Accessibility links

Қырғызстан астанасы Бішкекке таяу орналасқан Манас әуежайы маңындағы саяжайға ұшақ құлағанда Сағынбектің Рахмановтың отбасы опат болды. Қаңтардың 17-сі күні оның әйелі мен екі баласын жерледі.

Манас әуежайы маңындағы Дача ауылына ұшақ құлағанда 24 жастағы Венера Дуйшеева мен оның екі баласы қаза тапты. Опат болған әйел үшінші балаға жүкті болған. Қаңтардың 17-сі күні олардың сүйегін Ноокен ауданы Кұрұлыш ауылында жер қойнына тапсырды.

Әйелі мен балаларынан айырылған отағасы, 30 жастағы Сағынбек Рахмановтың денесін күйік шалған. Ол қазір Бішкек клиникаларының бірінде жансақтау бөлімінде жатыр.

Венера Дуйшееваның әпкесі Гүлсін Исманова апат алдындағы түні балалардың нағашы аталарының үйінде болғанын айтады.

- Нағашы аталары "қалыңдар" деп сұрағанына қарамай, күйеубалам "ертең ерте жұмысқа шығамын" деп, бала-шағасын түн ішінде алып кеткен. Қаңтардың 16-сы таңертең ол жұмысқа барамын деп көлігін қыздырып отырған екен. Олардың үйі әуежай жанындағы бірінші үй болғандықтан ұшақ әуелі сол жерге құлаған. Сағынбек отырған көліктің екі дөңгелегінен басқа ешнәрсесі қалмады. Үй ішінде ұйықтап жатқан келіншегі мен екі баласы қаза тапты. Өзі денесін күйік шалып, Бішкектегі аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Ахуалы жайында ешнәрсе білмейміз. Сіңлім мен балалардың денесі күйіп кеткен. Қаладағы мәйітханада әрең танып, сүйектерін туған жеріне апардық, - дейді Гүлсін Исманова.

Құлаған ұшақтың бір бөлігі мен жартылай қираған үй. Бішкек маңы, Дача-Су саяжайы, 16 қаңтар 2017 жыл.
Құлаған ұшақтың бір бөлігі мен жартылай қираған үй. Бішкек маңы, Дача-Су саяжайы, 16 қаңтар 2017 жыл.

Сағынбек Рахманов пен Венера Дуйшеева 2010 жылы отасқан. Олардың үшінші балалары бір айдан кейін дүниеге келуі тиіс еді. Сот-медициналық эксперттер баланы әйелдің құрсағынан алуға мәжбүр болды. Нәресте қыз екен, шаранаға Аян деп ат қойып жерлеген.

Ал Сағынбектің анасы Айтби Исабаеваға бұл қайғы ауыр тиген.

- Не істеймін енді...О, Жаратқан, не күнәміз бар еді?! Балалардың айыбы не?! Балам жұбайымен Ресейде жұмыс істеп, кейін "қара тізімге" ілігіп, бара алмайтын болған. Сосын Бішкектен жұмыс іздеп жүрген. Үш ай бұрын сүт таситын көліктің жүргізушісі болып жұмысқа орналасып, бала-шағасын алып кеткен. Мұндағы салып жатқан үйі толық бітпегендіктен, соны бітіруге ақша табам деп жұмыс істеп жүрген. Олар тұрған саяжайдағы үй басқа біреудікі еді. Не істерімді де білмей қалдым. Ұлым есін жиған соң бала-шағасының опат болғанын естігенде жағдайы қандай болады деп уайымдаймын, - деді ол.

Жерлеу рәсіміне Жалал-Абад облысының уәкілетті өкілі Қиянбек Сатыбалдиев қатысты. Ол қаза тапқан адамдардың туыстарына президент пен үкімет атынан көңіл айтты.

- Бұл қайғы - сіздердің ғана емес, жалпы қырғызстандықтардың қайғысы. Барлық марқұмдардың жақындарына өзімнің, президенттің, үкіметтің атынан көңіл айтамын. Президент қорынан бөлінген 100 мың сом, үкімет бөлген 70 мың сомды, жергілікті билік өкілдері жинаған қаражаттарды жақындарына тапсырамын. Басқа қандай жәрдем керек болса, қолдан келген әрекеттерді қарастырамыз. Бұл, әлбетте, сіздердің зор қайғыларыңызды толтыра алмаса да, қандай да бір қажетке жарайды деп ойлаймыз, - деді ол.

Апат болған саяжай орнынан мәйіттерді жинап жүрген құтқарушылар.
Апат болған саяжай орнынан мәйіттерді жинап жүрген құтқарушылар.

Зардап шегушілерге көмек көрсету мақсатында мемлекеттік мекемелер мен полиция қызметкерлері бір күндік жалақыларын аударды. Мұнан бөлек Шу облысының төтенше жағдайлар басқармасында гуманитарлық көмек жинайтын пункт ашылды.

«Боинг-747» жүк ұшағы қаңтардың 16-сы күні таңғы сағат 7:20 шамаларында Манас әуежайы маңындағы Дача-СУ саяжайына құлаған еді. Ұшақ Гонконгтан Стамбулға ұшып бара жатып, жанармай толтыруға қонбақ болған. Ресми мәлімет бойынша, ол апаттан 37 адам қаза тапты, 10-нан аса адам жараланған. ​

Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG