Accessibility links

"Терроршылар тізіміне" енгендер алимент пен әлеуметтік қызметтен қағылады


"Алауыздық қоздырды" деген айыппен сотқа тартылған азаматтық белсенді Олеся Халабузарь өзіне шығарылған үкімді тыңдап тұр. Алматы, 1 тамыз 2017 жыл.

Қазақстанда "экстремистік" баптар бойынша сотталғандар енді жаңа шектеулерге тап болды.

2017 жылғы желтоқсанның аяғында алматылық азаматтық белсенді Олеся Халабузарь кәмелетке толмаған үш баласына аударылған алименттер түсетін есеп-шоттарынан ақша ала алмаған. "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" заңның 12-бабына сәйкес, оны "терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар" ұйымдар мен тұлғалар тізіміне енгізген.

Бұған дейін билік әлгі тізімге Олеся Халабузарьдан бөлек, сотталған азаматтық белсенділер – атыраулық Макс Боқаев пен Талғат Аянды, астаналық Болатбек Біләлов, алматылық Ермек Нарымбаев және өзге де көптеген адамдарды да енгізген.

Оқи отырыңыз: Сотталған белсенділер "терроризмді қолдаушылар" тізімінде жүр

Сот экстремистік және террористік сипаттағы қылмыс жасады деп таныған адамға қатысты үкім заңды күшіне енген соң азаматтарды осы тізімге енгізуге негіз болып саналады. Осы тізімге қылмыстық кодекстің кейінгі кезде Қазақстанда жиі қолданылатын "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру" деген 174-бабы бойынша сотталғандар да ілігеді.

АЛИМЕНТ

Былтыр тамызда Олеся Халабузарьды Қазақстанда жиі қолданылатын 174-бап бойынша соттап, еркіндігін екі жылға шектеу туралы үкім кескен болатын. Сот оны "Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабына өзгерістер енгізілсе, Қазақстан жерін қытайлар басып алу қаупі тууы мүмкін" деп жазылған парақшалар дайындады деп айыптаған. Олеся Халабузарь өзіне тағылған айыптарды сотта ресми түрде мойындап, әлгі әрекетіне өкінетінін мәлімдеген. Іске қатысты қандай да бір зардап шегушілер мен куәгерлер болмағандықтан, сот қысқартылған түрде өткен.

Прокуратура оның "Халық банкі" мен Kaspi Bank қаржы ұйымдарындағы есеп-шоттарының бәріне шектеу салып тастағанын азаматтық белсенді былтырғы желтоқсанның соңғы аптасында білген.

"Олар (прокурорлар - Азаттық) банктерге жолдаған талабында әлгі есеп-шоттардан экстремистер мен терроршылар қаржыландырылған деп көрсеткен. Ал шын мәнінде ол есеп-шоттарға үш баламның алименттері түсетін. Маған Голгофа ұйымдастырып әрі еш жазықсыз соттағаны аздай, енді мені қорлауды тоқтатпай отырған делқұлы прокурорлардың әрекеті тым аянышты. Қазақстандық прокурорлардың адамшылықты жоғалтқаны соншалық, сандырақ сылтаулармен тіпті балаларымның ақшасына да шектеу салды. Әлгі есеп-шоттарға түсетін 50 мың теңге терроршылар мен экстремистерге бетперде сатып алуға ғана жетеді" деп жазған Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында Олеся Халабузарь.

Ондай [экстремистік] мақсатты көздеген адам ресми есеп-шотты пайдаланушы ма еді? Мұның бәрі біздің азаматтық белсенділігімізді басып-жаншу үшін істеліп жатыр

Белсенді Азаттыққа бас прокуратураға шағым жолдайтынын, бірақ одан жағдай өзгеретініне үміті аз екенін айтты. Ол "мына билікке намысын таптату", "өзіне тиесілі ақшаны сұрап, жалыну" ойы жоғын, "бала-шағасын онсыз да асырай алатынын" айтады. Биліктің әрекетін ол өзінің үнін өшіру мақсатында жасалған кезекті қысым жасау амалы деп біледі.

- Олар терроризм мен экстремизмге мүлде қатысы жоқ нәрсеге – балаларымның есеп-шоттарына шектеу салып тастады. Есеп-шотымыз шетелде ашылса әрі оларда әлдебір ақша жатса бірсәрі, онда мына әрекеттерін түсінер едім. Ондай [экстремистік] мақсатты көздеген адам ресми есеп-шотты пайдаланушы ма еді? Мұның бәрі біздің азаматтық белсенділігімізді басып-жаншу үшін істеліп жатыр, - дейді Олеся Халабузарь.

