Accessibility links

Мектеп директорлары арнайы қызмет өкілдеріне шағымданды


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Қырғызстанның Шу ауданында жергілікті прокуратура мұғалімдер мен техникалық жұмысшылардан ақша жинау фактісіне байланысты қылмыстық іс қозғады. Ал ақша жинауға қатысты пікірін ашық айтқан мектеп директорларын аудандық білім бөлімі қудалап, мектептерді тексерген.

Қырғызстанның Шу ауданында 28 мектеп бар. Бұған қоса, Шу-Тоқмақ білім бөліміне Тоқмақ қаласының 13 мектебі қарайды.

Аудандағы үш мектептің директоры Азаттыққа қуғын көргендерін, мұғалімдердің басшылыққа бір-бірінің сөзін таситынын айтады.

Шағымданған азаматтардың бірі – Ахмат Рысмендіұлы атындағы мектептің директоры Шынар Манаева әр мектептен 10 мың сомнан жинау туралы тапсырма болғанын айтады.

Шынар Манаева
Шынар Манаева

- Шу-Тоқмақ білім бөліміне Есеп палатасы тексеріспен келді, сондықтан 28 мектептен ақша жинау керек, әрқайсысы 10 мың сомнан өткізсін деді. Маған аудандағы мектеп директорларынан ақша жинауды тапсырды, бірақ мен директорларға қоңырау шалып, "қаласаңдар ақша беріңдер, бірақ өздерің апарыңдар, мен ақша бермеймін" дедім. Қалай екені белгісіз, бұл ақпарат Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетіне (МҰҚК) де жеткен екен. Қызметкерлері мектептерді тексере бастады, бізге де келді. Мен шындықты айттым, содан дау шықты. Ақшаны кәсіподақ төрағасы Самат Наматов жинады, - дейді Шынар Манаева.

Ленин ауылындағы орта мектептің директоры Тамара Садығалиева да кәсіподақ басшысы Самат Наматовтың "Есеп палатасына" деп әр мектептен 10 мың сомнан жинағанын айтты.

Тамара Садығалиева
Тамара Садығалиева

- Мысалы, біздің мектепте 12 оқытушы бар. Әрқайсысы 500 сомнан берді. Мұғалімі көп мектептерде 200-300 сомнан жинады. Сәуірдің 17-сіне еңбек кітапшаларын тексеруге келгенде Самат Наматов 10 мың сомды өзі алып кетті. Оны көрген куәгерлер де бар. Бірақ қазір істі созып жіберді. Біз МҰҚК-ге хабарластық, шағым жаздық. Содан бері Шу-Тоқмақ білім бөлімінің басшысы Айткүл Кибираева мен Самат Наматов бізді қудалап жатыр. "Сөйлесеміз" деп шақырып алады да, әлденені тұспалдап айтады, соңында "өз еркіңізбен жұмыстан кетуге өтініш жазыңыз" дейді. Бәрін қорқытады, тіпті балаларды шошытып бітті. Директор мен мұғалімдер арасындағы қарым-қатынасты бұзды, жұмыс істеуімізге мүмкіндік бермейді, - дейді Тамара Садығалиева.

Тамара Садығалиева аталған екі мектептен басқа аудандағы 28 мектептің әрқайсынан 10 мың сомнан жиналғанын айтты. Соңғы сегіз жылда "Есеп палатасы мен аудитке" деп үнемі осылай ақша жиналған.

- Олармен үнемі бірге жұмыс істеп келеміз. Мектепте істегеніме 28 жыл болды, соның сегіз жылында директор қызметін атқардым. Осы уақыт бойы жылына екі рет ақша жинаймыз. Биыл 10 мың сом, былтыр 8 мың, оның алдында 5 мың сом болған. 4 мыңнан басталған сома он мыңға дейін өсті. Жыл сайын екі рет "Есеп палатасы" мен "аудиторлық тексеріске" жинаймыз. Бұл туралы біреу айтуға тиіс, 10 мың сом – көп ақша, - дейді Тамара Садығалиева.

Айнұр Турдыбаева.
Айнұр Турдыбаева.

