Accessibility links

«Бөгет мұздық емес, жауын суға арналған»


Сел жүрген Алматы көшесі. 23 шілде 2015 жыл
Сел жүрген Алматы көшесі. 23 шілде 2015 жыл

Азаттық Алматыда жүрген селге байланысты табиғи апаттарды зерттейтін мамандармен онлайн-конференция өткізді.

Тікелей трансляцияда көрсетілген онлайн-конференцияға қатысқан География институтының табиғи апаттар лабораториясының жетекшісі Виктор Благовещенский мен «Қазгидромет» мекемесінің аға ғылыми қызметкері Борис Степановтың таудағы мұздықтардың еруінен туындайтын селдің пайда болуы мен оның алдын алуға қатысты кейбір пікірлерін назарларыңызға ұсынамыз.

Виктор Благовещенский: «Сел болуы мүмкін еді. Себебі жылда жаз кездерінде тауларымызда мұздықтар ерігенде сел жүру қаупі туады. Бұл қауіп жыл сайын қайталанады.

«Қазселденқорғау» мекемесі мұздықтардың жай-күйін әуеден тікұшақпен тұрақты түрде бақылап отырады. Осыдан он күн бұрын бақылағанда жағдай соншалықты қауіпті емес болатын. Бірақ одан бері ауа температурасы + 37 градустан түспей ысып тұрды. Мұздықтарда температура ең жоғары деңгей – 20 градусқа жетті. Бұрын бұл бассейнде мұздық астындағы моренада көлшік пайда болғаны байқалмаған. Ал кешегі бөгет мұздық суларынан емес, жауын-шашын суынан жүретін селді тосуға арнап салынған.

Батыс елдеріндегідей көлдерді қашықтан, зонд арқылы, спутниктік байланыс арқылы бақылау жүйесін енгізу қажет.

Бізде Совет Одағы кезінен бері мұздықтар астындағы көлдерге тек әуеден сырттай бақылау арқылы мониторинг жасалып келеді. Батыс елдеріндегідей көлдерді қашықтан, зонд арқылы, спутниктік байланыс арқылы бақылау жүйесін енгізу қажет. Батыс елдерінде қауіпті деген көлдерге судың температурасын, деңгейін тағы басқаларын есептейтін датчиктер қойылады. Мұндай бақылау жүйесін Жапония Гималайдағы көлдердің біріне қойды. Мұндай шамамен бір көлге бақылау жасай алатын жүйеге 1 миллион доллар шамасында қаржы кетеді. Бізге бір көлге ғана мұндай бақылау жүйесін орнату аздық етеді. Бұған қоса көлдің қауіпті шекке жеткенін алдын-ала ескертетін жүйе де жасау керек. Ол жүйе таудың жоғары жағындағы диспетчерге белгі береді. Диспетчер төмендегілерге, тұрғындарға ескертеді.

Сосын тұрғындарға селдің не екені, сел қаупі туғанда, сел болғанда қандай әрекет жасау керек екені түсіндірілмеген. Әкімдердің қолында аудандарының сел жүруі мүмкін, құрылыс салуға болмайтын, қызыл сызығы бар аймақтарының картасы да жоқ. Сел жүру қаупіне қатысты жергілікті билік біздің ғылыми институттың ескертуін тыңдамайды. Кешегі селде су қорғау аймағы [үй-жайдан] бос болғанда, шығын аз болған болар еді».

Борис Степанов: «Селдің тасқынын бөгет кәдімгідей ұстап қалды. Үлкен қойтастар бөгетке жетпеді. Бұл селдің құрамы сұйықтау болды. Негізі селдің құрамы өте қою, тығыз болып келеді.

Селге қатысты стратегияны өзгертуіміз керек. Ендігі стратегия – селден сақтану емес, селді болдырмау, яғни суды таудың өзінде, жоғарғы жағында ұстап қалу болуы керек.

Біз де бұған дейін селдің қалай пайда болатынын білмедік. Негізі бізде мұздық еруінен пайда болған сел жүрген емес. 1921 жылы Алматыда жауын-шашыннан сел жүріп, адам шығыны болған. Осыдан кейін бөгет салсақ болды, селден сақтанамыз деді. Бірақ бұлай қамсыз отыруға болмайды. Селге қатысты стратегияны өзгертуіміз керек. Ендігі стратегия – селден сақтану емес, селді болдырмау, яғни суды таудың өзінде, жоғарғы жағында ұстап қалу болуы керек. Ол үшін тауда, шамамен 3 мың метр биіктіктегі алқапта мореналы көлді бұзып шыққан суды тосатын бөгет салу керек. Бұған қоса мұздықтар астындағы көлдерді мұқият түрде, апатқа ұшырамайтындай босатып отыру қажет».

Мамандармен болған онлайн-конференцияның толық нұсқасын мына сілтеме бойынша көре аласыздар.

Алматыда шілденің 23-іне қараған түні қаланың бірнеше ауданы аумағында сел жүріп, жүздеген үйді су басқан. Адам шығыны болмағанмен, жер үйлер мен жолдар қатты бүлінген. Қалада ерекше зардап шеккен аумақ – былтыр құрылған Наурызбай ауданы. Ресми орындар Алматыда селге Қарғалы өзеніндегі бөгеттің жоғары жағында, яғни тау ішіндегі еріген мұздық пен жаңбырдан жиналған көлшік суының көтерілуі себеп болған дейді.

Ғалымдар Виктор Благовещенский мен Борис Степановтың сел туралы пікірі:

  • 16x9 Image

    Айбек БЕЙСЕБАЕВ

    Айбек – Азаттықтың қазақша вебсайтындағы ньюсрайтері. 1986 жылы туған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ді тәмамдаған. Азаттықта 2010 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

XS
SM
MD
LG