Accessibility links

Қырғыз қауіпсіздік комитеті премьер мен Азаттық тілшілерін тергеуге шақырды


Қырғызстан премьер-министрі Мухаммедкали Абылгазиев.
Қырғызстан премьер-министрі Мухаммедкали Абылгазиев.

Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) Азаттықтың қырғыз қызметі жариялаған зерттеуге байланысты Жогорку Кенештің қазіргі депутаттары Алтынбек Сулайманов пен Дүйшөн Төрөкуловты, бұрынғы депутат, қазір "Үміт-2020" қозғалысының жетекшісі Шырын Айтматованы тергеуге шақырды. Комитетке шақырылғандардың қатарында 2017 жылы президент Сооронбай Жээнбековтің инаугурациясына жауапты болған жұмысшы топтың мүшелері Фарид Ниязов, Мухаммедкали Абылгазиев (қазіргі премьер-министр), Турдуназир Бекбоев та бар.

ҰҚМК таратқан ақпаратқа қарағанда, ведомство аралық комиссия Қырғызстан қылмыстық кодексінің "адам өлтіру" бабы негізінде сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

Тергеуге Азаттық радиосының да екі қызметкері шақырылған. Олар - Мухаммедали Токтакунов пен Ыдырыс Исаков. Тоқтакунов Азаттықтың Прагадағы кеңсесінде тұрақты түрде жұмыс істейді. Исаков іссапармен Прагаға келген. Ол Чехия астанасында 2020 жылдың ақпанына дейін болады.

"Азаттық медиа" компаниясы резонанс тудырған зерттеуге байланысты құқық қорғау органдарымен бірлесе жұмыс істеуге дайын. Журналистер де видеоға қатысты барлық сұраққа жауап беруге әзір.

Азаттықтың Қырғыз қызметі жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) және Kloop.kg сайтымен бірге Қырғызстаннан заңсыз жолмен кемі 700 млн доллар қалай шығарылғаны туралы зерттеу материалының екінші бөлімін жариялады. Жемқорлық туралы журналистік зерттеуге көмектескен тегі ұйғыр қытай кәсіпкері Айеркен Саймаитиді 10 қарашада Стамбулда атып кеткен. Ол журналистерге заңсыз әрекеттерге мемлекеттік кеден қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимов отбасының қатысы барын айтқан.

Оқи отырыңыз: Жымқыру мен қорғаштау. Ірі жемқорлықты әшкерелеген кәсіпкерді атып өлтірді

Матраимовтың өзі 29 қараша күні ҰҚМК ғимаратында 5 сағат тергелді.

Журналистердің зерттеуінен соң Қырғызстанда наразылық акциялары да өтті. Қарсылық шарасын жаһанның әр елінде жүрген қырғыз жастары да қолдады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG