Accessibility links

Өзбек кәсіпкерлері қазақ нарығына кіргендеріне қуанады


Өзбекстандық кәсіпкерлер жасайтын ойыншықтар. Шымкент, Ташкент тауар өндірушілер көрмесі, 12 мамыр 2017 жыл.
Өзбекстандық кәсіпкерлер жасайтын ойыншықтар. Шымкент, Ташкент тауар өндірушілер көрмесі, 12 мамыр 2017 жыл.

Өзбекстан кәсіпкерлері елдің жаңа президенті Шавкат Мирзияев билікке келген соң Қазақстанмен саудаға кеңірек жол ашылады деп үміттенеді. Олардың кейбірі Қазақстанда өнімін бірнеше есе тиімді сататынын айтады. Қазақстандық билік өкілі Өзбекстанмен сауда серіктестігі саясаты басталғанын, бірақ көрші ел өнімдерінен ішкі нарықты әлі де қорғау қажеттігін айтады.

Шавкат Мирзияев билікке келгелі Өзбекстан билігі көрші елдермен қарым-қатынасқа баса назар аудара бастады. Президент болған жарты жыл ішінде ол Қазақстанға екі рет келді. Наурыз айындағы сапарында қазақ-өзбек бизнес форумы өтіп, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев оны «25 жыл бойы өтпеген форум» деп бағалады. Мирзияевтің сәуірдегі сапарында «қазақ-өзбек тауар айналымы екі тараптан да 30 пайыздан астам көбейгені, сауда-саттыққа қойылған кедергілердің жойылып жатқаны» айтылды.

ӨЗБЕКСТАН КӘСІПКЕРЛЕРІНІҢ ҮМІТІ

Саудадағы мұндай өзгерістерге өзбек кәсіпкерлері «қуанышты екендерін» жасырмайды. Мәселен, мамырдың 12-сі мен 13-і аралығында Шымкентте өткен Ташкент тауар өндірушілері көрмесіне келген өзбекстандық кәсіпкер Салохиддин Зайнудинов өнімдерін Қазақстанда бес есе тиімді бағамен өткізетінін айтады.

Өзбекстандық кәсіпкер Салохиддин Зайнудинов. Шымкент, Ташкент тауар өндірушілер көрмесі, 12 мамыр 2017 жыл.
Өзбекстандық кәсіпкер Салохиддин Зайнудинов. Шымкент, Ташкент тауар өндірушілер көрмесі, 12 мамыр 2017 жыл.

- Қытайдан алып, Өзбекстанда сатып жүрдік. Кейіннен заттар қалай жасалатынын зерттеп, бір жыл болды өзіміз өндіре бастадық. Ташкентте сатамыз, Сарыағаш және Шымкент саудагерлерімен жұмыс істейміз. Өзбекстанда баға арзан. Мысалы, біздегі 85 мың сомдық (7 мың теңгедей) кәдесыйды Шымкентте 450 мың сомға (35 мыңнан астам теңге) сатуға болады. Шымкентте көрме өтеді дегенде қуандық. Бұл кәсібімізді дамытуға жаңа мүмкіндік, - дейді кәсіпкер.

Қазақстанмен сауда қатынастары реттеледі деп үміттенетін тек Зайнудиннов емес. Өзбекстанда бағдаршамдар мен жол белгілерін жасайтын Сергей Трахтенберг өнімдерінің «Өзбекстанда ғана сатылып келгенін» айтады. «Экспортты нөл деуге болады» деген кәсіпкер «Мирзияев Қазақстанмен сауданы жақсартады» деп үміттенеді.

Өзбекстан астанасы Ташкент қаласы әкімдігінің өнеркәсіпті дамыту бөлімі басшысы Ольга Ларинаның айтуынша, «Қазақстан мен Өзбекстан сауда қатынастарына екі ел президенттерінің наурыздағы кездесуінен соң жан кіре бастаған. Шымкенттегі тауар өндірушілер көрмесі – соның белгісі».

ВИДЕО: Өзбек тауарларының көрмесі

Өзбек тауарларының көрмесі
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:39 0:00

- Ташкенттегі мың жарымнан аса кәсіпорын жылына 22 триллион сомның өнімін шығарады. Қазақстандық кәсіпкерлермен біріккен 150 кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Ташкенттің сыртқы сауда айналымында Қазақстан үлесі - жеті пайыз. Алда бұл көрсеткіш өсетініне сенеміз, - дейді ол.

САУДАДАҒЫ КЕДЕРГІЛЕР

Шымкенттегі өзбекстандық өнімдер көрмесіне барған Азаттық тілшісі кейбір тауарлар бойынша екі ел саудасында әлі кедергілер бар екенін анықтады. Оңтүстік Қазақстан облысы (ОҚО) әкімдігінің кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Хикматулла Райымбековтің сөзіне қарағанда, саудадағы кедергілердің бір шеті Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей мүше болып отырған Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) барып тіреледі:

- Өзбекстан - ЕАЭО-ға кірмейтін ел. Ортамызда шекара бар, Өзбекстанға кіруге проблемалар бар. Мысалы, ұн, кілем, керамогранит сияқты тауарларды кіргізуге шектеу қойылған. Бұл - саяси мәселе. Екі ел тауар айналымының аздығы проблемасы бір күнде шешілмейді, - дейді ол.

