Accessibility links

Көкжайлаудағы ағаш кесу туралы аудиожазба жариялаған экобелсенді 15 тәулікке қамалды

Аруна Ортаева
Аруна Ортаева

Алматыда Көкжайлаудағы шаңғы курорты құрылысына қарсы экобелсенді Аруна Ортаева 15 тәулікке қамалды. Бұл жөнінде Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы хабарлады. Бюроның жазуынша, белсенді Instagram-да Көкжайлаудағы Қызыл кітапқа енген өсімдіктердің мәселесі талқыланған әкімдіктегі жиналыстан аудиожазба жариялаған.

29 тамызда Ортаева полиция департаментіне жеткізіліп, бұдан соң оған "Хат жазысу, телефонмен сөйлесу, пошта, телеграф хабарлары немесе өзге де хабарлар құпиясын заңсыз бұзу" (Қылмыстық кодекстің 148-бабы) бабы бойынша қорғауға құқығы бар куәгер мәртебесі беріліп, 15 тәулікке қамалған.

Ортаева жариялаған аудиожазбада әкімдік қызметкерлеріне ұқсас адамдар Қызыл кітапқа енген жүздеген түп Сиверс алмасын "ың-шыңсыз" қалай шабу керектігін, сондай-ақ «қоғамдық тыңдауларды» қалай «дұрыс» өткізу керектігін талқылайды.

Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының жазуынша, іс "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабымен қозғалмағандықтан әкімдіктегі жиналыс шын болса керек деп топшылайды.

Әзірге, Алматы әкімдігі түсініктеме бермеді.

Жуырда Көкжайлауда курорт құрылысы басталғанына қарамастан қоғамда тұрғындар мен экобелсенділер құрылысқа қарсылық білдіріп келеді. Жоба өкілдері құрылыс жергілікті туризмді дамытып, көп пайда әкелетінін, Шымбұлақ курортына салмақ артып жатқанын айтқан. Ал белсенділер мен қала тұрғындары курорт экожүйеге орасан зиян келтіретінін айтады.

Көкжайлау шатқалындағы курорт салу жобасы бойынша пікірталас 2018 жылы басталған. Тәуелсіз экологтар мен белсенділер аспалы жолдар, қонақ үйлер және түрлі туристік инфрақұрылымдар салуды көздеген Алматы тау кластерін дамыту жоспарына қарсы болды. Олар мұндай өрескел араласу экологиялық жүйелерді тоздырып, флора мен фаунаның жойылуына және Қазақстанның ең ірі қаласы мен айналасындағы таулардағы жалпы экологиялық жағдайдың нашарлауына апарып соғады деп қауіптенеді. 2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев танымал экологтардың пікірлеріне сүйеніп, құрылыс жүргізуге жария түрде тыйым салды. Бірақ, арада жеті жыл өткенде ол қарамағындағы шенеуніктерге Алматы мен Алматы облысында шаңғы туризмі инфрақұрылымын дамытуды тапсырды.

Биыл 26 мамырда Алматыда Көкжайлау тау шаңғысы курорты жобасы бойынша қоғамдық тыңдау ұйымдастырылды. Құрылысқа қарсылар жиында сұрақ қоя алмағанын айтып шағынды. Белсенді Абай Ерекеновті қоғамдық талқылау өтіп жатқан Оқушылар сарайы залынан мәжбүрлеп шығарып, Медеу аудандық полиция бөліміне апарған. Сол күні кешке әкімшілік сот оған "қоғамдық тәртіпті бұзғаны" үшін айыппұл салды.

Маусымда Қазақстанның туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов үкіметтік брифингте Almaty SuperSki жобасы экологиялық бағалаудан, ғылыми талдаудан және қоғамдық тыңдаулардан өтті деп мәлімдеді.

Айдар
XS
SM
MD
LG