Accessibility links

КҚК теңіз терминалындағы жоспарлы жөндеу жұмысы аяқталғанын хабарлады


Каспий құбыр консорциумының Южная Озереевкадағы мұнай терминалы. Новороссийск порты, Ресей, 21 қыркүйек, 2021 жыл.
Каспий құбыр консорциумының Южная Озереевкадағы мұнай терминалы. Новороссийск порты, Ресей, 21 қыркүйек, 2021 жыл.

Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалындағы айлақ құрылғыларының біріндегі жоспарлы жұмыс толық аяқталды. Ол құрылғыны жөндеу жұмысы былтыр дрон шабуылына дейін басталған. Қарашаның аяғында болған шабуыл салдарынан терминалдағы басқа бір құрылғы зақымданған еді.

Жөндеуден өткен құрылғыда жүк тасымалдау жүйесіне 21 қаңтарда гидравликалық сынақтар жүргізіліп, одан кейін су астындағы мұнай құбырындағы шеткі манифольд ашылып, мұнай тиеу үшін танкер айлаққа қойылды, деп хабарлады жексенбі күні КҚК баспасөз қызметі.

Осылайша, қазіргі уақытта теңіз терминалында мұнай жөнелту екі айлақтық құрылғы арқылы штаттық режимде жүзеге асырылып жатыр дейді консорциум.

1500 км созылып жатқан КҚК желісі арқылы Еуропаға тасымалданатын мұнайдың 80 пайызы Қазақстанда өндіріледі. Былтыр КҚК нысандары бірнеше рет шабуылға ұшырап, құбыр жұмысына кедергі келген. Мысалы, 29 қарашада Украина теңіз дрондарымен Ресейдің Қара теңіздегі танкерлері мен мұнай инфрақұрылымына шабуыл жасаған. Сол кезде Каспий құбыр консорциуымына тиесілі портқа да дрон тиген. Cалдарынан мұнай айдайтын үш құрылғының бірі істен шыққан. Қазақстан СІМ Новороссийскідегі КҚК инфрақұрылымына шабуылға байланысты бұған дейін Украинаға наразылық білдірген. Оған жауап берген Украина СІМ шабуыл Қазақстан немесе басқа үшінші елге бағытталмағанын, бар мақсаты – басқыншының іс-әрекетін тежеу екенін айтқан.

Былтыр 11 желтоқсанда елдің энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстан КҚК нысандарына жасалған шабуыл салдарынан 480 мың тонна мұнайын жоғалтты деп мәлімдеген. Ол Қазақстан Каспий құбыр консорциумынан бас тартпайтынын, оған балама бағыт жоғын айтқан.

Қазақстан қазір басқа бағыттар бойынша да мұнай тасымалдауды арттыруға тырысып жатыр. Алайда сарапшылар бұл жағынан Қазақстанның мүмкіндігі шектеулі дейді.

XS
SM
MD
LG