Accessibility links

Қырғыз билігі Пономаревті елге кіргізуден бас тартты


Виталий Пономарев.
Виталий Пономарев.

Ресейлік құқық қорғаушы Виталий Пономаревті Қырғызстанға кіргізбей жатыр. Оның шекара маңындағы бекетте отырғанына үш күн болды. Қырғызстан мемлекеттік шекара қызметінің шекараны бақылау басқармасы оқиғаны растады, бірақ құқық қорғаушыны Қырғызстанға кіргізбеу туралы шешімнің себептерін айтпайды.

Қырғызстан мемлекеттік шекара қызметінің шекараны бақылау басқармасы бастығы Мирланбек Сарлықбекұлының айтуынша, Қырғызстандағы тиісті мекемелерден ресейлік құқық қорғаушы Виталий Пономаревті Қырғызстанға кіргізбеу туралы бұйрық түскен.

Адам құқықтарын қорғайтын, бас кеңсесін Мәскеуде орналасқан "Мемориал" орталығының басшысы Виталий Пономарев шілденің 9-ы күні шамамен кешкі сағат 18:30-дар кезінде Қазақстаннан Қырғызстанға "Ақжол" кеден бекеті арқылы өтпек болған. Алайда құқық қорғаушыны Қырғызстанға кіргізбеген. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне Пономаревтің өзі хабарлаған.

Қазақстан мен Қырғызстан шекарасы арасындағы пункт.
Қазақстан мен Қырғызстан шекарасы арасындағы пункт.

– Қырғызстанға кірер алдында менің паспортымды тексеріп, шекарашылар оны бір жаққа алып кетті. Біршама уақыттан кейін олар қайтып келіп, менің елге кіре алмайтыным туралы акт тапсырды. Актіде "Мемлекеттік шекара" туралы заңның 43-бабы және "Сыртқы миграция" туралы заңның 7-бабы бойынша маған Қырғызстанға кіруге тыйым салынғанын айтты. Ол шешімді қандай орган қабылдады, қанша мерзімге қабылдады - актіде ондай ештеңе жазылмаған, – дейді Виталий Пономарев.

Бір қызығы - Виталий Пономарев осының алдында ғана, маусымның 29-ы күні, Мәскеуден Қырғызстанға ұшып келіп, шілденің 1-і мен 3-і аралығында өткен экстремизмге қарсы күрес жөніндегі форумға қатысып, шілденің 4-і күні Астанаға ұшып кеткен. Астанаға ұшар алдында оны қырғыз полициясы 50 минуттай ұстап, жібере салған. Бішкекте оның жеке заттары қалған, ол шілденің 10-ы күні Бішкектен Мәскеуге ұшуы тиіс болған.

Азаттықтың Қырғыз қызметі тілшісіне Қырғызстан мемлекеттік шекара қызметінің шекараны бақылау басқармасы бастығы Мирланбек Сарлықбекұлы «Виталий Пономарев Қырғызстан аумағына Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті мен ішкі істер министрлігінің бұйрықтары негізінде кіргізілмеді» деп мәлімдеді.

- Біз бұйрық орындаймыз, оларға қатысты түсініктеме бере алмаймыз. Пономаревті кіргізбеу туралы бұйрықтың қандай себеппен шыққанын тек оның адвокатына ғана айта аламыз, - дейді Мирланбек Сарлықбекұлы.

Ал Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті әзірге қандай да бір түсініктеме бермей отыр.

Кейбір сарапшылар құқық қорғаушыны Қырғызстанға кіргізбеу себебі оның терроризм мен экстремизмге қарсы күрес жөнінде Ыстықкөлде өткен форумда сөйлеген сөздері болуы мүмкін екенін айтады. Пономарев форумда экстремизм туралы істерді тексеру кезінде сараптаманы кейде сауатсыз адамдар жасайтынын айтқан. Форумға қатысқан Айсалқын Қарабаева оның мына сөздерін есіне алып:

Ол Қырғызстанда адамдарды мүфтият пен филологтардың қорытындысын күтпей қамай береді деген пікір айтқан.

- Пономарев "күдікке ілінгендерге қатысты лингвистикалық, филологиялық, теологиялық экспертизалар жасау керек, комиссия шешімі содан кейін ғана шыққаны жөн" деген еді. Ол Қырғызстанда адамдарды мүфтият пен филологтардың қорытындысын күтпей қамай береді деген пікір айтқан. Пономарев мешіт имамдары кейде органдарға кінәсі жоқ адамдарды экстремист ретінде көрсетіп жібереді деген болатын, - деді.

Виталий Пономарев - адам құқықтарын қорғайтын «Мемориал» орталығының Орталық Азиядағы бағдарламасының басшысы.

Құқық қорғаушы бұған дейін, яғни Қырғызстанның экс-президенті Құрманбек Бакиевтің тұсында да кіре алмаған еді. 2009 жылы «Манас» әуежайына ұшып келген оны Қырғызстанға кіргізбеген. Екінші рет Пономаревті Қайыңды теміржол вокзалынан қайтарған болатын. Ол кезде құқық қорғаушы Ош облысының Ноқат, Үзген, Қара-су аудандарында экстремизм күдігімен ұсалған адамдарға қатысты өзінің тәуелсіз зерттеуін жариялаған еді. 2010 жылы Пономаревке елге кіруге қойылған шектеулердің барлығы алынып тасталғаны хабарланған.

БИЛІКТІҢ ЕСКІРГЕН ТӘСІЛДЕРІ

"Ғылым шамы" үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Азиза Абдирасулова "билік бұрынғы тәсілдерін қолданып отыр" деп санайды.

- Бакиев кезінде құқық қорғаушыларды елге кіргізбей қойған кезде қазір билікте отырғандар оппозицияда жүрген еді. Олар Бакиевті сол үшін қатты сынаған. Ең есте қалғаны адам құқықтарын қорғайтын халықаралық Human Rights Watch ұйымы өкілі Мира Ритманды Қырғызстанға кіргізбеу оқиғасы болды. Бұл оқиғалар Freedom House ұйымының Қырғызстанға берген "жартылай еркін" ел деген бағасын растайды, - дейді ол.

Қырғызстан құқық қорғаушылары Пономаревті елге кіргізбеу оқиғасы бойынша омбудсменге хат жолдады. Омбудсмен шешімі әзірге белгісіз.

Қырғыз билігі бұған дейін де бірнеше құқық қорғаушыны елге кіргізбей қойған. 2009 жылы тәжік құқық қорғаушысы Нигина Бахриева “Манас” әуежайынан қайтарылған. Құқық қорғаушы Бахром Хамроев Оштан Мәскеуге экстрадицияланған. 2013 жылы Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті Ресей саясаттанушысы Александр Князевті елге кіргізбей қойған, 2014 жылы өзбек құқық қорғаушысы Уәсила Иноятова Қырғызстанға кіре алмаған.

XS
SM
MD
LG