Кошой орта мектебінің директоры Айнұр Турдыбаеваның айтқандары да осыған ұқсас. Ол аудан басшылығының тапсырмасымен мұғалімдерден 400 сомнан, техникалық қызметкерлерден 150 сомнан жинауға мәжбүр болған. Ол бәрін құқық қорғау мекемесіне хабарлаған. Содан бері мектепке үнемі комиссия келетін болған. Ал өтініш берушілердің туыстарын ұсақ-түйекке бола полиция мазалай береді.

Шу-Тоқмақ білім бөлімінің жетекшісі Айткүл Кибираева 2018 жылдың наурыз айында Қырғызстанның Есеп палатасы тексеріспен келгенін растады. Бірақ мектептерден ақша жинағанын, кейбір мектеп директорларын қудалағанын жоққа шығарды. Оның айтуынша, білім деңгейін анықтаған аккредитациядан өтпеген мектептер тексеруден өтіп жатыр.

- Егер қысым болса, сөгіс беретін еді. Қазан болды, олар тып-тыныш жұмыс істеп жатыр. Биыл барлық мектепте аккредитация болды. Шу облыстық әкімшілігінде "аккредитациядан өтпеген мектептерге шара қолданылуы керек" деген шешім қабылданды. Шара қолданбай тұрып мониторинг жүргіздік, сонда үш мектептің бірінде білім деңгейі 0%, қалғандарында 5% екенін анықтадық, - дейді Айткүл Кибираева.

Ал мектеп директорлары айыптаған кәсіподақ төрағасы Самат Наматов айыптаушы "әйелдердің өздері кінәлі" дейді.

- Кейбір мектеп директорлары аудандық білім бөлімі мен кәсіподақтың атын жамылып, "ақша талап етті" деген желеумен өздеріне ақша жинаған. Бұл туралы ұзақ уақыт білмей келдік. Енді осы оқиға кенеттен белгілі болған кезде түрлі мекемеге жүгіріп, шағым түсіріп жүр, - дейді Самат Наматов.

Ал Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті ақша жинау ісі бойынша қылмыстық іс қозғаған. Қырғызстанның Білім және ғылым министрлігіне Шу-Тоқмақ білім бөлімінің басшыларын қызметінен уақытша шеттету туралы ұсыныс айтылған.

Қырғызстанның Білім және ғылым министрлігіндегі жемқорлықты ескерту секторының меңгерушісі Марат Усупбеков Азаттық тілшісіне тергеу аяқталғанша ведомствоның жағдайды өз бетінше тексере алмайтынын айтты.

Қырғызстанның Білім және ғылым министрлігі
Қырғызстанның Білім және ғылым министрлігі

- МҰҚК-де қылмыстық іс қозғалды, бізге осыған қатысты хат келді. Қазір тергеу нәтижесін күтіп отырмыз. Ол аяқталған соң істі сотқа береді, біз шара қолданамыз. Әзірше тексере алмаймыз. Оларды қызметінен алу үшін тергеушінің қаулысы немесе сот шешімі керек, - деді Марат Усупбеков.

Кей деректерге қарағанда, 2018 жылдың маусым айында мектеп директорларының өтінішін Шу облыстық прокуратурасы қарап, 304-1 бап бойынша ("Мемлекеттік бақылаушы мекеменің лауазымды тұлғаларының заңсыз тексеріс жүргізуі") және 313 бап ("Қорқытып пара бергізу") бойынша қылмыстық іс қозғаған.

МҰҚК қазіргі кезде тергеу амалдарының жүріп жатқанын мәлімдеді. Қырғызстанның Білім және ғылым министрлігі аталған істі бақылауға алғанын, аудандық білім бөлімінің жоғарыда аталған мектептерде тексеріс жүргізуін тоқтатқандарын айтты.

Қырғызстанның Есеп палатасы бұл жайлы ақпарат бермеді.

Мектептерде заңсыз ақша жиналатыны туралы бұған дейін ата-аналар жиі айтып келген. Енді мектеп директорлары да соны айта бастады. Соңғы уақытта "Қырғызстанның білім жүйесіндегі дағдарыс" туралы жиі сөз болады.

(Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG