Сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен қамауға алынған Украина президенті әкімшілігінің бұрынғы басшысы Андрей Ермакқа тергеу кезінде сот белгілеген кепіл ақша толық көлемде енгізілгеннен кейін дүйсенбі, 18 мамыр күні таңертең ол тергеу абақтысынан бостандыққа шықты, деп хабарлады украин басылымдары.
Өткен бейсенбіде сот оған 140 миллион гривна (шамамен 3,15 миллион доллар) кепілге қойып, бостандықта қалуға мүмкіндік берген. Өзінде ондай ақша жоғын, алайда достарының көмегіне үміт артатынын айтқан Ермакты сот тергеу абақтысына қамауға жіберген. Жұма күні шамамен 50 миллион гривна жиналды, ал демалыс күндері Ермак абақтыда қалды.
"Украинская правда" дереккөздерінің мәліметінше, сот белгілеген кепіл ақшаны толық енгізу үшін 200-ге жуық төлем жасалған, оның арасында 1 тиындық төлемдер де бар. Жиналған ақша 154 миллион гривнадан асады. Футбол ардагері, Украина ұлттық құрамасының бапкері Сергей Ребров 30 миллион гривнаға жуық ақша енгізгені жайлы хабар тарады.
Украина президенті Владимир Зеленскийдің оң қолы саналып келген Андрей Ермак Киев маңындағы "Династия" деп аталатын коттедж қалашығы құрылысы кезінде 460 миллион гривнаны (10,4 миллион доллар) заңдастыруға қатысқан болуы мүмкін деген күдікке ілінген.
Осы іс бойынша премьер-министрдің бұрынғы орынбасары Алексей Чернышевті қоса алғанда, тағы алты күдікті бар. Тергеуді тәуелсіз Ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюро (НАБУ) жүргізіп жатыр. Оның өкілдері ел президенті Владимир Зеленскийге қарсы ешқандай тергеу жүргізілген жоқ дейді.
Ермак өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, мойындамай отыр.
2020 жылдан бері Украина президенті кеңсесін басқарған Андрей Ермак 2025 жылғы қараша айында "Энергоатом" компаниясына қатысты жемқорлық дауына байланысты қызметінен кетуге мәжбүр болған.
Тергеу абақтысынан босап шыққан Ермак электрон білезік тағып жүруге, халықаралық және дипломатиялық паспорттарын өткізуге және қылмыстық іс бойынша өзге айыпталушылармен сөйлеспеуге міндетті. Оған Киевтен кетуге тыйым салынған.