Accessibility links

Асқар Ақаев Бішкекке ұлын жіберді


Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаев. Мәскеу, 2005 жылдың сәуірі.
Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаев. Мәскеу, 2005 жылдың сәуірі.

Елінен 2005 жылы кетіп қалған Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаев Бішкекке ағасын жерлеуге келмеді. Ол орнына баласы Ілім Ақаевты жіберді.

Ағасы Болат Ақаев қайтыс болған күннен бастап қырғыз жұрты «Асқар Ақаев Бішкекке келе ме, келмей ме?» деген сұрақты талқылаумен болды. Қырғызстанның бұрынғы президенті 9 жылдан бері отбасымен бірге Мәскеуде тұрады. Ол 2005 жылы наурызда – «Қызғалдақ» төңкерісі қызған тұста елден қашып кеткен.

Тамыздың 3-і күні 82 жасқа қараған шағында дүниеден өткен Болат Ақаевтың туыстары «Асқар Ақаев ағасын жерлеуге келуі мүмкін» деген еді. Бірақ тамыздың 5-і күні Бішкектегі Алаарша бейітінде Болат Ақаевты жерлеуге Қырғызстанның бұрынғы президенті келген жоқ. Қаралы жиынға Ақаевтың тұсында билікте болған бұрынғы шенеуніктер қатысты.

Тамыздың 5-і күні таңертең Мәскеуден Асқар Ақаевтың орнына оның баласы Ілім Ақаев келді. Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, оны Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Құбанышбек Жұмалиев бастаған бірнеше адам «Манас» әуежайынан күтіп алған.

ВИДЕО: Ақаевтың ұлы Қырғызстанға келді

Ақаевтың ұлы Қырғызстанға келді
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:30 0:00
Жүктеп алу

2005 жылдың наурызындағы үкіметке қарсы наразылық акциялары кезінде биліктен қуылған Қырғызстанның тұңғыш президенті Асқар Ақаев ел президенті болып тұрған кезде экономикалық, саяси және жеке қателіктері үшін Қырғызстан халқынан кешірім сұраған.

Ақаев «Құрманбек Бакиевті премьер-министр қызметіне тағайындауым негізгі қателігім болды» дейді. Президент Ақаевтың орнына келген Құрманбек Бакиев биліктен 2010 жылы қуылған. Қазір Беларусьте тұратын Бакиевті елінде «2010 жылғы сәуір оқиғалары кезінде қаза тапқан жүзден аса адамның өліміне қатысы бар» деп айыптайды.

Қырғызстанда Асқар Ақаевқа қарсы ресми қозғалған қылмыстық істер жоқ. Бірақ 2010 жылғы екінші революциядан кейін елдегі уақытша үкімет «туған халқы мен мемлекетке қарсы әрекеттері» үшін оны қылмыстық жауапкершілікке тартуға шақырған.

Қазір Қырғызстанда Құмтөр кен орнын шетелдік инвестордың басқаруына беру механизмінің заңдылығы тексеріліп жатыр. «Бұл келісімнің шарттары елді кіріптарлыққа душар етіп, Қырғызстан бюджетіне қомақты қаржы түспеген» деген пікірлер айтылады. Ірі алтын кен орнын игеру туралы 1990 жылдардың алғашқы жартысында канадалық фирмамен бекітілген келісім-шартқа Асқар Ақаев басқарған үкімет қол қойған.

XS
SM
MD
LG