СЕНІМХАТ БЕРУГЕ ТЫЙЫМ САЛУ

Астаналық тұрғын әрі бұрынғы тұтқын Жасұлан Сүлейменовтің айтуынша, былтыр түрмеден босап шыққаннан кейін немере бауыры Қуат Жобалаев екеуіне үш жылға әкімшілік қадағалау шарасын тағайындау үшін сот өткен. Бірақ оларға "терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар" ұйымдар мен тұлғалар тізіміне енгендіктен екеуің енді банктер мен нотариустердің қызметіне мүлде жүгіне алмайсыңдар деп ешкім ескертпеген.

Терроризм айыбымен сотталып, сегіз жыл түрмеде жазасын өтеп шыққан 1-топтағы мүгедек Жасұлан Сүлейменов. Астана, 9 ақпан 2017 жыл.
Терроризм айыбымен сотталып, сегіз жыл түрмеде жазасын өтеп шыққан 1-топтағы мүгедек Жасұлан Сүлейменов. Астана, 9 ақпан 2017 жыл.

Әлгі "тізімге" ілігудің зардаптары қандай болатынын Жасұлан Сүлейменов пен Қуат Жобалаев кейінірек өздері ізденіп, анықтаған.

Жасұлан Сүлейменов – мүгедектер арбасына таңылған бірінші топтағы мүгедек адам, сондықтан оған мемлекет есебінен жәрдемақы төленетін жеке әлеуметтік көмекші бөлінуі тиіс.

- Жеке әлеуметтік көмекшім ретінде бауырымды ресімдеуге тырысып көрдім, бірақ ақша түскен кезде оның банк картасын бірден бұғаттап тастапты. Бауырым әуелі "Халық банкіне", сосын Мемлекеттік кіріс департаментіне, Қаржы министрлігіне барды. Ақшаны алуға комиссия рұқсат беруі үшін арыз жазуы керек екен. Өзі көп те ақша емес - ең төменгі күнкөріс деңгейіне сәйкес, 24 мың теңгеден сәл көбірек сома. Әлгі комиссия ақшаны алуға рұқсат беруі де, бермей қоюы да мүмкін, - дейді Жасұлан Сүлейменов.

Соттылығымды алып тастаса да қазір мені тағы жазалап жатқан болып тұр ғой

Ал Жасұланның өзі мүгедектігі үшін тағайындалған жәрдемақысын курьер арқылы әрі ведомость бойынша қолма-қол ақшамен алады, ол мұны "атам заманғы тәсіл" деп атайды. Бұған қоса, ол әлгі тізімде болғандықтан, ешкімге сенімхат жазып бере алмайтынын жуырда естіген.

- Қылмыстық құқыққа сәйкес, бір қылмыс үшін адамды екі мәрте жазалауға болмайды. Бірақ жазықсыз болсам да мені айыпты деп танып, жаза мерзімін толық өтеп шықтым. Сонда соттылығымды алып тастаса да қазір мені тағы жазалап жатқан болып тұр ғой. Сенімхат беру қалайша қылмыс саналады? – дейді Жасұлан Сүлейменов.

"Қадыр-Қасиет" құқық қорғау ұйымының басшысы Анар Ибраеваның айтуынша, азаматтарға берілетін әлеуметтік жәрдемақыға шектеу салуға болмайды. Оның пікірінше, бұл тыйым алиментке де қатысты болуы тиіс. Оның айтуынша, "терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар" ұйымдар мен тұлғалар тізіміне енгізу кезінде сотталғандардың істері жеке-жеке қаралмайды.

- Егер банктегі есеп-шоттардың экстремистік деп аталған мақсаттар үшін пайдаланылғанын дәлелдейтін әлдебір фактілер болса, тізімге енгізу қисынды әрі заңды болар еді. Ал бұл шара 174-бап бойынша сотталғандардың бәріне жөнсіз қолданыла беретін болса, көптеген сауал туады. Негізі, бұл шараны қолдануда әр істі жеке-жеке қарау керек, - дейді Анар Ибраева.

Оның сөзінше, шын мәнінде, мұндай шараларды сотталған адам мен оның отбасы үшін қосымша жаза ретінде есептеу керек. Құқық қорғаушы Қазақстанда азаматтардың әлеуметтік көмек, балаларына жәрдемақы, зейнетақы және өзге де төлемдер алуға заңды құқығы барын айтады. Ал билік мұндай әрекеттерімен сотталған азаматтарды "тығырыққа тіреп, шарасыздыққа итермелейді" дейді ол.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

AzattyqTV

Көшпенділер ойынына асық шабандоз қыз
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:51 0:00
XS
SM
MD
LG