Accessibility links

Қырғызстандағы жаңа бетбұрыс. Орталық Азия басшыларына Жапаров жеңісі қалай әсер етпек?


Садыр Жапаровтың жақтастары сайлау алдында. Бішкек, Қырғызстан, 8 қаңтар 2021 жыл.
Садыр Жапаровтың жақтастары сайлау алдында. Бішкек, Қырғызстан, 8 қаңтар 2021 жыл.

Қырғызстандағы кезектен тыс президент сайлауы мен басқару формасын өзгерту туралы референдум Жапаров билігін заңдастырудың алғашқы қадамы болды. Елдің 10 жылдан кейін басқару формасын өзгертіп, президенттік билікке қайтып оралуы нені білдіреді?

Қырғызстанда 10 қаңтарда өткен президент сайлауы мен басқару формасын өзгерту туралы референдум, президент болып сайланған Садыр Жапаровқа екі есе жеңіс сыйлағандай көрінеді. 17 үміткердің ішінде әуелден бас кандидат ретінде танылған Садыр Жапаров 79 пайыздан аса дауыс жинаса, дауыс берушілердің 80 пайыздан астамы елді парламенттік-президенттік басқарудан президенттік басқаруға көшіруді қолдады. Басқару жүйесін өзгертуді Жапаровтың өзі ұсынған. Ол елдегі парламентаризм дискредитацияға ұшырайды деп санайды.

52 жастағы Жапаров – авторитар басшылары ұзақ жыл билікте отырумен танылған Орталық Азиядағы қазіргі ең жас президент. Алайда аймақта одан жас кезінде президенттікке келген басшылар бар. Мәселен, Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов 49 жасында Түркіменстан президенті болды.

Садыр Жапаровтың жақтасы «Ала-Тоо» алаңындағы жиында. Бішкек, 11 қаңтар 2021 жыл.
Садыр Жапаровтың жақтасы «Ала-Тоо» алаңындағы жиында. Бішкек, 11 қаңтар 2021 жыл.

ДАУЫС БЕРУДЕН ҚОЛДАУШЫСЫ КӨП БЕЛСЕНДІЛІК

Бұл сайлауда сайлаушылар белсенділігінің төмен болғаны назар аудартады. 10 қаңтарда сайлаушылардың 40 пайыздайы ғана дауыс беруге қатысты.

2017 жылғы президент сайлауына қатысқан дауыс берушілер үлесі 56 пайыз болған. 2010 жылғы және 2015 жылғы парламент сайлауына да сайлаушылардың 55 пайыздайы қатысқан. 2011 жылғы президент сайлауына сайлаушылардың 61 пайызы белсенділік көрсетті. Ал 2009 жылғы президент сайлауында 79 пайыздан астам сайлаушы дауыс берген.

Сайлаушылар белсенділігінің төмендегеніне назар аударған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бақылау миссиясы сайлауда кандидаттарға тең жағдай жасалмағанын сынады. Ұйымның есебінше, сайлауда үгіт-насихат процедурасы да бұзылып, әкімшілік ресурсты қолдануға жол берілген.

Осындай жағдайда Садыр Жапаров президент болып сайланды әрі ол жүйені президенттік басқару түріне көшіруге қол жеткізді. Тиісінше, жауапкершілік те сонша ауыр. Қырғыз саясаткері, осы сайлауға кандидат болып түскен Равшан Жээнбековтің айтуынша, Жапаров елде тұрақтылық орнатып, әлеуметтік-экономикалық мәселені шешуде өзіне тонналаған ауыртпалықты қоса жүктеп алды.

ЖАУАПТАН САУАЛЫ КӨП ҚАЙШЫЛЫҚ

Жапаров ұсынған конституцияны өзгерту мәселесі әуелден даулы болды. 4 қазандағы парламент сайлауы нәтижесіне наразылар талабында негізгі заңды өзгерту жайы қозғалмаған. Алайда Садыр Жапаровтың премьер, бұған қоса президент міндетін атқарушы ретінде билікке келуімен бірге жаңа конституция қабылдау да күн тәртібіне қойылды.

Қырғызстанның қолданыстағы конституциясы бойынша, президент қызметін уақытша атқарған адам президент сайлауына қатыса алмайды. Алайда Жапаров бір ай ішінде бұл қызметті парламент спикеріне тапсырып, сайлауға қатысуға мүмкіндік алды.

Уақытша президент пен заңдағы мерзімі аяқталған парламенттің конституциялық реформа ұсынуы да заңға қайшы. Бұл мәселені заңгерлер мен саясаттанушы, саясаткерлер өткір сынаған. Алайда сайлауда Жапаровтың басым дауысқа ие болып, референдумда сайлаушылардың президенттік басқаруды қолдауы конституцияны өзгертуге кеңірек жол ашып бергендей. Дегенмен сайлауда Жапаровтан кейін екінші орын алған Адахан Мадумаров нәтижені мойындамайтынын мәлімдеді.

Дауыс беріп жатқан әжей. Бішкек маңындағы Кой-Таш ауылы, 10 қаңтар 2021 жыл.
Дауыс беріп жатқан әжей. Бішкек маңындағы Кой-Таш ауылы, 10 қаңтар 2021 жыл.

Сайлаудан соң Жапаров жаңа конституция қабылдағанша қолданыстағы негізгі заң күшінде қалатынын айтқан. Ал жаңа конституцияда ескі конституция бойынша сайланған президенттің қызметін жалғастыра беретіні туралы норма қамтылмақ. Сонда қолданыстағы негізгі заң бойынша 6 жыл бір мерзімге сайланған Жапаровтың президенттік мерзімі қайтадан өзгермек. Жаңа конституция жобасында президентті 5 жылдан 2 мерзімге сайлау көзделген. Маусым айына дейін жаңа конституция бойынша тағы референдум, одан кейін сол құжаттың негізінде парламент сайлауы өтпек. Дегенмен Феликс Кулов сияқты тәжірибелі саясаткерлер жаңа конституция қабылданған соң жаңа талапқа сай тағы да президент сайлауы өтуі керек деп есептейді.

Тағы бір қайшылық 2017 жылы 11 жыл 6 айға сотталған Жапаров түрмеден бірден билікке келген соң жоғарғы сот оның ісін қайта қарауға жіберген. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің "құрамында қылмыс болмағандықтан" Жапаровтың ісі тоқтатқаны кейінірек белгілі болды.

Дегенмен көрші елдер Қырғызстандағы сайлау мен рефрендум нәтижесін Жапаровты саяси жағынан ақтаған "шешім" ретінде қабылдады. Алдын-ала сайлау нәтижесі жариялана сала Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев Жапаровты телефонмен құттықтап үлгерді. Артынша Ресей президенті Владимир Путин де оған құттықтау жолдады. Одан соң Жапаровтың президент ретіне алғашқы ресми сапарын Қазақстаннан бастайтыны белгілі болды.

Бірақ Жапаровтың президент болып сайлануымен бірге Қырғызстанның қайтадан президенттік басқаруға көшуі көршілеріне қаншалық әсер етеді, әлде Қырғызстан көршілерінің "ықпалымен" басқару формасын өзгертуге барып отыр ма деген екіұдай сұрақ туады. Кей сарапшылардың айтуынша, Қырғызстан қоғамында көршілес авторитар елдерде саяси тұрақтылық пен тыныштық орнаған деген түсінік қалыптасқан.

Садыр Жапаров сайлауалды науқаны аясында ұйымдастырылған жиынында. Бішкек, 8 қаңтар 2021 жыл.
Садыр Жапаров сайлауалды науқаны аясында ұйымдастырылған жиынында. Бішкек, 8 қаңтар 2021 жыл.

"КӨРШІЛЕР ҮШІН ЖАҒЫМСЫЗ ҮЛГІ"

Қырғызстандық тәуелсіз саяси сарапшы Анар Мұсабаева президент сайлауы мен референдум ішкі процесс болғандықтан, Қырғызстандағы жағдай Орталық Азия елдеріне тікелей әсер етпейді деп есептейді. Айтуынша, аймақтағы әрбір елдің өзіне тән проблемасы жетерлік. Қазір бірінші кезектегі мәселе – пандемия.

– Қырғызстанның сыртқы саясатының бағыты жақын уақытта өзгермейді. Көрші елдердің, әсіресе, ресми биліктің Қырғызстандағы саяси турбуленттік жағдайына қашан да сақтықпен қарайтыны белгілі. Алайда 2005 және 2010 жылдарғы Қырғызстандағы саяси дағдарыспен салыстырғанда [бұл жолы] қырғыз "революцияларының" күтпеген эффектісі жоғалғаны анық. Қырғызстандағы оқиғалар туралы көрші елдерде саяси дискурс қайшылыққа толы болғанымен, "домино" эффектісі (немесе әлеуметтік жарылыс) қорқынышы жоқ. Оның үстіне көрші елдерде Қырғызстан өзінің "революцияларымен" тұрақсыздық, мемлекеттік институттардың әлсіздігі және т. б. жайлар арқылы жағымсыз үлгі ретінде қарастырылып келеді, – дейді Анар Мұсабаева Азаттыққа.

Сарапшы Қырғызстандағы саяси дағдарысты көрші елдердің бұрынғымен салыстырғанда ұстамды бағалағанын байқаған. Анар Мұсабаеваның айтуынша, Орталық Азия елдері Қырғызстанда заңды биліктің орнауына мүдделі. Ал аймақтағы демократияның келешегі өте күрделі болып қала береді.

Таяу уақытта Қырғызстандағы саяси ахуал динамикалық сипатта өрбімек.

– Орталық Азиядағы әрбір ел көп факторға, соның ішінде тарихи факторға да байланысты өз жолымен келе жатыр деп есептеймін. Соңғы жылдары демократиялық дамуға байланысты ғаламдық трендтер де қайшылыққа толы. Бұл процестер де аймақ елдерінің дамуына ықпалын тигізеді. Ал күн тәртібінде парламент сайлауы мен конституциялық реформа тұрғанын ескерсек, қалай болғанда да таяу уақытта Қырғызстандағы саяси ахуал динамикалық сипатта өрбімек, – дейді саяси сарапшы Анар Мұсабаева.

"ЕШҚАНДАЙ ЗАҢ ПРЕЗИДЕНТТІ САҚТАЙ АЛМАЙДЫ"

Қазақстандық cаяси сарапшы Думан Қабдығалиевтің айтуынша, Қырғызстанның 2010 жылға дейін жүріп өткен президенттік басқару формасына оралуы Орталық Азиядағы өзге басшылардың "президенттік автократиялық басқару – бірден-бір дұрыс жол" деген сенімін нығайта түсті. Алайда Қырғызстандағы президенттік басқару формасы Орталық Азияның өзге елдеріндегідей президенттік билікті нығайту, күшейту дегенді білдірмейді.

Қырғыз конституциясын өзгертуге қарсы шеруде "Конституция - ауыстыра салатын желетке емес!" дейтін жазуы бар плакатты ұстап тұрған адам.
Қырғыз конституциясын өзгертуге қарсы шеруде "Конституция - ауыстыра салатын желетке емес!" дейтін жазуы бар плакатты ұстап тұрған адам.

– Себебі біз қырғызстандықтардың менталитетін білеміз. [Басшы] ұнамаған жағдайда халық наразылық білдіріп, биліктің ауысуына себеп болады. Қырғызстан тарихында бірінші және екінші президент Асқар Ақаев пен Құрманбек Бакиев осындай наразылық нәтижесінде биліктен қуылған. Яғни халыққа жақпаған жағдайда ешқандай заң, немесе әрқандай құқық қорғау органы президентті сақтай алмайды. Бұл тұрғыда Қырғызстан халқы Орталық Азияда өзінің белсенділігімен ерекшеленеді. Сондықтан Қырғызстандағы басқару формасының қайтадан президенттік жүйеге көшуі – көбіне заңдарға және заң актілеріне қатысты үрдіс. Президенттік басқаруға көшу халық президентті биліктен аластамайды дегенге кепілдік бермейді. Соңғы сайлау мен референдум жаңа конституция қабылдап, заң жүзінде президенттің өкілетін арттыратын өзгертулерге себеп бола алғанымен, іс барысында көп өзгеріс әкеле қоймайды, – дейді Думан Қабдығалиев Азаттыққа.