Райымбековтің сөзіне қарағанда, саудадағы бөгеттерден екі ел хабардар - «кедергілер екі үкіметтің келісімдері негізінде қойылған». Оның мәліметінен кей тауарға кедергі болса, кей тауарларға бөгеттер жойылғаны аңғарылады.

- Қазақстан Өзбекстанға, мысалы, май өнімдерін шектеусіз кіргізіп жатыр. Құжаттарыңыз дұрыс болса болды. Түрлі-түсті металл өнімдеріне де шектеу жоқ, - дейді ол.

ОҚО кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының бөлім басшысы Хикматулла Райымбеков. Шымкент, 12 мамыр 2017 жыл.
ОҚО кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының бөлім басшысы Хикматулла Райымбеков. Шымкент, 12 мамыр 2017 жыл.

Райымбековтің сөзінше, Өзбекстанмен сауда серіктестігі саясаты енді ғана жолға қойылып келеді.

- Жаңа саясаты бойынша Өзбекстан мемлекеті ресми түрде серіктестік орнатуға көшті. Бұған дейін біздің [кей] тауарларға кедергілер қойған. Бұл мәселе үкіметтік деңгейде қаралып жатыр, - дейді ол.

Алайда шенеунік Өзбекстанмен еркін саудаға көшудің кейбір қауіптерін ескертеді.

Өзбекстан тауарлары Қазақстан нарығына кірсе, отандық тауар өндірушілерге қауіп бар. Өзбек тауарлары арзан. Қазақстан кәсіпкері тауар сапасымен ұтуы керек болады.

- Өзбекстан тауарлары Қазақстан нарығына кірсе, отандық тауар өндірушілерге қауіп бар. Өзбек тауарлары арзан. Қазақстан кәсіпкері тауар сапасымен ұтуы керек болады. Біз алдымен отандық тауар өндірушілерді қорғауымыз керек. Өзбекстаннан тауар алдыру емес,ол елге тауар шығару жағын ойлау қажет, - дейді шенеунік.

Ал Өзбекстан астанасы Ташкент сауда палатасы басқармасы басшысы Ұлықбек Абдуллаев керісінше еркін сауданы жақтайды. Ол қазіргі тауар айналымы көлемін «қанағаттанарлықсыз» деп бағалайды. Абдуллаевтың айтуынша, наурыз айындағы екі ел президентінің келісімінен соң, Өзбекстанда Қазақстанда кәсіп ашу, бірлесіп жұмыс жасау бағытында жұмыс жанданған. Ол «әсіресе, Қазақстан тарапынан Өзбекстан өндіретін құрылыс материалдарына сұраныс артқаны байқалады» дейді.

- Өзбекстан ЕАЭО-ға кірмесе де Қазақстанмен сауданы арттырғысы келеді. Мысалы, Ташкент пен ОҚО саудасы әлі дамытуды талап етеді. Бүгінгі көрсеткіштер қанағаттандырмайды. Байланыстарды екі есе нығайту керек. Бұл үшін екі ел бес миллиард долларға келісімге отырған. Бастысы – тауар сапасы мен құны халықаралық стандартқа сай болғаны, - дейді Абдуллаев.

Бүгінгі көрсеткіштер қанағаттандырмайды. Байланыстарды екі есе нығайту керек.

Оның сөзіне қарағанда, «2016 жылдың қыркүйек айынан бастап Өзбекстан [Қазақстанмен] еркін сауда аймағына кірген. Қазіргі таңда Қазақстанға қатысты кедендік кедергілер жоқ». Абдуллаевтың дерегінше, «кейінгі екі жылда екі ел арасындағы экономикалық байланыс 40 пайызға өскен. ОҚО-да мыңға жуық өзбек кәсіпкерлері жұмыс істейді. Олар көбіне сауда-саттық, құрылыспен айналысады».

ОҚО әкімдігі мәліметтерінше, 2016 жылдың қорытындысы бойынша, Өзбекстанның Қазақстанмен тауар айналымы көлемі бір жарым миллиард долларға жеткен. Оның 922 миллион долларының тауарын Қазақстан Өзбекстанға жіберсе, қалған соманың өнімін Өзбекстаннан импорттаған. Яғни, импортпен салыстырғанда, экспорт көп. Сауда айналымы былтыр 2015 жылмен салыстырғанда 3,8 пайызға өскен. Осы айналымның 30 пайыздан астамы (532, 4 мың доллар) ОҚО-ға тиесілі». Алайда Қазақстан сыртқы істер министрлігі сайтындағы ақпараттан 2014 жылы қазақ-өзбек тауар айналымының көлемі 2 миллиард доллардан көп болғанын байқауға болады.

Өзбекстан тұңғыш президенті Ислам Каримов өткен жылы қыркүйекте 78 жасында қайтыс болғаннан кейін Шавкат Мирзияев 2016 жылғы желтоқсанда Өзбекстан президенті болып сайланған.

XS
SM
MD
LG