Accessibility links

Белсенділер: "Көкжайлау" жобасының құжатында кемшілік көп


Көкжайлау, Құмбел шыңы.
Көкжайлау, Құмбел шыңы.

Алматыда қарашаның 1-і күні азаматтық белсенділер мен мамандар баспасөз мәслихатын өткізіп, "Көкжайлау" шипажайының жобасына қарсылығын білдірді.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, жиынды "Зеленое спасение" экологиялық қорының жетекшісі Сергей Куратов, Қазақстан қоғамдық ұйымдары экофорумының төрағасы Вадим Ни, "Тауасар" қоғамдық қорының өкілі Ажар Жандосова және журналист Вадим Борейко өткізді. Олар қарашаның 4-і күні Алматы қалалық әкімдігі "Көкжайлау" шипажайы жобасына қатысты қоғамдық тыңдау өткізетінін, бірақ ол жерде негізінен құрылыс жобасын дайындаушылар сөйлейтінін, қоғам өкілдеріне сөйлеуге жеткілікті уақыт берілмейтінін айтты.

Сергей Куратов жобаның техникалық-экономикалық негіздемесінде (ТЭН) Биологиялық әралуандылық туралы конвенция, Дүниежүзілік мұра туралы конвенция, қоршаған ортаға қатысты мәселелерде шешім қабылдауға қоғамның қатысуы, туралы Орхусс конвенциясының талаптары ескерілмегенін айтады. Оның сөзінше, Қазақстан қосылған Орхус конвенциясы бойынша қоғам өкілдері қоршаған ортаға қатысы бар шешім қабылдауға әуел бастан қатыстырылуы тиіс және жоспарланған жұмыстың қоршаған ортаға тигізетін әсері алдын ала есептелуі керек.

Белсенділер шипажай жобасының техникалық-экономикалық негіздемесінде кемшіліктер көп екенін, билік орындары Көкжайлау шатқалы аумағының мәртебесін көрсетуде жер заңнамасын түрліше қолданатынын айтады.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек тамыздың соңында "Көкжайлау" шипажайының жаңа жобасы дайындалғанын, егер қалалықтар құрылыс жобасын қолдамаса, онда оны іске асырудан бас тартуға дайын екенін мәлімдеген.

Әкімнің сөзінше, жаңа жоба концепциясында Көкжайлау шатқалында "экологияға келетін жүктемені айтарлықтай азайту" қарастырылған. Ал жобаның өзі трассалардың ұзындығы, көлемі, аспалы жолдардың саны мен шипажайды қармен қамтамасыз ететін көл аумағын азайту арқылы "барынша оңтайландырылған". "Құрылыстың жалпы аумағы 13,6 есеге, яғни, 253 мың шаршы метрден 18,5 мың шаршы метрге дейін қысқарды" деген Алматы әкімі.

Оқи отырыңыз: "Көкжайлау": жаңа параметрлер мен қарсыластар пікірі

"Барлық тараптың парасатты пайым ұстанып, жалған ұранға емес, дәлелді фактіге сүйенгені жөн. Барлық шешім жете ойластырылған болуы тиіс. Тағы да айтамын, егер қоғам бізді қолдамаса, онда әрине, жобадан бас тартамыз" деген Бауыржан Байбек.

Алматы әкімдігі Көкжайлауда шипажай салу жоспарын жариялаған кезде-ақ алматылықтардың көпшілігі, туризм және экология саласындағы шетелдік сарапшылар оған қарсылық білдірген. Әлеуметтік желілерде тіпті "Көкжайлауды қорғаймыз" деп аталатын топ құрылған. Олардың пікірінше, тау шаңғысы шипажайы жобасы экологиялық зардап келтіріп, техногендік қауіп-қатер төндіреді және экономикалық жағынан тиімсіз. Бұл пікірді бірнеше тәуелсіз сараптаманың қорытындысы да растаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG