Accessibility links

Пансионаттағы қауіпсіздік мәселесі шешілмей тұр


Ыстықкөлдің көрінісі
Ыстықкөлдің көрінісі

Қырғызстанда жыл басынан бері 80 адам, оның ішінде туристік маусым басталған соң 58 адам суға батып кеткен. Пансионаттар мен өзен-көлдерде құтқарушылар мен сүңгуірлер жетіспейді, туризм кәсіпорны басшыларының жауапкершілігін арттыру өзекті мәселеге айналған.

Қырғызстан төтенше жағдайлар министрлігінің (ТЖМ) дерегінше, суға кеткендердің көбі Шу облысында тұрады. Одан кейінгі орында - Ыстықкөл мен Ош облыстары. Шомылу маусымы басталғалы бері суға кеткен 58 адамның 20-сы - бала.

"Ынтымақ" олимпиадалық резерв мектебі басшысының орынбасары Ильвира Жогинаның сөзінше, адамдардың суға батып кетуінің негізгі себебі - ересектердің де, балалардың да жүзе білмеуі.

- Бассейндер жетіспейді. Елдегі бассейндердің бәрі жеке меншіктің қолында. Мектептерде бассейн жоқ, олар тіпті жаңа мектептердің өзінде қарастырылмаған. Бассейндердің бәрі - ақылы. Ал көп ата-ананың төлеуге шамасы жоқ. Аймақтардағы жағдай да солай. Спорт сарайындағы бассейн мүшкіл халде, ол жерді мысықтар жайлап алғанына 15-16 жыл болды, - дейді Ильвира Жогина.

Ресми дерекке сәйкес, өткен жексенбі күні ғана төрт адам, оның ішінде Азаттықтың Қырғыз редакциясының журналисі Уланбек Егізбаев суға кеткен. Оның қазасына қатысты түрлі болжамдар айтылып жатыр, бірақ Қырғызстан ішкі істер министрлігі өкілдері жариялаған сот-медициналық сараптамасының алғашқы қорытындысына сәйкес, әріптесіміз суға батып кеткен.

Журналист Уланбек Егізбаевтың жаназасынан көрініс.
Журналист Уланбек Егізбаевтың жаназасынан көрініс.

Шілденің 24-і күні Қырғызстан премьер-министрі Мұхаммедқалый Әбілғазиев елдің өзен-көлдеріндегі қауіпсіздік мәселесіне қатысты жиын өткізіп, суға кеткен азаматтар көбейгенін айтты. Оның сөзінше, мемлекеттік органдар тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығы, пансионаттар мен демалыс үйі иелерінің демалушылардың қауіпсіздігіне салдыр-салақ қарауы азаматтардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін себепке айналған. Бұған қоса, қырғыз үкіметінің басшысы жазғы демалыс орындары мен пансионаттарды құтқарушылармен жасақтап, тиісті құрал-жабдықтармен жабдықтауды ұсынды.

Төтенше жағдайлар министрі Нурболот Мирзахмедовтің хабарлауынша, мекеме қазір демалушылардың қауіпсіздігі үшін жауап беретін мамандарды әзірлеп жатыр.

- Ыстықкөл облысында жиыны 300-дей пансионат пен демалыс үйі бар. Бірақ олардың 80-інде ғана арнайы даярлықтан өтіп, тиісті сертификат алған құтқарушылар бар. Қазір алғашқы жәрдем көрсету дағдыларын меңгерген 174 маман даярлап шығардық, - дейді министр.

Нурболот Мирзахмедов, Қырғызстанның төтенше жағдайлар министрі
Нурболот Мирзахмедов, Қырғызстанның төтенше жағдайлар министрі

Премьер-министр судағы қауіпсіздік талаптарын күшейтуді тапсырды, бірақ бұл жауапкершілік кімге жүктелетіні түсініксіз. Мысалы, ТЖ министрінің сөзінше, ол басқаратын ведомство құтқарушылар мен сүңгуірлерді даярлап, үйретуге жауапты. Ал Мемлекеттік экологиялық және техникалық қауіпсіздік инспекциясына қарасты көлік құралдарындағы қауіпсіздік басқармасының бастығы Гүлсада Ибраимованың айтуынша, олардың ведомствосы суда жүзіп жүрген қайық-кемелердің қауіпсіздігіне жауап береді.

