Accessibility links

«Келіннің» қызметі бизнеске айналды


Наурыз мерекесі кезінде ұлттық тамақ пісіріп отырған әжелер. Бішкек, 20 наурыз 2017 жыл. (Көрнекі сурет)

Ұлттық статистика комитеті дерегінше, Қырғызстанда 192 мыңнан астам жұмыссыз азамат ресми тіркелген, оның 93 мыңы – жұмыс істеуге қабілетті жастағы әйелдер.

Қырғызстандағы кейі әйелдер жаңа қызмет түрлерін ашып жатыр. Мысалы, «Бір сағаттық келін» немесе «Бір сағаттық жұбай» агенттіктері үй жинап, жуатын қызметтерін ұсынады, ал «Няня.kg» сайты балаға қарайтын қызметкер табуға көмектеседі. Әйелдер жұмыссыздықты қалай жеңіп келеді?

«ТӨРТ БАЛАМА ДА ҚАРАУЫМ КЕРЕК»

Махабат «Лимпио» клининг компаниясында жұмыс істейді. Ол шақырған адамдардың үйіне барып терезесін жуып, үйін жинайды. Күйеуі «қара тізімге» ілініп, жуырда ғана Ресейден оралған. Махабаттың төрт баласы бар, сондықтан өз күшіне ғана сенеді.

Күйеуім жұмыссыз, балаларға қарап үйде отыр. Жұмысым бірде оңай, бірде қиын. Күніне 200 сом табамын.

– Үйге шаршап келіп, бәрібір бала-шағаға ас әзірлейсің, оларды тамақтандыруың керек. Төрт балам бар. Үйде бос жатқанша жұмыс істеген жақсы ғой. Қазір барлық мәселе ақшаның күшімен шешіледі. Мектеп ақша сұрайды. Күйеуім жұмыссыз, балаларға қарап үйде отыр. Жұмысым бірде оңай, бірде қиын. Күніне 200 сом табамын, бірақ жұмыссыз отырғаннан гөрі, тиын-тебен болса да тапқаның дұрыс қой. Әйтпесе кім ақша береді? Үйлерді жинап, жуамын. Мұның алдында базардан жұмыс іздеп көрдім, самса, нан сатуды ұсынғандар болды. Бірақ ол жақта аз төлейді. 50 самса сатсаң 300 сом төлейді. Оны сата аласың ба, сата алмайсың ба – белгісіз, базар аралап сатуың керек, – дейді ол.

Ал Тұмар Бішкек университеттерінің бірінде сырттай оқиды. Ол оқуына қажет және күнделікті жұмсайтын ақшасын бала күтушісі болып жұмыс істеп табады.

Бізді бай адамдар жалдайды. Жұмысыңа ақша төлемей қоятын кездер болады.

– Кеңсе, тұрғын үйлерді жууға шақырады. Бізді бай адамдар жалдайды. Жұмысыңа ақша төлемей қоятын кездер болады. Алғашында біреудің үйін жинауға ұялатынмын. Әйтеуір нәпақамды адал еңбекпен тауып жүрмін, бұл тәніңді сатқаннан жақсы ғой. Жұмыс тапсырыс түсуіне қарай болады, күніне екі-үш үйді жинап, жуамыз. Қыздарға жұмыс көп, бірақ бәрібір сырт келбетіңе қарайды. Біреулері дұрыс жауап бермейді, енді біреулері ақша төлемей қояды. Ақша бүгін бар, ертең жоқ емес пе, ал олар үнемі осылай шалқып өмір сүреміз деп ойлайды. Негізі, бала күтуші болып жұмыс істеген қиын. Балаға бір нәрсе болып қала ма деп қорқасың. Тіпті тырнағы сынып қалса да, шешесі енді не дер екен деп уайымдайсың. Бірде бір ай бойы істеген жұмысымның ақшасын әрең алғанмын. Әлгі үйдің әйелі маған баласын қаратып, үйін, тіпті іш киімдерін де жудырғысы келді. Мен «күң емеспін» дедім де, кетіп қалдым. Олар маған «Біз болмасақ, мұнша ақша таппас едің» деді, – дейді ол.

«ҚОНАҚ КҮТУГЕ ШАҚЫРАДЫ»

Кей қыз-келіншектер жаңа қызмет түрін ұйымдастырып, өздерін асыраудан бөлек өзгелерге де жұмыс тауып береді. Мысалы, «Бір сағаттық келін» немесе «Бір сағаттық жұбай» агенттіктері үй жинап, қонақ күтуге және ас әзірлеуге, ал «Няня.kg» сайтында балаңызға қарайтын адам табуға көмектеседі. Үлкен отбасының келіні Индира Темірқанова «Бір сағаттық келін» агенттігін қалай құрғанын айтып берді.

– Үлкен отбасындағы жалғыз келінмін. Жұмыс істеуге де, үй шаруасына да үлгермеген кездерім болған. Сол кезде егер біреу мына жұмысты істеп берсе, ақша төлер едім деп ойлайтынмын. Әріптесіме ұсындым, ол «туыстар қонаққа келеді, үлгермеймін» деді. Сөйтіп әріптесімнен бастадық. Жарнама бергеннен кейін мұндай қызмет жұрттың көбіне қажет болып шықты, – дейді ол.

Тұрақты клиенттеріміздің саны 97 болды. 3 мың адамға қызмет көрсетіппіз.

Индира енді кәсіпкер. Қазір оның қарамағындағы қыз-келіншектер түрлі шараларда дастархан жаюға көмектеседі, аспаздар көмекке шақырған әйелдің қалауы бойынша ас мәзірін әзірлейді. Индираның сөзінше, олар қонақтардан кейін үйлерді жуып, тазалайды.

– Жуырда ғана біздің қызметімізді пайдаланғандарды санап шыққан едік. Тұрақты клиенттеріміздің саны 97 болып шықты. 3 мың адамға қызмет көрсетіппіз. Көбінесе тойларда қызмет көрсетеміз. Шамамен 24 қызметкеріміз бар. Бізге көбінесе уақыты жоқ немесе баласы көп жұмыс істейтін әйелдер жүгінеді, – дейді ол.

«МЕЙІРІМДІ БАЛА КҮТУШІСІ ҚАЖЕТ»

Қырғызстанда бала күтушісі мен үй қызметшісіне сұраныс біртіндеп өсіп келеді. Сондықтан жұрт үй шаруасымен немесе бала тәрбиесімен айналысу үшін жергілікті қызметкерлерді ғана емес, тіпті шетелден де шақырады. Бұған қоса бала күтушісі жақсы төленетін жұмыстардың біріне айналды. Мысалы, Қырғызстанда баланың тәрбиесімен айналысып, сабағын оқытатын күтушілерге 10 мың сомнан 300 долларға дейін төлейді.

Сенім білдіруге болатын жақсы бала күтушісін немесе үй қызметшісін табу оңай емес. Бала күтушісіне сұраныс көп болғандықтан, Чынар Доолотова «Няня.kg» сайтын ашқан. Оның сөзінше, сайтта бала тәрбиесіне қатысты мәліметтер, қызметкерлердің тәжірибесі және көрсеткен қызметі үшін сұрайтын жалақы мөлшері жайлы жазылады.

– Шынын айтқанда, балаларды жақсы көретін кәсіби білікті, тәжірибелі күтушілер өте аз. Сондықтан осындай сайт ашуды ұйғардық. Бала күтушілердің кейбірі сөзшең болып келеді, кейбіреулерге мұнысы тіпті ұнайды. Мінезі қиын әйелдер бар, ондайлар жұрттың көбіне ұнамайды, оларды шақыруға сескенеді. Әйелдің мінезі биязы болғанын қалайды, – дейді ол.

ЖҰМЫС АУЫР, АҚШАСЫ АЗ

Жуырда омбудсмен институты алты облыста тігін цехтарында сауалнама жүргізіп, «әйелдердің еңбек құқығы қорғалмайды» деп мәлімдеген. Сауалнамаға қатысқан әйелдер «жұмыс ауыр әрі еңбек шартынсыз жұмыс істейміз, демалыс және мереке күндері демалмаймыз» деген. Бұдан бөлек, олардың айтуынша, жұмыс ауыр, ал жалақы мардымсыз. Омбудсмен уәкілі аппаратының отбасындағы зорлық-зомбылық пен гендерлік кемсітушіліктен қорғау бөлімі меңгерушісі Махабат Тұрдумаматованың сөзінше, жуырда парламент омбудсменнің осы мәселеге қатысты есебін тыңдамақ.

​– Зерттеу кезінде көп жайттар ашылды. Мысалы, еңбек шарты бекітілуі тиіс, әйтпесе жұмыста жарақат алып қалса немесе демалыс кезінде әйелдер ақша алмайды, мұны білу керек. Кей әйелдер ақша төлемейді деп шағымданып келеді. Бізге жүгінбейтіндер бар. Бұл проблеманың бір бөлігі ғана. Бұған қарамастан, біз түскен бір шағымның артында он проблема жатқанын білеміз. Сондықтан бірлі-жарым проблема деп санап, оны елеусіз қалдыруға болмайды, – дейді ол.

Қырғызстанда 192 мың 200 жұмыссыз адам ресми тіркелген. Олардың арасында жұмыс істеуге қабілетті жастағы әйелдер ерлерден бір жарым не екі есе көп. БҰҰ-ның соңғы есебінде «халықтың 72 пайызы – үй шаруасындағы жұмыс істеуге қабілетті әйелдер» делінген. Бұған қоса 2014 жылы әйелдер арасындағы кедейшілік деңгейі – 29 пайыз, 2015 жылы 32 пайыз болғаны хабарланған. Құқық қорғаушылар қыз-келіншектерді кәсіпкерлікпен айналысуға үйрете алатын әйелдерді қолдауға шақырады.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG