Accessibility links

Ресейге тауар экспорттау қиындықтары


Қырғызстандағы базарлардың бірі. (Көрнекі сурет)
Қырғызстандағы базарлардың бірі. (Көрнекі сурет)

Кейінгі айда Қырғызстаннан Ресейге апарылған бірнеше тонна жеміс-көкөніс пен сүт өнімдері кері қайтарылды. Мұның себебін «өнімдер кеден одағы талаптарына сай емес» деп түсіндірген.

Қырғызстандық кәсіпкерлер шеккен зиянын есептеп жатыр, ал ауыл шаруашылығына қарасты салалық департамент Қырғызстан өнімдерін Ресейге кіргізуден бас тарту себептерін тексеруге кірісті.

ҰСТАЛҒАН ЖҮК ҚҰЖАТТАРЫН ТЕКСЕРУ

Ресейдің федералдық ветеринарлық және фитосанитарлық қызметінің (Россельхознадзор) Орынбор облысындағы басқармасы 20 тонна сары май апара жатқан жүк көлігін «Сагарчин» кеден бекетінде тоқтатып тастаған. Тексеру кезінде жүктің Калининград облысында сатуға апара жатқаны әрі кеден одағының ветеринарлық заң талаптары бұзылғаны анықталған. Анықталған кемшіліктерді жоюды ескертіп, тауарды кері қайтарған. Бұдан бөлек Новосибирск облысына сату үшін Ресейге апара жатқан 8,5 тонна жүзім, 4 тонна шабдалы, 3 тонна нектарин және 3,6 тонна алхорыны өткізбей қойған. Жемістерге берілген сертификаттар тиісті талаптарға сай болмай шыққан.

Қырғызстан ауыл шаруашылығына қарасты өсімдіктер карантині департаментінің директоры Амангелді Исаевтың хабарлауынша, осы жағдайға байланысты қазір қызметтік тексеру жүріп жатыр.

– Жүкті Ресейге дейін жеткізіп, бірақ мен берген сертификат жарамсыз деп танылса әрі жүкті кері қайтарса, кәсіпкер прокуратура немесе сотқа жүгініп, шығындарын өндіріп алуына болады. Өйткені ол қиналып әрі шығынға батты. Сондықтан мен оның тауарын зертханада дұрыс тексеріп, сертификатты дұрыс толтыруға тиіспін. Бұл жағдайда мен жауапты боламын. Сондықтан Россельхознадзорға хат жолдап, құжаттардың көшірмелерін жіберуді сұрадық. Өйткені құжатты кім бергенін, жүктің иесі кім екенін тексеруге тиіспіз. Тауардың маркировкасын тексереміз. Сертификат жалған болып шығуы да мүмкін. Жуырда бір кәсіпкер бізге осындай факт бойынша жүгінген. Оның жүгін Түркияда ұстап қалыпты. Сондықтан кәсіпкерлер тауарын біздің зертханамызда ғана тексеріп, біздің мамандардан ғана сертификат алуы тиіс. Бұл оқиғаны ақырына дейін тексеріп, жауабын береміз, – дейді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: "ЕАЭО мәселелерін іс жүзінде шешу керек"

ҚЫРҒЫЗСТАН АҚПАРАТТЫҚ ЖҮЙЕГЕ ҚОСЫЛА АЛМАЙ ОТЫР

Бұдан бөлек, Россельхоз өкілдерінің айтуынша, «Аргус» ақпараттық жүйесіне Қырғызстаннан апарыла жатқан жүк туралы Қырғызстаннан электронды ескерту түспеген, ал мұны кеден одағы ережелері талап етеді.

Қырғызстандық кәсіпкерлер шекарада қағазға жазылған құжаттарды көрсетуі тиіс, бұған қоса, елдің тиісті органдары жүктің сертификаттаудан өткені туралы электронды ескерту жолдауы тиіс. Қырғызстан ауыл шаруашылығының өсімдіктер карантині департаментінің директоры Амангелді Исаев «бірыңғай ақпараттық жүйеге қосылуда проблемалар бар» дейді.

– Кәсіпкер бізден сертификат алған кезде мамандарымыз оны ақпараттық жүйеге енгізеді де, жүк бара жатқаны туралы ескерту бірден Ресейге түседі. Әлгі жүйеге қосыламыз. Бірақ әлі қосылған жоқпыз. Компьютерлер сатып алып, мамандарды оқытып, даярлап қойдық, бірақ біраз проблемалар бар. Өйткені «Аргус» бірыңғай жүйесі мен байланыс агенттігі арасында келісім бар. Екеуінің арасында дау туып соттасып жатқандықтан біз электронды жүйеге қосыла алмай отырмыз. Бірақ бұл проблема шешіліп жатыр, – дейді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Ташкент ЕАЭО-ға кіру жоспары жоғын мәлімдеді

«КЕПІЛДІК»

Бірақ тауарын Ресейге экспорттайтын кәсіпкерлер өнімдерін Қырғызстандағы зертханада тексертіп сертификат алғанымен, Ресейде құжаттарға қатысты қиындықтарға тап боламыз деп шағынады.

Ресейдегі тексерушілер ақпараттық жүйеде электронды хабарлама жоқ болғандықтан олардың жүктерін кері қайтарып, кәсіпкерлер соның кесірінен зор шығынға батады.

Жеке кәсіпкер Руслан Тургунбекуулу «жүкті өз күшімен тасымалдауға кедергі жасайтын схемалар пайда болды, ал оған келіспеген экспортерлер шығынға батып жатыр» деп шағынады.

– Жүк тасумен айналысатын карго-компаниялар тауарыңды қымбатқа тасиды. Ал тауарыңды өзің тасысаң, Қырғызстан-Қазақстан шекарасында құжаттарыңның кеден одағы талаптарына сәйкестігін тексеріп, тауарларыңды қарап, өткізіп жібереді. Ал Ресей территориясына кірер кезде ұстап қалып, «заңды бұздың» деген сылтаумен кері қайтарады. Оған жеткізбей, қырғыз-қазақ шекарасынан өткізбей қоюға болады ғой. Бұл жерде әлдебір мемлекетаралық ұйымдасқан топтар бар. Олар тауарды Ресейге қымбат тарифпен таситын фирмалардың қызметін ұсынады. Егер ақшасын төлесең, еш проблемасыз жеткізіп береді. Бірақ қымбат төлегісі келмей, тауарын өз күшімен таситындарды ұстап қалады, сөйтіп олар шығынға батып жатыр, – дейді ол.

Калининград облысына экспортталған 20 тонна сары майды кері қайтару себебін зертханалық талдаулар өнім ветеринарлық талаптарға сәйкес емес екенін анықтады деп түсіндіреді. Ал Қырғызстандағы зертхана «экспортталатын тауардың ұсынылған үлгісі талаптарға сай» деген сертификат берген.

Мемлекеттік ветеринарлық және фитосанитарлық инспекция директорының орынбасары Әшірбай Жүсіпов «талдаулардағы айырмашылықтар фактісі тексеріледі» деп хабарлайды.

Ресей сүт өнімін өндіруші 15 қырғызстандық кәсіпкерді ЕАЭО территориясына кіргізуге құқы бар өндірушілер тізіміне енгізген. Бірақ қырғызстандық ет және сүт өндірушілер әлі ондай рұқсат алмаған.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы

XS
SM
MD
LG