- Біздің міндетіміз – суда жүзіп жүрген кеме-қайықтар мен құтқарушы мамандар базаларының техникалық қауіпсіздігін бақылау. Әңгіме бекеттер жайлы, біз олардың ережеге сай болуын тексеруіміз керек. Құтқарушылардың үш базасы ғана тіркелген. Біреуін талапқа сай емес болғандықтан жаптық. Кемелер суда бейберекет жүзіп, азаматтардың өміріне қауіп төндіреді. Біз қатер деңгейіне қарай тексеру жүргіземіз, - дейді Ибраимова.

Бұдан бөлек, құтқарушылардың жетіспеушілігі, су бетінде қалқып тұратын арнайы ескерту белгілерінің жоқтығы және пансионат басшыларының жауапкершілігін күшейту мәселесі де қозғалып отыр. Әріптесіміз Уланбек Егізбаев суға батып кеткен "Акун" пансионаты иесі Чыныбай Турсунбеков "ескерту белгілерін енді орнатпақ".

Жылдыз Бекбаева
Жылдыз Бекбаева

- Ол жерді тексеріп шықты. Жұрттың айтуынша, екі тұсы терең - су асты шұңқырлары бар көрінеді. Ол жерге ескерту белгілері орнатылады. Қайықтар сол жаққа тоқтайды. Шұңқырларды қайықтардың еспе винттері қалақтарын қозғалысқа келтіретін моторлары қазып тастаған болуы керек. Екіншіден, мұндай белгілерді табу да қиын. Қырғызстанға буй (өзен-көлдердің таяз тұстарын көрсету үшін қойылатын белгілер – ред.) әкелмейді. Оларды қолдан жасау керек, - дейді Турсунбеков.

Азаматтық белсенді Жылдыз Бекбаева да демалушыларды құтқару мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі шешілмеген дейді.

- Егер адамдар қараусыз қалған үлкен тоғандарда, өзендерде суға батып кетсе, онда түсінер едік. Демалысқа барған адамдар пансионаттар мен шипажайларға (ал олар коммерциялық нысандар ғой) ақша төлейтіндіктен, қауіпсіздік мәселесіне көңіл бөлу керек. Арнайы бешпент киіп, адамдарға қауіпсіздік ережелерін ескертіп жүрген бір де бір құтқарушы көрмеппін. Кейде суда жақсы жүзетін адамды "құтқарушы" дей салады. Ол құтқарушы мен күзетшінің ғана міндетін атқара алады. Бұлай болмауы тиіс. Соңғы қайғылы оқиға, яғни суға батқан адамға кәсіби деңгейде алғашқы жәрдем көрсете алмау деген тіпті сорақылық. Ұлан сияқты қаншама адам суға батып кетті? – дейді Жылдыз Бекбаева.

Қырғызстан заңдарында егер адам суға батып кетсе, бұған кім жауапты екені ашып жазылмаған.

Қырғызстан заңдарында егер адам суға батып кетсе, бұған кім жауапты екені ашып жазылмаған. Жогорку Кенеш (Қырғызстан парламенті) депутаты Дастан Бекешов мұндай жағдайда пансионаттардың жауапкершілігін қарастыру керек деп санайды.

- Құтқарушылар тапжылмай өз орнында болуы немесе кезекпен жұмыс істеуі тиіс. Пансионаттардың басшылығын қауіпті тұстарды жолақпен белгілеуге заң арқылы міндеттеу керек, - дейді ол.

Қырғызстанда туризмге айрықша көңіл бөлінеді. Билік "туристік саланы барынша дамытуға тырысып жатырмыз" деп мәлімдейді. Бірақ мамандардың сөзінше, қауіпсіздікті қамтамасыз етпей туристер легі ағыла қоюы екіталай. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі үкіметтің тамыздың 3-іне жоспарланған координациялық жиынында қайта талқыланатын болды.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласын Айжан Оралғазина аударды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG