Accessibility links

Конституциялық сот белсенді Макс Боқайдың "терроризм тізімі" жайлы шағымын қарамады

Азаматтық белсенді Макс Боқай
Азаматтық белсенді Макс Боқай

Қазақстанның Конституциялық соты терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар тұлғалар тізіміне енгізілуге қатысты даулы заң нормасын Конституцияға сәйкестігін тексеруге қабылдаудан бас тартты. Мұны өзін терроризмді және экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар тұлғалар тізімінен шығару туралы талаппен Конституциялық сотқа жүгінген белсенді Макс Боқай әлеуметтік желіде жазды.

Белсенді даулы нормада тізімнен шығару тәртібі мен оны шағымдану тетіктері нақты реттелмегенін, бұл қосымша құқықтық шектеулерге алып келетінін айтқан.

Конституциялық соттың мәліметінше, бұл дау бұған дейін жалпы юрисдикция соттарында қаралған: Атырау облысының мамандандырылған әкімшілік соты 2025 жылғы ақпанда талапты қараудан бас тартқан, ал облыстық сот сәуір айында сол шешімді өзгеріссіз қалдырған.

Қолданыстағы заңнама белгілі бір жағдайларда тізімге енгізілген тұлғаларға уәкілетті мемлекеттік органдарға тізімнен шығару туралы уәжді өтініш білдіруге мүмкіндік береді, дейді сот.

10 маусымдағы Конституциялық сот қаулысында мұндай тізімге енгізудің құқықтық салдары бар екені де көрсетілген. Атап айтқанда, тізімге енген тұлғаларға қатысты заңды тұлғаларды тіркеу және қайта тіркеу кезінде шектеулер қолданылуы мүмкін екені айтылған.

Конституциялық сот еңбек ету бостандығы мен кәсіп таңдау құқығы секілді конституциялық құқықтар ұлттық қауіпсіздік сияқты заңмен қорғалатын құндылықтарды қорғау мақсатында шектелуі мүмкін екенін еске салған. Сондай-ақ, терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласын реттеу парламенттің заң шығару құзыретіне жататынын айтқан.

Сот қорытындысында өтініш иесінің уәждері негізінен мемлекеттік органдар мен жалпы юрисдикция соттарының шешімдеріне келіспеушілікке саятынын, ал мұндай шешімдерді қайта қарау немесе оларға құқықтық баға беру Конституциялық соттың өкілеттігіне кірмейтінін мәлімдеген.

Макс Боқай 2016 жылы сәуірде Атырауда жер митингісіне шыққаннан кейін "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпар таратты" және "митинг өткізу тәртібін бұзды" деген айыппен 5 жылға сотталған. Үкім шыққаннан кейін билік оның аты-жөнін терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар ұйымдар мен тұлғалар тізіміне енгізген. Мұндай тізім "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" заңның 12-бабына сәйкес түзіледі.

Боқай осы тізімге енгізілгендіктен өзіне банк шотын ашуға, қоғамдық қызметпен айналысуға, сайлауға түсуге, тіпті қоғамдық көлікте жол ақысын төлеуге шектеу қойылғанын, мүлік мәселесіне қатыса алмайтынын сату және сатып алу келісімін жасай алмайтынын айтқан еді. Оның сөзінше, бұл шектеулер әлі бірнеше жылға дейін созылмақ.

Заң бойынша, мұндай жағдайға тап болған адамға ең төменгі жалақы – 85 мың теңге қарастырылған. Боқай осы тізімде болғандықтан тұрақты жұмысы жоғын айтқан. Ол уәкілетті органдарға жүгініп, банк шоттарына қойылған шектеулерді алып тастауды сұраған. Бірақ оң жауап ала алмаған соң Конституциялық сотқа жүгінген еді.

Қазақстанда Қылмыстық кодекстің "Адамды кепілге алу", "Тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысу", "Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру" бабымен сотталғандар банк, сақтандыру және нотариус қызметін пайдалана алмайды.

Оларды автоматты түрде "терроризм мен экстремизмді қаржыландыратын тұлғалар тізіміне" енгізеді. Елде өзін осы тізімнен шығаруды талап етіп, діттегеніне жеткен адам көп емес.

"Терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалар" тізімі Қаржы министрлігі қаржы бақылау жөніндегі комитетінің ресми интернет-ресурсына салынған. 2016 жылы ол тізімде 500-ге жуық адам болса, кейінірек, 2023 жылы тізімге 1500-ден аса адам енгізілген еді.

Құқық қорғаушылар Қазақстан билігі сотталған азаматтарды қоғамға бейімдеудің орнына түрмеден шыға сала қаржы құқығынан айыру сияқты қосымша жаза тағайындап, одан әрі қоғамнан алшақтатады деп сынап келеді. Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы бұл тізім адамдардың құқығын бұзып, экономикалық құрсауға салады деген.

Олар Астананы тізім жасау шартын қайта қарауға шақырған, алайда билік тарапынан жағдай өзгертетіндей іс-қимыл жасалған жоқ.

Айдар
XS
SM
MD
LG