінің - Дариға Назарбаева мен Нұрәлі Әлиевтің есімдеріне ұқсас аты-жөндер де болған еді. Журналистік зерттеулердің халықаралық консорциумы (ICIJ) дерегінше, Dariga N. Nazarbayeva 2007 – 2012 жылдары британдық Виргин аралдарында тіркелген Asterry Holdings LTD офшорлық компания иелерінің бірі болған.

Transparency International жариялаған 2015 жылғы коррупция индексінде Қазақстан Қырғызстанмен қатар 123-орында тұрған еді. Ол жолы TI 168 мемлекеттегі коррупция деңгейін сараптаған.

XS
SM
MD
LG