Accessibility links

Қырғыз ауылында «содырлар отбасын» көшіруді талап етті


Мавлюда Шәріпова «ауылдастарымен табысып, тату өмір сүргісі келетінін» айтады.
Мавлюда Шәріпова «ауылдастарымен табысып, тату өмір сүргісі келетінін» айтады.

Қырғыз ауылының тұрғындары Сириядағы содырлармен байланысы бар деген отбасын «жер аударуды» талап етіп отыр.

Қырғызстанның оңтүстік-батысындағы ауыл тұрғындары жергілікті кеңестен содырларға қосылу үшін Сирияға кетіп қалған жігіттің туыстарын басқа жаққа көшіруді талап етті.

Жалал-Абад облысындағы Қажар ауылының халқы осымен үшінші мәрте «елге қауіп төндіретін» Махмұдовтар әулетін «жер аударуды» сұрап отыр. Мұны Азаттық тілшісіне ауыл белсенділерінің басшысы айтып берді.

Махмұдовтардың бұл ауылдан көшуін талап еткен арызға 150-ге тарта адам қол қойған. Олардың айтуынша, шетелде әскери «дайындықтан» өтіп келген адамдармен бір ауылда тұру қауіпті.

Жергілікті кеңес тұрғындардың бұл талабын сәуірдің 23-і күні талқылайды. Дегенмен билік өкілдері «соттың шешімінсіз ешкімді тұрғылықты жерінен көшіруге қақымыз жоқ» деп отыр.

Жалал-Абад полициясының дерегіне қарағанда, Махмұдовтар отбасының жасы 20-дан асқан, медреседе дәріс алып жүрген бір ұлы «содырларға қосылу үшін» 2015 жылы Сирияға кеткен. Әлі нақтыланбаған ақпарат бойынша, ол Сирияда қаза тапқан.

БАЛАСЫНЫҢ СОҢЫНАН КЕТКЕН ӘКЕ

Жігіттің анасы Мавлюда Шәріпованың айтуынша, 52 жастағы күйеуі Хайрулла Махмұдов баласын іздеп тауып, сонда бірге жұмыс істеу үшін былтыр мамыр айында Түркияға кеткен. «Көршілер біздің ұлымызды іздеп тауып, алып келмек болған әрекетімізге ашуланып отыр» дейді Шәріпова.

Махмұдовтардың Қажардағы үйі.
Махмұдовтардың Қажардағы үйі.

Арада бірнеше ай өткенде екі қызы мен екі немересін ерткен Мавлюданың өзі де күйеуінің соңынан Түркияға ұшқалы тұрғанда Ош халықаралық әуежайында ұсталған.

Ақпарат құралдарының хабарлауына қарағанда, ол артынша бала-шағасымен Мәскеу арқылы қайта ұшып, бәрібір Түркияға жетеді. Алайда Түркия басшылығы оларды Қырғызстанға кері депортациялайды.

Шәріпова былтыр Түркиядан қайтып келген бетте Азаттыққа берген сұхбатында «Күйеуім Түркияға Руслан есімді жолдасымен кеткен. Үш айдан соң Руслан хабарласып, күйеуімнің мені қасына шақырып жатқанын айтты. Руслан маған «бұл – күйеуіңді көретін соңғы мүмкіндігің» деді. Содан қорқып кеттім де, қыздарым мен немерелерімді түгел алып шықтым» деген еді.

Оның айтуынша, ауылға қайтып келген соң күйеуі жағдайының жақсы екенін айтып хат жазған әрі «сыртқа көп шықпа» деп ескерткен.

«КӨШПЕСЕҢДЕР КҮН КӨРСЕТПЕЙМІЗ»

Ал олардың кейбір көршілері көп «жоғалып кете беретін» Махмұдовтар қауіпті терроршылармен жақын араласып жүр деп топшылаған. Жергілікті белсенділердің басшысы Атахан Дәніқұлов Азаттыққа берген сұхбатында

- Түркияда алты ай жаттығудан өтіп келген бұл әулеттің мүшелері біздің жастардың санасын улай ма деп қауіптенеміз, - дейді.

Дегенмен Махмұдовтар отбасының мүшелеріне әлі ешқандай айып тағылмаған. Былтыр желтоқсанда Қажар мен жақын маңдағы тағы екі ауылдың тұрғындары екі рет жиын өткізіп, басшылықтан Махмұдовтар әулетін басқа жаққа көшіруді талап еткен.

Сол кезде Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісімен сұхбаттасқан Мавлюда Шәріпова ауыл тұрғындарының «көшпесеңдер күн көрсетпейміз» деп қоқан-лоқы жасағанын айтқан еді. Ол «ауылдастарымен табысып, тату өмір сүргісі келетінін» білдірген болатын.

Ал Атахан Дәніқұловтың айтуынша, «сәуірге дейін бәрі тыныш болған, тек осы айдың басында Махмұдовтармен әйелдер сөзге келісіп қалған соң, бұл шаңыраққа қатысты ескі әңгіме қайта қоздаған».

Қажар ауылы мен басқа бірнеше елдімекеннің басын қосатын Балтағұлов ауылдық кеңесі тұрғындардың бұл талабын орындау қиын деп отыр.

Балтағұлов айтмақтық кеңесі төрағасы Мамадәлі Парпиевтің айтуынша, соттың шешімі болмайынша, жергілікті кеңес мүшелерінің әлдекімді мәжбүрлеп көшіруге қақысы жоқ. «Мәселені ауыл тұрғындарымен келіссөз жүргізіп шешу керек» дейді ол.

Қырғызстан басшылығының дерегіне сенсек, кейінгі жылдары елдің 500-ге тарта азаматы, соның ішінде 120 әйел Сирия мен Ирактағы қарулы содырлар қатарына қосылған.

Фарангиз Наджибулланың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG