Accessibility links

Қырғыз парламенті "жалған ақпараттан қорғау туралы" даулы заң жобасын мақұлдады


Қырғызстан парламенті - жогорку кеңештің мәжіліс залы
Қырғызстан парламенті - жогорку кеңештің мәжіліс залы

Қырғызстан парламенті "интернеттегі жалған ақпаратқа тосқауыл қояды" деп дәріптелген даулы заңды мақұлдады. Құқық қорғаушылар мен оппозиция өкілдері "Жалған және анық емес ақпараттан қорғау жөніндегі" жаңа заң сөз бостандығын шектейді деп алаңдайды. Бұл жөнінде Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.

Заң жобасын қырғыз парламенті – жогорку кеңештің 97 депутаты қолдаса, тек бес депутат қарсы дауыс берген.

Қырғызстанның адам құқықтары және медиа ұйымдары ел конституциясына, оның халықаралық міндеттемелеріне қайшы келеді және адам құқықтары мен сөз бостандығын шектейді деп заң жобасын өткір сынға алды.

Заңдағы ережелерге сәйкес, үкімет құратын жаңа ұйым онлайн посттардың мазмұнына байланысты арыз-шағымдарға 48 сағат ішінде жауап беруі тиіс. Контентті жариялаған сайт қадағалаушы ұйымның кез келген талабын 24 сағат ішінде орындауға міндетті.

Жаңа заң бойынша, интернет провайдерлері клиенттерін ортақ идентификация жүйесіне тіркеуге алып, сұрау салған сот немесе мемлекеттік органға қолданушы туралы толық мәліметті беруі тиіс.

Сонымен бірге, заң бойынша вебсайт пен әлеуметтік желі аккаунттарының иелері жеке мәліметі мен электронды мекеменжайын жұрттың бәрі көретіндей етіп ашық жариялауға міндетті, ал аноним интернет қолданушылар анықталып, интернеттен ажыратылып отырады.

Басында "Ақпаратты манипуляциялау туралы" деп аталған заң жобасын жогорку кеңеш депутаттары Гүлшат Асылбаева мен Айнұр Осмонова осыдан бір жыл бұрын ұсынған.

Жоба 2020 жылғы маусымда Бішкек тұрғындарының жаппай қарсылығын туғызып, сол кездегі президент Сооронбай Жээнбеков оны қайта талқылау үшін депутаттарға кері қайтарған.

Даулы парламент сайлауы бұдан да көп жұрттың наразылығына ұласып, қазан айында үкімет те, президент Жээнбеков те отставкаға кетті.

Биыл қаңтарда президент болып сайланған Садыр Жапаров елде "тәртіп орнатып", атқарушы билік тармағын нығайту мақсатында көп заңды өзгертуді ұсынды.

11 сәуірде болған референдумда сайлаушылардың 80 пайыздайы президенттің өкілетін кеңейтетін жаңа конституция жобасын қолдап дауыс берді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG