Accessibility links

Азаматтық белсенді Олеся Халабузарь "ұлтаралық араздық қоздырды" деген айыппен екі жылға сотталды.

Тамыздың 1-інде азаматтық белсенді Олеся Халабузарьдің соты Алматының Алмалы аудандық сотында бастала салып жылдам аяқталды. Судья Бейнегүл Қайсина Халабузарьге "саяси статья" атанып үлгерген Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлімі бойынша "ұлттық алауыздық қоздырды" деген айыппен екі жыл түрме жазасын кесті.

Судья үкімнің үстінен 15 тәулік ішінде апелляциялық шағым түспесе, шешім автоматты түрде күшіне енетінін ескертті. Бұл мерзім ішінде Халабузарь ешқайда кетпеу туралы қолхат беріп, үйқамақта отырады. Үкім күшіне ене сала Халабузарь 10 тәулік ішінде түрме жазасын өтей бастауы тиіс болады.

Үкім шыққасын Олеся Халабузарь Азаттық тілшісіне "бәрі алдын-ала түсінікті болғандықтан" апелляциялық шағым түсірмейтінін айтты. Өзіне тағылған айыпты ол сот отырысы кезінде ресми түрде мойындап, шын өкінетінін жеткізді. Сот қысқартылған түрде, қандай да бір зардап шегушілер мен куәгерлерсіз өтті.

АЙЫПТАУ

Жарыссөз кезінде прокурор Дидар Қабаев соттан Олеся Халабузарьді Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөліміне сәйкес ең аз жазаға тартуды, яғни екі жыл түрме жазасына кесуді сұрады. Прокурор айыпталушының бұрын сотталмағанын, кәмелетке толмаған үш баласы бар екенін ескеруді өтінді.

Айыптау қорытындысы бойынша, бұрын сотталмаған Алматы тұрғыны Олеся Халабузарь "адамзат қауіпсіздігі мен бейбітшілікке қарсы ауыр қылмыс жасаған". Құжатқа сәйкес "2017 жылғы ақпан айында айыпталушы ұлтаралық алауыздық тудыратын мәтін жазылған үнпарақшалар таратпақ болған". "Жас кәсіпқойлар қоғамы" атты өзі басқарған ұйымның кеңсесінде "үнпарақтарды әзірлеп, кейін қалада тарата бастаған".

Прокурор Дидар Қабаев. Алматы, 1 тамыз 2017 жыл
Прокурор Дидар Қабаев. Алматы, 1 тамыз 2017 жыл

Сот психологиялық-филологиялық сараптамаға сәйкес үнпарақтағы мәтінде "Қазақстан республикасы конституциясының 26-бабына өзгеріс енгізілсе, жерді қытайлықтардың басып алу қаупі туатыны туралы" долбар жазылған. Сарапшылар мәтінде "ұлтаралық алауыздық пен жеккөрініш тудыру сипаттары бар" деп шешкен.

Айыптау қорытындысына сәйкес Олеся Халабузарь тергеу кезінде "бейбітшілік үшін кінәсін мойындаған". Жауаптау кезінде прокурор Дидар Қабаев осы тұсқа көбірек шұқшиып, Олеся Халабузарьден бұл жайттың мәнін сұрады. Халабузарь өз ноутбугінен үнпарақтардың мәтіні табылғанын мойындайтынын, кеңседе компьютер жетпей көп адам қатар пайдаланғандықтан мәтіннің ноутбугіне қалай түскенін білмейтінін, бірақ мұның соңы осындай жағдайға душар еткеніне өкінетінін мәлімдеді.

ҚОРҒАУШЫЛАР

Үйқамақта болған Олеся Халабузарь сот отырысына мемлекет тағайындаған адвокаты Жанат Айтжановамен келді. Адвокатпен ол соттың алдында ғана танысқан. Азаттық тілшісі не себепті жеке адвокат жалдамағанын сұраған кезде Халабузарь:

- Өйткені одан еш пайда жоқ, бәрі шешіліп қойған, - деді.

Отырыс кезінде адвокат Айтжанованың іс материалдарымен таныспағаны анықталды. Сол себепті танысып алуға судьядан уақыт сұрады. Судья Бейнегүл Қайсина адвокаттың шағымын қанағаттандырып, 20 минут уақыт берді. Үзілістен соң Олеся Халабузарь судьядан отырысты қысқартылған түрде өткізуді сұрады, зардап шегушілер мен куәгерлердің жоқ екеніне нұсқады. Судья бұл өтінішті де қанағаттандырды.

Халабузарь сот отырысына журналистердің қатысуына рұқсат сұрағанда прокурор Қабаев онсыз да зал ішіндегі камераларға процесс түгел жазылып алынатынын, кейін журналистерге таратылатынын айтып, қарсы шықты. Азаттық тілшісі журналистер сот процесінде тікелей қатысушы болып саналмағандықтан кейін аудио-видеоматериалдарға қолдары жете алмай қалатындарын ескерткен соң судья отырыс кезінде дыбыс жазып, суретке түсіруге рұқсат етті. Видео түсіруге рұқсат берілмеді. Адвокат Жанат Айтжановадан басқа барлық сотқа қатысушы өздерін фотоға түсіруге қарсы болмады.

Бейнегүл Қайсина, судья. Алматы, 1 тамыз 2017 жыл
Бейнегүл Қайсина, судья. Алматы, 1 тамыз 2017 жыл

Халабузарь үш мәрте сөз алды. Әуелі айыпталушы ретінде жауапталды. Ал екінші және үшінші мәрте жарыссөз кезінде кезек тиді. Бірақ ағыл-тегіл көз жасына тұншығып, сөйлей алмады.

Жарыссөз кезінде адвокат Жанат Айтжанова соттан айыпталушының жазасын жеңілдететін барлық жайттарды қаперге алып, ең төменгіден де жеңіл жаза тағайындауды өтінді. Адвокат Азаттыққа осылайша судьядан Халабузарьді тек бір-ақ жылға бас бостандығынан айыруды сұрағанын айтты.

Халабузарьге тағылған айыптар ол "Жас кәсіпқойлар қоғамында" жетекші болып жүрген кездегі қызметімен тұспа-тұс келеді. Биылғы наурыздан бері белсенді "Әлеуметтік-саяси зерттеулер орталығын" басқарып келген. Халабузарь жалғызбасты ана ретінде үш бала өсіріп отыр.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Шығыс Гутада құрбандар саны көбейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:16 0:00
XS
SM
MD
LG