Accessibility links

Косово экстремизммен күресті түрмеден бастады


«Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымына қосылғандардың қатарында косоволықтар да бар.

Таяу Шығыстағы «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымына азаматтарының көптеп қосылып жатқанына алаңдаған Косово түрмелерді қатаң бақылауға алды. Қамаудағылардың арасында әсіредіншілдердің күрт көбейгені туралы ақпарат бар.

Мұсылмандары басым зайырлы мемлекет дәстүрлі дінді ұстанғанды жөн санайды, сондықтан үкімет консервативтік ағымдарды ұстанушылардың көбейгенін жаратпайды.

Косовода террорлық іс-әрекетке қатысқаны үшін бес жылдан он бес жылға дейін соттайтын жаңа заң қабылданды. Таяу Шығыстан оралған ондаған косоволық және тұрғындарды экстремистік топқа тарту мақсатында жұмыс істегендер осы заңға сай жазаланды.

Елге оралғандардың біразы тұтқындалды, кейбірін экстремистік мақсатта әскер жинағаны үшін немесе шетелде соғысқаны үшін тергеп жатыр.

«Террорлық іс-әрекеті үшін сотталғандар ғана радикалданған деуге келмейді. Басқа қылмысы үшін жазасын өтеп жатып, әсіредіншілдікке ұрынған қылмыскерлер де бар» деп мәлімдеді жақында әділет министрі Дхурата Хоксха.

Әділет министрі терроризмге қатысы жоқ қылмысы үшін сотталып, кейін түрмеде жатқанда радикалдардың ықпалына түскен тұтқындардың көбейгенін ескертті.

Еуропаның ең жас мемлекеті қалыптасып үлгермеген зайырлы институттар мен 1,9 миллионға жуық халқын мемлекетке қарсы дін атын жамылған қозғалыстан сақтауға тырысады.

Косово адам басына шаққанда радикалды топтарға қосылу бойынша Еуропада көш бастап тұр.

Приштинаның радикалдануға қарсы күресі ИМ немесе басқа топтарға қосылған азаматтары Ирак, Сирия және басқа да соғыс ошақтарынан оралып жатқан өзге үкіметтерге үлгі болуға тұрарлық. Косовоның 300-ден астам азаматы ИМ және басқа да экстремистік топтармен бірге соғысу үшін Сирия мен Иракқа кетті. Солайша Косово адам басына шаққанда радикалды топтарға қосылу бойынша Еуропада көш бастап тұр.

Косово шенеуніктері «консервативтік ұстанымдағы имамдар түрмеге барып, тұтқындар арасында радикалдық әдебиеттер тараған сайын әсіредіншілдіктің артқанын байқадық» дейді.

Ақыры министрліктің ресми тұлғалары мен тәуелсіз Косово ислам қауымдастығы (KKI – ислам қағидаларын түсіндіретін, елдегі ислам дініне қатысты іс-шараларды бақылайтын, мүфтилер басқаратын мекеме) түрмедегі радикалдануды тоқтату үшін күш біріктірді.

Мемлекеттегі бас имамның орынбасары Фатмир Илиази KKI тоғыз түрмедегі әдебиеттерді тексеру үшін үкіметтің келісімін алғанын айтты. Косовоның бас имамы Сабри Байгора бастаған топ кейін күмәнді кітаптар мен жазбаларды тексереді.

Косовоның бас имамы Сабри Байгора.
Косовоның бас имамы Сабри Байгора.

«Араб тілінен аударылған, бірақ авторлары жоқ немесе кітаптарды шығарған баспалар білмейтін авторлар жазған кітаптарды таптық» деді Илиази.

Оның айтуынша, түрме кітапханаларында ондай кітаптар көп болған.

«Кітаптардың көбі пенитенциарлық жүйеге сай келмейді, сондықтан Косовода 600 жылдан бері келе жатқан дәстүрлі исламды сипаттайтын кітаптарды тараттық» дейді министрлік өкілі.

Илиази KKI бұдан былай әділет министрлігі және түрме шенеуніктерімен келісе отырып түрмеге баратын имамдарды мұқият таңдайтынын айтты. Косовода әсіредіншіл бағыттағы имамдарды жазалау тәжірибесі бар.

Өткен жылы мемлекеттегі үшінші үлкен қала Феризайдың имамы этникалық және діни өшпенділік тудырғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айрылды. Зегирия Казими атты дін қызметкері 2013 жылы YouTube арнасына жүктелген бейне баянда «кәпірлердің қаны – ең жақсы сусын» деген.

Жақында бірнеше имам «радикалды үндеулер жасайды, экстремистік топтарға бүйрегі бұрады» деп айыпталды. Олардың арасында ел астанасындағы бас мешіт – Сұлтан Мехмет Фатихтың имамы Шефкет Красниги де бар.

Сұлтан Мехмет Фатих мешітінің имамы Шефкет Красниги.
Сұлтан Мехмет Фатих мешітінің имамы Шефкет Красниги.

Косово шенеуніктері өткен жылы ирандық дін қызметкері Хасан Азари Бежанди басқаратын шиттік ұйымдардың бес желісін жапты. Кейін оған «ақшасын жасырды және терроризмді қаржыландырды» деген айып тағылды.

Илиазидің айтуынша, жұмыссыздық, кедейлік, радикалдық әдебиеттердің бақылаусыз жариялануы және онлайн басылымдарға оңай кіру мүмкіндігі адамдарды дәстүрлі бағыттан тайдырады.

Косовода жұмыссыздық деңгейі 2011 жылдан бастап 30 пайыздан асты. Бұл көрсеткіш кейбір ауылдарда 50 пайыздан асып кетеді. Соны пайдаланған жат ұйымдар қайырымдылық шараларын өткізген болып, жастарды өзіне тартады. 2014 жылы Косово шенеуніктері осындай 14 ұйымды жапты. Оларды Иран, Сауд Арабиясы және басқа да Парсы шығанағы мемлекеттері мен күмәнді экстремистік топтар қаржыландырып отырған.

Сыншылар «Косовоның ислам қауымдастағы ресми тіркелмеген мешіттер мен діни мектептерді бақылай алмай отыр» дейді. Шенеуніктер олармен күресу керек екенін мойындайды.

Косовоның ішкі істер министрі Скандер Хисени ақпанның 28-і күні: «Косово халқы ұстанып келген ислам діні – дәстүрлі дін, бейбітшілік, адамдар арасындағы махаббат пен түсініктікке шақыратын жақсы дін. Есуастардың осындай құндылыққа қауіп төндіруіне жол бермеуіміз керек» деді.

Косоволық сопылардың діни рәсімінен көрініс. Гякова, 21 наурыз 2013 жыл.
Косоволық сопылардың діни рәсімінен көрініс. Гякова, 21 наурыз 2013 жыл.

Кейбір бақылаушылар косоволық шенеуніктердің түзету орындарындағы әрекеті жеткіліксіз, жалпы қоғамды өзгерту керек дейді.

«Түрмелер ылғи шу тудырады. Олар әскерилердің университеті сияқты болып кеткен» деді Колумбия университетінің бейбітшілік қалыптастыру және құқық жөніндегі бағдарламасының директоры Дэвид Филлипс.

Оның сөзінше, «адамдарға болашаққа сенім, дағдылар және экономикалық мүмкіндіктер беру керек, діни экстремизмге бет бұрмай-ақ өмір сүруге болатынын дәлелдеу керек».

Амра Зежнели мен Пит Баумгартнердің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG