Кремльдің НАТО-ға қатысты талабына Орталық Азияның жауабы қандай болмақ?

Кремль.
Кремль.

Ресей постсоветтік елдерде НАТО-ның қызметін шектеу туралы талап қойыпты деген ақпарат Украинадан тыс аймақтарда алаңдаушылық туғызды. Сарапшылар Батыспен қауіпсіздік серіктестігін шектеу Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдағы елдердің егемендігіне қауіп төндіруі мүмкін.

АҚШ-тың Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі тоқтап қалған келіссөзді қайта жандандыруға бағытталған соңғы талпынысы ұрыс даласынан әлдеқайда алыста, соның ішінде Кремль әлі де өз ықпал аймағы деп санайтын бұрынғы Совет одағының стратегиялық маңызы бар екі аймағында ерекше назар аудартты.

13 қарашада The New York Times газеті Ресейдің келіссөз құжаттарына сілтеп, Мәскеу НАТО-дан өз күштерін 1997 жылғы шепке шегіндіру туралы бұрынғы талаптарын қайта көтергенін хабарлады. Бұл альянстың Еуропадағы құрылымдарына ғана емес, сонымен қатар оның Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азиямен ықпалдастығына да әсер етуі мүмкін.

Келісімнің ауылы алыс, бірақ Бішкектен Тбилисиге дейінгі қауіпсіздік сарапшылары, дипломаттар мен саясаткерлер жағдайды жіті бақылап отыр.

НАТО-ның ықпал аясы

НАТО-ның бұл аймақтармен ынтымақтастығы Совет одағы ыдырағаннан кейін басталған. 1994 жылы Грузия, Армения, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Өзбекстан альянстың «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» бағдарламасына қосылды. Тәжікстан оған 2002 жылы өтті.

Содан бері НАТО-ға мүше болмай-ақ қауіпсіздік саласындағы нақты байланыстарды нығайтуға бағытталған бұл бағдарламаның ауқымы кеңейіп, әскери даярлық, шекара қауіпсіздігі, терроризммен күрес, киберқорғаныс және қарулы күштерді жаңғырту сияқты бағыттарды қамтыды.

Ынтымақтастық деңгейі артқан тұстарда Грузия мен Қазақстан үнемі халықаралық оқу-жаттығулар өткізді, ал Өзбекстан мен Қырғызстанда АҚШ әскери нысандары орын тепті.

Қазір бұл оқу-жаттығулар өтпейді. Әсіресе Вашингтон мен Тбилиси арасындағы байланыс бәсеңдеген, ал әскери базалар баяғыда жабылып қалған. Дегенмен қауіпсіздік байланыстары сақталып қалды.

НАТО-ның Грузиямен ынтымақтастығы киберқауіпсіздік, арнайы күштер және дағдарыстарды басқару салаларын қамтиды. Армения мен Әзербайжан кей салаларда ғана қарым-қатынас орнатуды қаласа, Орталық Азия мемлекеттері негізінен кәсіби әскери білім алу және қауіпсіздік саласындағы дәстүрлі байланыстарын әртараптандыру үшін пайдаланады.

«Бұл мемлекеттер балама әскери мамандар, оқыту желілері, институционалдық реформа және Батыс стандарттары сияқты игіліктерден қол үзіп қалады», — деді Грузия бас штабының бұрынғы басшысы, НАТО мен ЕО жанындағы бұрынғы әскери өкіл Вахтанг Капанадзе.

«Олардың басты артықшылығы — әскердегі кәсібилікті, өзара үйлесімді, қорғанысты жоспарлауды, институттық орнықтылықты және көптеген халықаралық серіктеспен ынтымақтасу қабілетін арттыру еді», — дейді ол.

Капанадзенің айтуынша, бұл байланыстың үзілуі елдерді балама серіктес іздеуге мәжбүрлейді, оның орнын Ресей не Қытай болуы мүмкін.

НАТО-ның жауабы

Азаттық тілшісінің Мәскеудің талаптарына қатысты сауалына жауап берген НАТО өкілі Ресейді тікелей атамағанымен, қатқыл пікір айтты.

«Бұл серіктестіктердің одан әрі дамуына қатысты кез келген шешімді НАТО одақтастары мен мүдделі серіктестердің өздері қабылдайды», — деді ресми өкіл Азаттыққа жазбаша жауабында.

Капанадзе НАТО бұл қағидаттарды ұстануға тырысады деп санайды, бірақ бұл альянс ішіндегі саяси ымыраға, әсіресе Вашингтон мен оның еуропалық одақтастары арасындағы ауызбірлікке байланысты байланысты дейді ол.

Отставкадағы грузин генерал-майоры Вахтанг Капанадзе.
Отставкадағы грузин генерал-майоры Вахтанг Капанадзе.

«НАТО-ның беделі шағын мемлекеттерді саудаға салғызбау қабілетіне байланысты, — деді Капанадзе. — Украинаға, Грузияға немесе постсоветтік кеңістіктегі өзге елдерге қатысты кез келген шешім сол елдердің тікелей қатысуымен өтіп, олардың дербес таңдауын құрметтеуі тиіс, ал Қара теңіз аймағы мен Орталық Азияға назар стратегиялық тұрғыда Балтық жағалауы елдерінен кем емес болуы керек».

Әзірге Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ үкіметтері ресейлік құжаттарда жазылды деген дерекке қатысты ештеңе деген жоқ. 10–11 қарашада Әбу-Дабиде өткен АҚШ–Ресей–Украина бейбіт келіссөздері басталғанға дейін Мәскеу өз ұстанымын бұл елдердің үкіметтеріне ресми түрде жеткізді ме, жоқ па, ол жағы беймәлім.

Мәскеумен сауда арқылы және Ресей құрамына кіретін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) аясында тығыз байланыс орнатқан Қырғызстанның сарапшылары Кремльдің талаптары деп сипатталған жайттар аймақтың дербестігіне нұқсан келтіреді деп санайды.

«Бұл Орталық Азия елдерінің егемендігіне нұқсан келтіреді. Бұл – ең алдымен олардың өз бетінше тәуелсіз сыртқы саясат жүргізу және кіммен қарым-қатынас жасауды өздері шешу құқығын шектеу талпынысы», – дейді қырғызстандық саяси сарапшы Эмиль Жораев Азаттықтың Қырғыз қызметіне берген сұхбатында.

Жораев Қырғызстан немесе оның көршілері ресми дипломатиялық наразылық білдіре қоймас дейді, бірақ аймақтағы елдердің басшылары жоғары деңгейдегі саммиттер кезінде жабық есік жағдайында Мәскеуге қарсылық білдіруі керек дейді.

«Бұл мәселелер дәл сол кездесулерде көтеріліп, біздің елдер мұндай әрекеттерге мойынсұнбайтыны нақты айтылуы тиіс», — дейді ол.

Қырғызстанның АҚШ-тағы бұрынғы елшісі Бақыт Аманбаев болса, аймақ елдерінің сыртқы серіктестіктерін айқындауға Мәскеудің ешқандай құзыры жоқ екенін және бұған үнсіз бас шұлғу дұрыс емес екенін айтты.

Азаттықтың Қырғыз қызметіне сұхбатында Аманбаев «Орталық Азия мемлекеттерінің сыртқы саясатын олардың атынан айқындауға және жүргізуге ешбір елдің құқығы жоқ» екенін айтты.

«Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлері бас қосып, нақты әрі айқын ұстаным білдірсе дұрыс болар еді», — дейді ол.

​
XS
SM
MD
LG