"САЯСИ ЭКСПЕРИМЕНТ"

Жапаров Қырғызстанның бүкіл әлеуметтік мәселесін екі-үш жылда шеше салғысы келеді. Бұл тіптен мүмкін емес.

Шетелде тұратын өзбекстандық саяси сарапшы Камолиддин Раббимовтың айтуынша, Қырғызстандағы күздегі билік алмасқан оқиғаны Өзбекстандағы қоғамдық пікір демократия емес, тұрақсыздық көрінісі ретінде қабылдады. Қырғыз қоғамы бұрынғы президент Сооранбай Жээнбековтің мерзімі аяқталуын күте алмады. Ал жаңадан билікке келген Садыр Жапаров популист болып шықты.

– Ол Қырғызстанның бүкіл әлеуметтік мәселесін екі-үш жылда шеше салғысы келеді. Бұл тіптен мүмкін емес. Жапаров орындалмайтын уәделерді беріп отыр. Демократия – мемлекеттік институттар тұрақты жұмыс істесе ғана демократия. Ал Қырғызстан бұл институттардың жоқ екенін, немесе мүлде жұмыс істемейтінін көрсетіп отыр. Мен мұны Қырғызстандағы кезекті жаңа саяси эксперимент деп санаймын, – дейді Камолиддин Раббимов Азаттыққа.

Оның айтуынша, Орталық Азия елдерінде шешімін күткен қордаланып қалған әлеуметтік-экономикалық мәселе жетерлік. Алайда Қырғызстандағы жағдай ерекше. Өйткені басқа елдермен салыстырғанда Қырғызстандағы ахуал тұрақсыз.

– Қырғызстанда әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу үшін әлдебір қоғамдық тәртіпке мәжбүрлейтін авторитар тұлға емес, реформа жүргізуге қабілетті едәуір біріккен элита мен мемлекеттік институттар қажет, – дейді сарапшы Камолиддин Раббимов.

Қырғыз елінде сайлау қалай өтті?

Қырғыз елінде сайлау қалай өтті?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:00 0:00

Ал Орталық Азия бойынша ресейлік сарапшы Андрей Казанцевтің айтуынша, Қырғызстан конституцияны өзгерте салып, бетбұрыс жасауға келмейді. Бұл елде саяси элита, аймақтық топтар және халық дербес әрекетке үйренген. Өзіне бөгет жасайтын жағдайда халық қарсылық көрсетіп, "қолға тас алып" шығады. "Қазір ел ауыр дағдарыста және оған дағдарыс менеджері керек. Жапаров әйтеуір бір мәселелерді шеше алатын, халыққа түсінікті популистік сипаттағы жетекші ретінде қабылданады. Онсыз да ресурс жетпей жатқанда билікті монополиялау жаңа тәртіпсіздік тудырады. Жапаров Ресейден және Қытайдан көмек сұрайды. Халықаралық институттардан да көмек сұрауы мүмкін. Алайда олар Жапаров орындауы қиын демократияландыру мен парламентаризмге қатысты өз талаптарын қоятыны анық" дейді Андрей Казанцев Аазттықтың Қырғыз радиосына берген сұхбатында.

Садыр Жапаровтың инаугурациясы қашан өтетіні әзірге белгісіз. Қырғызстан сайлау комиссиясының басшысы Нұржан Шайлдабекова бұл рәсімнің сайлаудың ресми нәтижесі жарияланған соң бір айдан кейін өткізілетінін айтқан. Ал сайлаудың ресми нәтижесі арыздарды қарастырып болған соң және ықтимал сот процесстерінен кейін жарияланады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG